Адам атадан бергі шежіре (12-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Көтерген Пайғамбарды ғажам халқы,
Аянбай әр соғыста ұран салып.
Жазамын енді сөзбен шежіресін,
Отырмын өлеңменен шаршап-талып.
Екінші, босқа сөйлеу неге керек,
Дәлелді көрсетпесе сөзді толық.
Бір талай машақатқа түсіп кеттім,
Жарар ед қабылдаса жолым болып.
Жазамын өлең емес, сөзбен тарих,
Схема айнадай-ақ болар жарық.
Осы жерден Сам нәсілін тоқтатамын,
Қосамын сол тарихқа алып барып.
Нұхтың үшінші баласы Япыстың нәсілдері сөйленеді
Жазамын енді үшінші баласын да,
Тыңдаушым, бұған құлақ саласың ба?
Бұл өзі көптен шатақ шежіре еді,
Көп болар бұл туралы таласың да.
Нұхтың үшінші ұлы Япыс еді,
Бұл екі батадан да халас еді.
Басқарған Пайғамбардың шаруалығын
Ғылымнан хабары жоқ топас еді.
Бір күні шақырып ап Нұх пайғамбар:
«Айтатын өсиетім бар былай,—дейді.
Алланың аманатын берген күні,
Қолыңнан сен қоярсың мені,—дейді.
Нәсілің сенің дағы аз болмайды,
Жатармын желеп-жебеп сені,—дейді.
Әзиә, Әприқаның аралығы
Орталық болсын көштің жөні,—дейді.
Орал тау, Тянь-Шань, Шудың бойы,
Қайнаған жердің шұрай кені,—дейді.
Түбінде сол жерлерге бақыт орнап,
Болмайды ешнәрседен кемі,—дейді.
Нық ұста, нәсіліңді тәрбиелеп,
Болмасын көрінгеннің жемі»,—дейді.
Япысқа айтты осындай өсиетін,
Білдіріп Пайғамбарлы қасиетін.
«Ие бол нәсіліңе, өнер үйрет,
Білімге кім де болса бас иетін».
Мұнан соң марқұм болды Пайғамбарым,
Шақырып Япыс, Сам мен жанның бәрін.
Шығарып жаназасын, Сам өзі оқып,
Орындап өсиет қып айтқандарын,
Сонда екен ата-анасы, бабалары,
Йеменге қояды екен қайтқандарын.
Тоғыз жүз елу жылда жерге қойды,
Оқытып кәлам шәріп, көп мал сойды.
Балалы әйел алып болып қалған,
Япыс та бұрынғының бәрін қойды.
Балаларын үйлендіріп, қызын беріп,
Бет бұрып, шаруаға зейін қойды.
Түзеліп шаруасы жыл-жыл сайын,
Тастады жауыз пиғыл, жаман ойды.
Біреу жазады Япыстың бар бес ұлы,
Біреу жазады бар еді деп сегіз ұлы.
Аттарын өздерінше атап жазған,
Үйлесіп бір-біріне келмейді жөні.
Шәкәрім Тобықты, Тарғын, Құдайберген
Зерттеген көрінеді әңгімені.
Әбілғазы Рашиди нәжіп Ғасімбекке
Сүйеніп жазған екен шежірені.
Бұл шатас сол уақыттан болған екен,
Шығады салыстырсаң артық-кемі.
Аралас бытыстырып жаза берген
Ғайсадан бұрынғы деп көштің жөні.
Ол дәуір, өткен өмір түс секілді,
Дерек жоқ ол туралы біледі нені.
Ол түгіл он төрт-он бес ғасырлардың
Шеше алмай әлі жүрміз әңгімені.
Өзінше кітап жазып, «таптық» деп жүр,
Қисынға келмесе де сөздің дені.
Ренжіп жүрмеңіздер сөз арасын
Екен деп қыңыр сөзді шал деп мені.
Аннастың тарихи шежіресі
Келейін енді аяңдап Аннасыма,
Мәліктің соңына ерген баласына.
Қызмет қып Пайғамбарға жүре берді,
Мекендеп Мәдинаның қаласында.
Орындап әкесінің өсиетін,
Пайғамбар көзбен көріп қасиетін.
Дайын боп ертеңгі-кеш қызметіне,
Аударды ықыласпен бар ниетін.
Болыпты шын сүйікті сахабасы,
Түсіпті Пайғамбардың ықыласы.
Береді ықыласымен ақ батасын,
Өседі ұзамай-ақ мал мен басы.
Тақуа, өзі сопы, дінге берік,
Қуанды дәулет-парыз бәрін көріп.
Хақ Расул сәт етіп, бата берді,
Сахарауи жер алып, жата берді.
Көбейіп мал мен басы жерге сыймай,
Бет алып оңтүстікке тарта берді.
Осы жерде кіргіземін түсікті,
Беремін кейінірек бөліп жүкті.
Пайғамбар Мәдинаға әжратына,
Бір мың да шамасында төрт жүз жыл өтті.
Сүйеніп Пайғамбардың қасиетіне,
Көп кітап мүстахилдар таупиқ етті.
Орта ғасыр кезінен бермен қарай,
Өркендеп ғылым тарих бізге жетті.
Ертеден осы Аннасты көп айтады,
Тарихта сол кездегі нұсқа халық.
Осыған осы кезде жоламайды,
Пәміні берген жерден қысқа қалып.