Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кіші жүз шежіресі (18-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Ұрысты жігерленіп жеделдетті-ай,
Үш батыр басын қосып сол арада-ай.
Қиратып көп қалмақты желдей есті-ай,
Тұрғызбай талайының басын кесті-ай,
Қуалап қалмақтарды биікке шықса-ай.
Жүр екен араласып Тілеуқабақ,
Баратыр қалмақтарды топтап айдап,
Мысалы қойға тиген қасқырдайын.

Батыр Арыстан және Көнсадақ,
Қалмақты жан-жақтан қуалап атар.
Бетіне оқ тиген соң түсіп дақ
Қойып еді Төртқараның төрт батырын.

Тұрсын деп Әйтекені қарауылдап,
Тұрыпты Әйтекені бұлар қорғап.
Әйтекеге амандықты тілеп отыр,
«Иә, Алла, жар бола көр» деп Хаққа жылап.

Шүмекейден ұрысып жүрген Жәнібек-ті,
Қарқындап қайтпай келед жаудан беті.
Еркін ер ерегесіп екпіндетті,
Қалмақтың талайының басын кесті.

Шүмекейде Арғынбай,
Батыр екен Тарғындай.
Қалмақты қуалап шауып жүр,
Жапырып көк шалғындай.
Шүмекейде Ұбаттай,
Көзін салад қияға-ай.
Қалмақты қайырып қуып жүр,
Жібермей шетке далаға-ай.
Қуып жүріп сабады-ай,
Жеткеннің басын шабады-ай.

Аңаз менен Елемес,
Олар да бұдан кем емес.
Қалмаққа салды төбелес,
Егескен жерде ерлігі,
Дұшпанына кегін жібермес.

Көреді бір қапталда Байдың ұлын,
Қалмаққа салып жүрген қызыл қырғын.
Бар екен ортасында батыр Сырым,
Қалмақты қуалап жүр бұлың-бұлың.

Ұрысып жүр Кіші жүздің Арғымағы,
Бар еді оларда да ер саңлағы.
Екпіндеп шауып жүрген ерлері бар,
Жерлерді тозаңдатты ат тұяғы.

Қалмақты қуып шаншып, тозаңдатты,
Аспанға шығып жатыр жер шаңдағы,
Қалмақты қашырыпты ол маңдағы.
Айғайлап келе жатыр батыр Сәрке,
Құтқармай қалмақтарды алдындағы.

Бір хабар Орта жүзден, Ұлы жүзден,
Олар да бір тайпасын қуып кеткен.
Кегі бар ел есебі ол өшіккен,
Шын ерлер бар екпіндеген,
Өлтіріп, талайының басын кескен.
Қалмақты бөліп-бөліп қуалап кеткен,
Өшіккен дұшпанынан кегін алып,
Қалмақтың осыменен ісі біткен.

Басылды зауал ауа енді соғыс,
Істеген істерінде болмай кеміс.
Ерлердің қайтып келді бәрі тегіс,
Мінеки, қазақта болды жеңіс.

Ерлердің көрінеді бәрі де аман,
Қазақтан өлген адам бар, жараланған.
Сонымен ұрыс бітіп, тамамдалған,
Қалмақтан кеткен қазақ кегін алған.

Төле би Қазыбекпен қосып басын,
Екеуі Әйтекеге келіп тұрып,
Айтады біріне-бірі армандарын.
Қалмақтың елін шауып кек алғансын,
Бітіріп ойына алған жұмыстарын.

Тынығып бір азғантай демалғансын,
Ерлермен ел жақсысы ізіне ерген.
Сартай «Мен Қорен қалмақты көрем» деген.
Таудай боп жатыр қалмақ кісенделген,
Ер еді барлық қалмақ елі сенген.
Қалмақты қамалап тұр ылғи қазақ.
Қасқыр бет қалмақ екен, қалың қабақ,
Алты қойдың терісінен киген тымақ.

Көрсетті ер қайратын көп халыққа,
Күшіне ердің еткен кеуілі пісіп,
Үш жүз боп Сартайға берді баға.
Білген соң әділділік, даналығын,
Билік беріп үш жүзге етті аға,
Бақ қонып, би болды ағалыққа.

Қалмақтан келген олжа, мал-мүлікті,
Үш жүзге бөліп береді сыбаға.
Ер Сартай айтты: «Билікті бұл араға,
Бөлінбейді келген олжа ешбір жанға,
Иншалла абыройсыз емес халық,
Шүкірлік етпейміз бе берген баққа.

«Ер олжасы тапқан жерде қалады» деген,
Берілсін бүлінген ел—Орта жүзге.
Қалмақты қазақ шапты деген атақ,
Болмай ма, сол олжа да сіз бен бізге?

Олжаға жаудан келген көзің сүзбе,
Бұл қалмақ жау болмайд деп күдер үзбе.
Қыз алсаң құтты болсын өзіңізге,
Қайырлы келін болсын елімізге,
Келмейік мұнан артық бөтен сөзге.
Жау жеңген қуанышты кеуілменен,
Қайтайық енді тарап елімізге».

—Ерлер мен ел жақсысы мақұл, деді,
Айтқаны би ағаңның ақыл, деді.
Қоренді қолға түскен өлтір, деді,
Бітеді елдің кегі сонда, деді.
Болмаса Қазыбекке құлдыққа бер,
Құл жұмсап елдің кегін алсын,—деді.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз