Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адам атадан бергі шежіре (35-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Шақырып уәзірлерін ақылдасты,
Бәрі де патша сөзін мақұлдасты.
Жаздырып хатшысына рұқсатнама
Қол қойып аяғына, мөрін басты.

Хорезм қарамағын аралауға
Таратып бектеріне бұйрық шашты.
Мақсатын ойындағы орындатып,
Патшаның аяғына қойды басты.

Атаның әруағына риза болып,
Қамығып, қуанышты төкті жасты.
«Бұл Баршоқ таптан асқан ер екен» деп
Отырған уәзір, бектер разыласты.

Бұйрығын патша берген қолына алып,
Қалтаға орамалға орап салып,
«Әзірше қош болыңдар,—деді,—көпке,
Керуенді қуантайын,—деді,—барып.—
Көрерсің қолдан келген бар мәзірді
Келерміз бір жетіде қайта оралып».
Риза боп сөзіне де, өзіне де
Отырған қала берді жұрт таңданып.

Жіберді жолдаcын керуеніне
Туған ел, ағаларда өзі қалып.
Тапсырды саудагер мен көпестерге,
Сол жерден бір түйе алтын бөліп алып.

—Қамқа тон, қалы кілем, жанат ішік,
Ішіне қымбат бұйым және салып,
Бұрылмай басқа жаққа және жүріп,
Сәулетпен Үргенішке жүрсін барып.
Ақнарға аруаналап кілем жауып
Сыйлығын патшаға берсін барып.

Салыңдар базарға мал сонан кейін,
Байлығын, қытай елін көрсін халық.
Қаланы сонан кейін аралармыз,
Тәуірін қалсын,—деді,—бұлар алып.

Хорезм риза болды халықтары
«Қытайдың жақсы екен,—деп,—қалыптары».
Ақ нарды аруана алтын артқан
Сыйлады саудагерлер алып бәрі.

Патша да алғыс айтып, қонақ етті,
Көпестер бойын жазды онан әрі.
Үргеніш қаласында бес күн жатып,
Өткізді тауарларын тең-тең жары.

Мұнан соң Тәшкен, Бұхар аралады,
Самарқан Ақсу, Қоқан саралады.
Сататын сатып, аларын алып болды,
Бұл жолы Индияға бара алмады.

Баршоқ та ағалармен амандасты,
Құшақтап бетін сүйіп, мауқын басты.
Аралап дос-жар, ілік ағайынды
Біразын көрді қария-қаршық, замандасты.

Асықпай Баршоқ батыр бір ай жатып,
Қызыққа замандастар қалды батып.
Кемпір-шал көп жаса деп бата беріп
Шақырған талай үйдің дәмін татып.

Жалынды қайтып кел деп ағалары,
Мөңке мен Төбей бидей даналары.
Сейілхан, Жайылхан да өлген екен,
Бар екен екі бірдей аналары.

—Көпшілік, қайтып кел деп қолқа салма,
Сол жақтан ризықты жазды Алла.
Халқым бар еріп барған, бағып жатқан,
Оларды тастамаймын, болам сонда.

Және де Қарлұқ, Хакас қарауында
Оралып отыр қазір ісім оңға.
«Жаққан жерді тастама» деген нақыл,
Келеді аңыз болып бұрын-соңда.

Сіздерден сұрайтыным, өкпелеме,
Рұқсат бер, жатпады көпке деме.
Керуенім бар елімнен ертіп келген,
Қалдырды сөзімізді текке деме.

Жүрем деп ерте тұрып бел байлады,
Халыққа келмейтінін абайлады.
Үстіне асыл киім, қымбат аттан,
Пісіріп азық-түлік даярлады.

Жымиған түрікпеннің тұлпарынан,
Жетекке арғымақтан ат сайлады.
«Енді біз көрмейміз,—деп,—мұнан былай»
Құшақтап екі шеше зар жылады.

Зарына қариялардың жұрт қамығып,
Еріксіз көздерінен жас сорғалады.
Шай ішіп, ерте тұрып кетті жүріп,
Қосақтап қос тұлпарды кетті мініп.
Кештетіп Үргенішке келіп жетті,
Араға Арыспенен үш күн жүріп.

Хорезм қақпасынан ішке кірді,
Ақ шатыр тауып алды керуендерді.
Шуласып, шұрқырасып қалды бәрі
Көрген соң аман-есен Баршоқ ерді.

«Аралап Хорезмнің шаһарларын,
Саудамыз есе жарым пайда берді,—
Деп бәрін бастан аяқ баяндады,—
Көрмедік мұндай бұрын серуендерді.
Білдірді ел мен шахқа ризалығын:
«Пайдадан басқа бізде жоқ еш шығын.
Отырмыз келеді деп сізді күтіп
Даярмыз, жүрем десең күнің бұрын».

—Жарайды, олай болса, азаматтар,
Жоқ болса бөтен шығын, жаманаттар.
Нәрсені қолдан сатып, қолдан алсаң,
Бар болса пайдаларың қанағаттар.

Мақсатың осы емес пе шыққан елден,
Көрмесең еш жамандық біздің елден.
Барыңдар риза болып елдеріңе,
Қызмет осы біздің қолдан келген.

Тағы оқыңыз