Адам атадан бергі шежіре (28-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Сөзіне шалдың айтқан мейірленіп,
Қырғауыл, таз баланы қоя беріп,
Қоғаны, сауысқанды тауып алып,
Келеді хан алдына шал да еріп.
Рұқсат ап үйлеріне кетті уәзір,
Тапсырған үш жаманды әкеп беріп.
—Сынаймын көп алдында,—деді Ақша хан,—
Келіңдер өздеріңде көзбен көріп.
Орда да ертең түсте ашылады,
Шығармыз әлде неден баға беріп.
Ақша хан жаман шалды алып қалып,
Аспазшы, наубай қартты шақырып ап:
—Көжеге мына шалды тойғыз,—деді,—
Өзіңмен бірге ертіп алып барып.
—Аламын,—деді,—тақсыр, сөзіңді құп,
Көжеге тойғызамын әбден жығып.
Алартып көзін ханға қарады да,
Жаман шал жүре берді үйден шығып.
Наубай шал жаман шалды қонақ қылды,
Кісі еді сөзге жүйрік қызыл тілді.
Бірі сөйлеп, кезекпен бірі тыңдап,
Өткізді ұйықтамастан ұзын түнді.
Күн шығып, айналаға жұрт жиылды,
Маңайдағы ел құлақ естіп, бәрі білді.
Сәске түс шамасында шайын ішіп,
Шалды ертіп, екі уәзір бұ да келді.
Ордаға жұрт жиылып толған шақта,
Ақша хан отыр еді алтын тақта.
Әкелген үш жаманды екі уәзірге
Сөйледі қол көтеріп бір уақытта.
—Үш жаман мен ойлаған әкелмедің,
Сендердің жаман емес әкелгенің.
Құс жаманы—қырғауыл,
Шөп жаманы—сексеуіл еді,
Адам жаманы—таз бала еді,
Оны да ең болмаса әкелмедің.
Уәзірлер, жазалауға тура келдің,
Көзінше дарға тартам тамам елдің.
Сауысқан, қара қоға, бір шал әкеп,
Бұлардың жамандығын қайдан білдің?
Уәзірлер басын шайқап деді ханға:
—Бір зауал төніп тұр ғой шыбын жанға.
Таз бала, шеңгел менен қырғауылды ап,
Кез болдық қой шетінде мына шалға.
Шалға кеп жақындадық сәлем беріп,
Бұл дағы сәлем алды бізді көріп.
«Бұларың немене?» деп сұрады шал
Таз бала, қырғауылдың басын көріп.
Біз айттық бастан-аяқ хан жарлығын,
Келеміз зорға тауып мұны бүгін.
«Жатпайды бұл үшеуі жаман деуге
Дұрысын таппапсыңдар, жарықтығым».
Үшеуін біздің тапқан қоя беріп,
Біліп тұрғандай-ақ іште дертін,
Сауысқан, қара қоға тауып алып:
«Ханыңа апар,—деді,—мені де ертіп».
Бұл шалдың қоя бердік тілін алып,
Сауысқан, қара қоға тауып алып.
Өзінен не себебін сұра, тақсыр,
Берерсіз жазаңызды біліп алып.
—Рас па, қане, шалым, сөйле,—деді,—
Уәзірдің сөзін Ақша қабыл алып.
Сен неге бұл үшеуін қоя бердің,
Бұлардың жамандығын қайдан білдің?
Әгар да дұрыс жауап бере алмасаң,
Орнына уәзірдің сен де өлдің.
Сендің бе біліміңе, түрің мынау,
Алдыма өршеленіп неге келдің?
—Ал айтайын білгенімді тыңда, тақсыр,
Орынсыз ашу, қаһар қылма, тақсыр.
Тыңдасын ордадағы барлық халық,
Ғибрат бар толып жатқан мұнда, тақсыр.
Иә, тақсыр, тапқырлық, қайла мекер
таздан шығар,
Би, батыр көптен емес аздан шығар.
Басы таз, көзі қисық болғандығы—
Күтім жоқ жетімдіктен азған шығар.
Ер жетіп, өсе келе адам болып,
Орнаса таз басына бақыт қонып,
«Сен тазсың, кейін тұр» деп кім айтады,
Болмай ма ақыл асса, ол бір тұнық.
Ал қырғауыл болса да сирағы ұзын,
Бола ма кінәлауға жамсыз жүнін.
Еті адал ашыққанда екі-үш адам
Етеді бір күн қорек жалғыз өзін.
Өмірлік хандық, байлық емес, тақсыр,
Өзің де білер едің, келсе кезің.
Алтауын шіретімен айтып берем,
Тыңдаңыз, біразырақ етіп түзу.
Берсең де нендей жаза ризамын,
Болмаса әгар дұрыс айтқан сөзім.
Ханға лайық бола ма, халық ағасы,
Бар секілді тығыздық бір мінезің.
Сия ма жаман деуге сексеуілді,
Оны отынға жияды халық күллі.
Бір жақсаң, тамақ ысып, үй жылиды,
Сөнбейді шоғы жайнап ұзын түнгі.
Жаманға жатқызбадым соның үшін
Айтыңыз, төрелігі болса мінді.
Сондықтан үшеуінде таста дедім,
Табайын мен жаманды басқа дедім.
Берейін ханыңызға өзім жауап,
Бұл үшін қапаланып, саспа дедім.