Адам атадан бергі шежіре (16-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Күшейіп бұрынғыдан қалмақ елі,
Бармады маңайына ешкім жуып.
Жетінші ғасыр Қалмақ, Қимақ дәуірі боп,
Тазартты қарсы болған жауын қуып.
Хан болып Қалмақ, Қимақ тұра тұрсын,
Автор қарт массагетке бетті бұрсын.
Нәсілін ал Суһалдың таратамын,
Ал бұған не дер екен, көзің көрсін.
Суһалдан Ақшолпан, Ахмар, Оймауыт,
Жәңгір туды,
Ахмардан Моңғол деген бір ұл туды.
Жасынан Моңғол асқан талапты боп,
Ержетіп ғылым, өнер жолын қуды.
Ол кезде өнерлі боп қытай халқы,
Артықша болмаса да сана-салты.
Дін десе, шамшыл аттай шегіншектеп,
Өнерге ұйымдасты түгел, жалпы.
Өнерге аты шықты елден асып,
Әр елге үлгі болды, өнер шашып.
Есітіп бұл секілді Қытай елін,
Үйленбей Моңғол сонда кетті қашып.
Бір бектің барысымен қолында боп,
Достасып, кетті сіңіп, араласып.
Тастады елі-жұртын, ата-анасын,
Сол жақтан бұйырған соң тағам-нәсіп.
Ал Моңғол сол Қытайда он жыл жүріп,
Үйренді әр өнерді көңіл бөліп.
Ол кезде жаңа ашылған түрлі зауыт,
Қайыпты бәрінде болып зерек.
Үйреніп фабриканың әр саласын,
Басқарды басында боп кетті билеп.
Қытайдың мұны біліп басшылары,
Сыртынан күңкілдесіп жүрді күндеп.
Жансыз боп ішімізге кіріп алып,
Анықтап елдің жайын алды біліп.
Осыдан еліне аман қайтып барса,
Түседі арамызға үлкен бүлік.
Өлтіріп, жоқ қылуда өз апасын,
Тұрандар тұра шабар туын іліп.
«Онан да басын шырмап жібермейік,
Қыз беріп, бала қылып, үйлендіріп».
Бәрі де осы ақылды мақұлдасты,
Табылмас мұнан артық ақыл десті.
Бір күні басшылардың бірі қалмай,
Ханның кеп сарайына басын қосты.
Шақыртып Моңғолды хан ордаға алып,
Өңшең бек, сардарлар ортаға алып.
Хан көпке көтеріп қол, сөз бастады:
—Ойымда бір мақсат бар жүрген алып.
Бұрыс ба, бұл қиялым әлде теріс,
Әуелі өтпекшімін көпке салып.
Жалғыз қыз Гүлбаршынға үйлендіріп,
Моңғолды бала етпекпін қолыма алып.
Бір жерге енші беріп бек қоямын,
Қазынадан қаржы бөліп, қала салып.
Осыған отырған көп, не айтасыз,
Жиналған әйел, еркек, барлық халық.
Мақсатым—ойымдағы осы менің,
Болар деп балам болып, досым менің.
Сұраңдар, не дер екен Моңғол бұған,
Қолынан риза болса берсін сенім.
Моңғол да Гүлбаршынмен бірге оқып,
Бірге істеп, фабрикада мата тоқып,
Қауіп етіп қосыла алмай жалғыз өзі,
Ғашық боп жүруші еді, соңын күтіп.
—Рахмет мұныңызға, алдияр хан,
Аламын шын жүректен сөзіңді құп.
Ішінде бұл Моңғолдың жалғыз басым,
Жүрмегей біреулер көзім шұқып.
Оғыз хан—туған атам, Тұран—елім,
Оғыз Орда, Сауранда өскен жерім.
Болам деп өмірі бақи айта алмаймын,
Сіздердің теріс емес дегендерің.
Сіздерге қайда жүрсем қас болмаймын,
Ол үшін ант арқылы беремін сенім.
Сенсең бер, Гүлбаршынды қабыл етем,
Сіздерге айтатыным осы менің.
Риза боп бұл сөзіне отырған көп,
Хан дағы қабыл алды бек мақұл деп.
Адамға туып өскен елі қымбат,
Моңғолдың бұл айтқаны орынды деп.
—Қосамын Гүлбаршынды не де болса,
Жұрт айтар «атын ойлап, қорынды» деп.
Отырып тақ үстінде қол көтерді,
—Жамағат, қорытыңдар, не дейсің,—деп.
Шақырды Гүлбаршынды және тағы,
Бар еді арнап салған сарай, бағы.
Өзінің ғұрпынша неке оқытып,
Той жасап, шақырды елін маңайдағы.
Той қылып қырық күндей, ат шаптырып,
Көкбөрі, балуан күрес, жамбы аттырып,
Бата алды келген көптен балаларына,
Сый-сипат беріп көпті тарқаттырып.
—Ал, Моңғол, сен де менің бір баламсың,
Өзіңе не істесең, бердім еркің.
Бек қойды өз алдына мемлекет қып,
Байқады солтүстік жақ бетін беріп.
Болса да түбі—Тұран, Моңғол жастан,
Қытайға сіңіп кетіп бала жастан.
Моңғолдың нәсілінен өңкей батыр шығып,
Одан Шыңғыс хан туды жұрттан асқан.