Адам атадан бергі шежіре (8-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Адам ата жер бетіне еніп орналасқаннан кейінгі жердегі өсіп-өнген нәсілдерінің шежіре тарихы
Ал енді кірісемін шежіреге,
Жазды деп жазғыра алмас мұны неге.
Оқуға, өлең десе, әркім әуес
Болсын деп соның үшін жаздым шеге.
Бұзаубай, енді қозғал, өлмей тұрып,
Сүрікті ажал жақын келмей тұрып.
Артыңа атыңды атар қалдыр кеңес,
Кезінде шам-шырағың сөнбей тұрып.
Адамзат жер жүзінде таралғалы,
Топырақтан Адам ата жаралғалы,
Келеді тартысумен ғауам халық
Мағлұмат анық түрде болмады әлі.
Жазады біреу оны, біреу мұны,
Көрінер оқушыға бәрі соны,
Білмеске, «соқыр тауыққа бәрі бидай»,
Білгенге көрініп тұр оң мен солы.
Алайық Орта ғасыр сонан бері,
Тәртіпке қойылмаған тарих жолы.
Зерттеген қай ғасырда ғалымдар бар,
Еңбегі, кітаптар бар қойған қолы.
Ғылыми тарих—Тәурат, Інжіл, Құран да бар,
Білдірген Пайғамбарға Ізім Жаббар.
Пайғамбар хан мен патша қай уақытта
Оқыған Тәурат, Інжіл ғұламалар.
Аристотель, Платон, Сократ хакім
Тауарих кітап жазып қалдырды олар.
Кезіне Орта ғасыр алып келген,
Ғылыми тарих дейміз нағыз бұлар.
Римнің папасына сақталып кеп,
Ғауам халық шіркеуді өртеп, жоқ қылды олар.
Папаның хилаб тауып сөздерінен,
Алауыз адам шығып өздерінен,
Жоқ қылды өзін дағы, бар әрхибін,
Сенбеген табиғатқа көздерінен.
Адамнан бермен қарай жазған тарих
Жоқ қылды мәжусилер отқа жағып.
Кейінгі халық тағы тарих жазды,
Аңыздан, ауыз сөзден жиып алып.
Сүйеніп Тәурат, Інжіл, Құран шәріп,
Ғылыми тарих деді мұны халық.
Ал Орта ғасыр кезінде мұнан кейін,
Көпшілік ауып кетті дінге бейім.
Адамның көп шариғат есін алып,
Келеді сол шырмауда бұған дейін.
Мүсәніп кітап жазып түйе-түйе,
Жүз бөліп, шариғатты жүйе-жүйе.
Бәрінің айтатыны бәрі бір сөз
Әрқайсы бақастықпен әр сөзге ие.
Шындықтың асыл құнын көп сөз бұзар,
Шындыққа жүрек жылып, қаның қызар.
Жалған сөз жалпы ауызға көп кіреді,
Өрісі өтіріктің қайда озар.
Кестесі кемеліне келмесе де,
Кейбіреу артық сөйлеп, ұзақ созар.
Жиреніп оқушы да, тыңдаушы да,
Сөйлеуге ауыз, тыңдауға құлақ тозар.
Ғасырдың жеті-сегіз адамдары,
Сияды тегіс надан деуге бәрі.
Ғылымнан, әдебиеттен хабары жоқ,
Тарихтың сол себепті болмағаны.
Зерттемей сонан бері шығу текті,
Бірнеше ғасыр, бірнеше жылдар өтті.
Сан қилы осы арада өзгеріс боп,
Дәуірі Алты Алаштың келіп жетті.
Хан болып ноғайлы мен қалмақ, қимақ,
Ел демей жүрді жаншып массагеті.
Асырдық төбемізден елең қылмай,
Түбіміз бір деп санап төренікі.
Өрбіген Ақшолпаннан алты халық,
Шамданып шамадан тыс намыс етті.
Ол кезде Ноғайлыдан Әштер хан ед,
Қайтсе де бөлінуді қаулы етті.
Қосылып Шаншар ханмен екі туыс,
Бөлінді, бермейміз деп соғыс етті.
Қобыланды, Мамай батыр Алаш жақ боп,
Талқандап Ноғайлыны, жеңіп шықты.
Ғасырдың он бірінші жарымында,
Алаш бай таққа мініп, хандық етті.
Жетім бала, жесір әйел мың қой айдап,
Рахат сондай тегіс дәуір өтті.
«Бозторғай қой үстіне жұмыртқалап»,
Жайылып қой мен бөрі бірге кетті.
«Алаш, Алаш болғанда, Алаша хан болғанда,
Таңбасыз тай, қой енсіз болғанда»,
Ертеден осы сөзді аңыз етті,
Біріккен жоғарыда алты халық.
«Алаш» деп сонан кейін ұран етті.
Түрік пен өзбек, қырғыз, башқұрт, созақ, қазақ
Білінді туыстығы сол себепті.
Бөлініп сонан кейін ұлтқа жатып,
Дербес өз алдына ел боп кетті.
Кейбірі көшпелі боп, мал өсіріп,
Кейбірі отырықшы егін екті.
Өркендеп өнер-ғылым осы кезде,
Мәдениет, тұрмысқа да қолы жетті.
Тағы өтіп осы арада екі-үш ғасыр
Қазақтың ұлттық дәуірі келіп жетті.