Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адам атадан бергі шежіре (10-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Шақырып ұл мен қызын тегіс жиды,
Риза боп көнгеніне неке қиды.
Батырлау Қабыл деген үлкен ұлы
Бөліске риза болмай басын тыйды.

Қабылмен бірге туған Ақлима—қыздың аты,
Артықша өзі сұлу, салтанатты.
Себебі көнбеуінің көңлі сонда
Қалмаған ғашық болып бейтағаты.

Қабылға жедел туған Әбіл екен,
Ақлима соған қосу әділ екен.
«Құрбан шал Алла үшін,—дейді атасы,—
Қайсыңдікі қабыл болса болад некең».

Бір қошқар Әбіл барып байлады әкеп,
Ол һәман малшы—қойды бағады екен.
Бір десте Қабыл әкеп бидай қойды,
Суарма бидай егіп, салады екен.

Ол кезде көріне кеп бір алтын құс
Құрбандық үстіне кеп қонады екен.
Құрбаны қабыл болса кімде-кімнің,
Түк қалмай сол орнында жанады екен.

Болмаса құрбандығы егер қабыл,
Құс қонбай, сол орнында қалады екен.
Осындай хикметті көзбен көріп,
Ісі деп бір Алланың нанады екен.

«Сол үшін ата салтты—құрбан шал,—деп,
Кімдікі қабыл болса, Ақлиманы ал,—деп,—
Болмаса егер қабыл құрбандығы,
Риза боп Ақлимадан мақрұм қал»,—деп.

Әбілдің құрбандығы қабыл болды,
Күйеуі Ақлиманың Әбіл болды.
Көнбеді сондағы риза болып,
Қабылдың дұшпандығы мәлім болды.

Әбілді аңдып жүріп өлтіреді,
Қылышпен шауып ажал келтіреді.
Арқалап Ақлиманы алып қашты,
Бет алды құла түзге тентіреді.

Әбілдің сүйегін де қапқа салып,
Арқалап оны дағы жүрді алып.
Тамақ жоқ, су таба алмай сахарада,
Отырды бір күндерде шаршап-талып.

Исрапыл Мекайылмен екеуіне
Бар еді Рахман, Рахым Жаббар Халық.
Қабылдың қарсы алдында тастады кеп,
Екеуі екі қарға болып барып.

Қарғаның көз алдында біреуі өлді,
Тірісі көмді оны жерді қазып.
Сүйтті де екі қарға ұшып кетті,
Таң қалды екеуіне ғажаптанып.

Әуелде атасына ғасы болды,
Береді теріс бата жайып қолды.
Қарғадан жерді тырнаған тәжірибе алып,
Қабір ғып Әбілді енді қазып, қойды.

Ең әуелі ажал осы қылыш жүрген,
Қалған сөз бұрынғыдан бірге-бірден.
Құранда осылайша айтылған деп,
Естідім көп оқыған ғалымдардан.

Келерміз бергі жерге ақырындап,
Сөзімді келтірейін алыс жерден.
Сонан кейін неше мың жылдар өтіп,
Халайық өніп-өсіп кеткен керден.

Ыдырыс, Шеш, Һут, Салық—пайғамбарлар
Үндеді бұйрығына Хақтың берген.
Бұларды ұрып-соғып ренжітті,
Аз болды ислами дінге кірген.
Адамнан санағанда оныншы ата
Дүниеге Нұх пайғамбар деген келген.

Қабыл мен Ақлима хикаясы

Бастағы Ақлима мен Қабыл жайын,
Азырақ білгенімше баяндайын.
Жоламай атасынан қашық барып,
Йеменнен салды орын, мекен-жайын.

Үй қылып, жерді қазып, тасты қалап,
Ол кезде не табылад тұрған дайын.
Аң аулап, балық аулап қорек етті,
Үйреніп шаруашылық жыл-жыл сайын.

Ақлима жалғыздықтан жылады зар,
«Жаратқан бұл ғаламды, Пәруардигар,
Айрылып ата-анамнан тентіредім,
Мұншама қандай менің жазығым бар.

Көретін күн бола ма ата-анамды,
Бірге өскен кішкенеден бауырларды.
Бермесен өзің жәрдем, Дадир Мәулан,
Шерменде дүниеде мен бір мұңлы».

Осылай жылауменен бір жыл өтті,
Көз жасын Хақ Тағала қабыл етті.
«Жетерсің асықпасаң, мұратыңа»
Деп солай ұйқысында аян етті.

Түс көріп, бұрынғыдан көңілі сергіп,
Қабылмен ойнап-күліп сауық етті.
Ақыры сол сауықтың етке талғап,
Бойына Ақлиманың бала бітті.
Басы сол, жыл-жыл сайын егіз тауып,
Балалары бір жүз жылда мыңға жетті.

Мың жылда нәсілдері он мың болып,
Мемлекет, өз алдына ел боп кетті.
Шаһар боп, шіркеу салып, бұтпұрсант боп,
Йеменде осы Қабыл мекен етті.

Ақыры Нұх пайғамбар топанында,
Һаммасы осылардың жоқ боп кетті.
Табри-тауарихтан алты бармақ,
Көргенім осылайша, бұ да бітті.

Тағы оқыңыз