Адам атадан бергі шежіре (17-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Бір кезде қазақпенен көрші болып,
Ел болдық мал-жанымыз араласқан.
Түбіміз Тұран, Оғыз хан атамыз деп,
Жері жоқ бұған дейін қарсыласқан.
Атақты «Хамсул ағла» кітабынан,
Шежіре, өлең етіп жаздырып дастан,
Ғалымның Мұхаммед Жарир еңбегі еді,
Көргенді жаздым теріп, қалдырмастан.
Еуропа, Азияны түгел шолып,
Кезінен Орта ғасыр үлес қосқан.
Ол кітап бұл уақытта қайдан жүрсін,
Құр да емес, қолымда аздап нұсқам.
Моңғолды осыменен қоя тұрып,
Кейінгі Ақшолпанға бетті бұрып,
Шіреті келген кезде сөйленеді,
Шыңғыстың дәуірінен хандық құрып.
Осыны ұғыңдар, еске сақтап,
Шешіңдер қарт автордың еңбегін ақтап.
Келемін жоғарыдан төмен қарай,
Білгенді тұжырым етіп, нақтап.
Кейінде ұлтқа бөліп жатқызамын,
Азияда Тұран елін жатқан қаптап.
Еңбегі қарияның жанар еді,
Үрдісін Қазақстан тапсақ мақтап.
Есбай ханнан мәлімет
Есбай хан қазақтың ортаншы баласы Асанның Уәлихан нәсілінен жетінші, сегізінші ұрпағынан шығады. Оның әкесінің есімін толық айтқан шежірені өзім көргенім жоқ. Бірақ Есбай әйгілі хан болғанын халық аузындағы аңыз-әңгіме растайды. Он жетінші ғасырдың орта кезіне Тауке ханмен бір дәуірде болғандығын анықтайтын аңыз-әңгіме бар. Соған сүйеніп аздап сөйлейін.
Сөйлейін біразырақ Есбай ханды,
Бұ дағы уақытында болған даңды.
Орнатып Кіші жүзге бейбітшілік,
Хүкім қып, қолына ұстап әділ заңды.
Әйелді төмен ұстау бұл қалай деп,
Бір күні тақта отырып ойына алды.
«Әйелсіз қара басты жалғыз еркек,
Ие боп ұстар ма еді дүние-малды.
Баланы тудыратын, өсіретін,
Ерлерің әйел жайлы есіретін.
Көктетпай ұрсаң дағы, ұрыссаң дағы,
Көнтері мінезі бар кеміретін.
Әйелдің еш мүшеден кемдігі жоқ,
Не үшін ерлерменен теңдігі жоқ.
Әйел бар ақылы артық, ерден басы,
Қазақтың бұл ісінің жөндігі жоқ».
Есбай хан осылай деп қиялданды,
Бір күні уәзір, бегін жиып алды.
—Осындай бір ойым бар, не дейсіздер,—
Мақсатын айтып көпке ақыл салды.
—Ханеке, бұл ойыңыз орынды,—деп,
Бәрі де бір ауыздан қабыл алды.
Есбай хан ослайша дегендігін,
Барлық ел қоластында разыланды.
Бар екен бір шаһарда білімді шал,
Барлығын жалғыз қызы хабарланды.
Жіберіп екі бірдей бас уәзірін,
Сынауға қыз ақылын жаншы салды.
Екі уәзір шалдың үйін тауып алып,
—Бұл үйде кім бар?—деді айғай салып.
—Келеміз алыс жолдан, жолаушымыз,
Кетер ек рұқсат болса, ат шалдырып.
Кір жуып абайсызда отырған қыз,
Кенеттен естіп дауыс сасып қалып,
Жамылып бір шапанды шыға келіп:
—Құлақсыздың күні құрсын,—деді налып.
—Үйде ме әкең қайда,—деді бектер,
Қыз жүзін көре алмай тұр асыл бектер.
—Әкем семізді арыққа айырбастау үшін,
Кетіп еді ерте тұрып, болды көптер.
—Әкең бүгін келе ме үйге қайтып,
Бізге дұрыс жауап бер, шыныңды айтып.
Егер келсе, біздерге мал соя ма,
Мал соймаса, кетеміз елге қайтып.
—Екі жол бар,—қыз айтты,—әкем кеткен,
Біреуі алыс, бірі жақын осы бетпен.
Егер түссе жақын жолға, ертең келіп,
Алыс жолға түссе, болар ед бүгін жеткен.
Әкем келсе мал тауып, союы анық,
Соймайды деп кетпеңдер ойға қалып.
Тапса біреу, таппаса екеу сояды,
Қашаннан әкемізде сондай қалып.
—Олай болса қонуға ұрықсат па,
Орын бар ма байлайтын мына екі атқа?
—Біреуің қысқа, біреуің жазға байла,—деп,
Қолымен ишараттап екі жаққа.
Қыз үйге соны айтты да жүре берді,
Мына қыз таңдандырды уәзірлерді.
«Бұл қыздың есі дұрыс емес шығар,
Бұл сөзбен бізге нені түсіндірді».
Аттарын матастырып байлады да,
Екі бек есік ашып үйге кірді.
Сыпырып үйдің ішін, киім киіп,
Дайындап жатыр екен төсек-төрді.