Кіші жүз шежіресі (14-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Табады мұнан артық қандай пайда,
Ат озып Ұлы жүзден алды бәйге.
Бұл сөзге Мәмбет сыншы болды риза,
Бұл сапар екеуінің жолы болған,
Осыны айтып жұрттың бәрі үйден шыққан.
Топ болып жұрттың бәрі үйден шықса,
Озған ат келіп жатыр дізбек-дізбек.
Қосылған Қаракесектен өңшең жүйрік,
Қалған ат көрінбейді түйдек-түйдек.
Әкелген ат жоқ екен сырттан бөлек,
Ат санап, неғылайын етіп ермек.
Аты озған адамдарды көтермелеп,
Мақтаныш құр осындай неге керек?
Аты озған Аңаз аға мәз болып жүр,
Бәзбіреу бәйге ала алмай оқшайып жүр.
Бәзбіреу қалмақтан олжа аламыз [деп]
мақтанып жүр,
Алдында ненің барын Алла білер.
Әйтеке сонан кейін халықты таратты,
Елшілер мың жылқы айдап елге қайтты.
Еліне естігеннің бәрі де айтты,
Орта жүз болды үлкен қуанышта.
Есітіп екі жүздің келе жатқанын,
Білді да, дайындалып күтіп жатты.
Қалмақтан көрген зорлық қатты батты,
Бөлініп оншама көп шарпылмапты.
Кіші жүз аттанбаққа етті талап,
Халық жатыр дайындалып, атын жинап.
Ерлер жүр ел ішінен қару сайлап,
Ат мініп ел ішінен, елден таңдап.
Аттанды Қаракесек батыр Ақбай,
Тайынбай жалғыз өзі жауға шапқан.
Батыр екен жау дегенде тартынбаған,
Мінгені ақ танау ат—өзі жүйрік,
Алдынан қашқан жауды құтқармаған,
Қуалап киік пенен құлан соққан.
Ізінен Ақбай ердің қалмаймыз деп,
Еріпті Есіл, Тобыл бәрі қалмастан,
Келе жатыр жәрдем сұрап Жаббар Хақтан.
Аттанды Қарасақал Абыл батыр,
Адамы үш Қарасақалдың еріп түгел.
Жауына қарсы жүріп келе жатыр,
Ерлері ел ішінде екпіндеп жүр,
Асынып қару-жарақ келе жатыр.
Баубектен аттанды Шарабас,
Жау дегенде жалтақтап,
Жан-жағына қарамас.
Баубектің үш баласы,
Ізіне ерді аралас.
Жамандар жауға жарамас,
Ер болса, елден қала алмас.
Аттанды қырда жатқан Тілеуқабақ,
Ішінде ерлері бар түйген қабақ.
Туыстан Назар, Шүрен бірге жүрді,
Бұлар да қатарынан қалыспай-ақ.
Батыр бар қайтпайтұғын қасқыр жүрек,
Жау десе, қарсы жүрген соған қарап.
Оларды басқаратын Арыстан, Көтібар,
Жауына ту көтеріп атқан садақ.
Айдарбектен аттанды Көнсадақ,
Қаруы қолындағы көн садақ.
Атқанда көн садақты іркілмейді,
Жауына тигізеді түсіріп дақ.
Өтеді атқан оғы қара тастан,
Белінде алмас қылыш, алтын балдақ.
Үстінде сауыты бар жеті қабат,
Ақ иық секілденіп бір мұзбалақ.
Ішінде жасы жеткен—қарты сол-ақ,
Мінген аты—Көкшолақ.
Қаз мойынды, кең құрсақ,
От орындай жалпақ тұяқ.
Жабыдан шыққан жүйрік дейд,
Тең келмейтін арғымақ.
Аттанды Айдарбектен Жәңгісары,
Ер екен кетпеген дұшпанына кек пен ары.
Еріпті төрт айда бес түгел бәрі,
Қатыран, Тәбеке би қасындағы,
Басқарып ел билеген жолдастары.
Аттанды Айдарбектен батыр Тайлақ,
Үстіне киіп көк сауыт,
Асынған алмас қылыш, қару-жарақ,
Мінген аты—ақауыз ат.
Құлан шеке, қиық құлақ,
Қаз мойынды, жалпақ тұяқ,
Жетсін жауға құтқармай-ақ.
Аттанды Есенәліден Ақсары Абылай,
Батыр еді елден шыққан Абылай.
Алатын жаудан арынды-ай,
Еріпті Төртқараның батырлары,
Қасында талай талант, балуандары,
Басқарып келе жатыр би Нұрбай.
Балуаннан аттанды Мыңбай
Астында жүйрік аты бар.
Қару найза, қылыштан,
Одан да алып қасына,
Есеналыға барып қосылған.
Құттықтан аттанды Киікбай,
Батыр екен киелі.
Таудан тауып әкеліп
Астына мінген құланды-ай.
От орындай тұяғы,
Шекеге біткен құлағы-ай.
Қуалап, қамап ұстаған
Далада жүрген құланды-ай.
Теңізден шығып тап болған
Ер Шораның Шұбары-ай.
Әне сондай қарасаң,
Ерлердің ісін сұрасаң,
Бес қаруы бойында
Үстінде сауыт құралған.
Қасында жүр екі ер екінген,
Жалғыз жауға шабатын,
Жан-жағына қараман.
Құрманнан Құттық еріпті,
Батырмын деген адамдар,
Олжа алуға қалып па!