Адам атадан бергі шежіре (22-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Бұл тарих сіздердің де міндетіңіз,
Сонарды көптен түскен інді етіңіз.
Таптық деп көп іздеген қазақ тегін,
Жар салып халайыққа үнді етіңіз.
«Әр халық шығу тегін білсін» деген,
Бұл уәжіп—Пайғамбардан сүндетіміз.
Кітап оқып, шығарыңдар тасқа басып,
Оқысын көксегендер мауқын басып.
Автордың картішкесі алда тұр
Мен дағы жасарармын көңілім тасып.
Осымен сөзім тамам, шырақтарым,
Жібердім хатқа салып сұрақтарың.
Атібет көп ұзатпай қайтарыңдар
Қорытынды ұйғарымды сынап бәрің.
Қазақ шежіресі
Ал енді бет бұрамын қазағыма,
Мойындап не көрсем де азабына.
Кейбіреу жерден шыққан жетімдей ғып,
Тұра алман шатастырған мазағына.
Бастайын шежіресін қазақ халқым,
Ешкімнен кем түспеген сана-салтым.
Үлгісі мәдениеттің бәрі бізде,
Мыңғырған мал, сап-сары жерім алтын.
Қашаннан еңбек ері атам қазақ
Досқа адал қызметім, жүзім жарқын.
Сәбеттің социалистік дәуірінде,
Байқалып тұрған жоқ па қандай халім.
Алатау, Алматыдай жерің бар ма,
Арғындай атышулы ерің бар ма?
Алаш хан—алты атаның арыстаны,
Тексіз деп айтатұғын орның бар ма?
Аяз би, Жиренше, Мөңке—ол да қазақ
Ақылмен шыққан талай түспей орға.
Асан қайғы, әулие Қорқыт—бұ да қазақ
Қабірі Қармақшыда Қызылорда.
Майқы би, Қодан тайшы, әз Жәнібек
Мағұлым Алтай, Сібір, Орынборға.
Үйсін Төле, қаракесек Қазыбек, Әйтеке алшын
Тең басқан төрт аяғы бірдей жорға.
Үлгісі сөз өнері бізден шыққан,
Сақтаулы қазына көп жатқан қорда.
Би де көп, батыр да көп, шешен де көп,
Үш жүзде сүрінбейтін қазған орға.
Кейбіреу қорғалақтап сөз жазады,
Алғандай қайыршылап сұрап зорға.
Теңдікке қазақ қолы жетпегендей,
Басынан жақсы дәуір өтпегендей.
Бақташы ханның бәрін моңғол дейді
Хандыққа қазақ, сірә, өтпегендей.
Сөзінің байқағанға ажары жоқ,
Базарлап өтірікпен септегендей.
Айтайын хан болғанды бастан-аяқ,
Тізбектеп көрсетейін тастамай-ақ.
Өзінде әдебиет, мәдениет қазақ елі
Басқа елге тіркестіріп жастамай-ақ.
Шежіре тарихтың бір парасы,
Әркімнің алуан түрлі көзқарасы.
Аламан, Асан, Қыпшақ деп айтылар
Қазақтың болған екен үш баласы.
Қыпшақтан екі ұл туды Қара, Дәшті,
Қарадан Есімсейіт, Мұнан, Тоқтарбай.
Мұнаннан Қобыланды жаннан асты,
Одан кейін Бөгенбай ұрық шашты.
Қазақтың тарихын кірмей тұрып,
Кейінгі ұрпақтарға түсіндіріп.
Әдебиет, жайынан мәдениет,
Азырақ сөз қозғайын бетті бұрып.
Қазақтың шықты өзінен барлық өнер,
Өрімші, қол шебері, ұста, шебер.
Үйірін қысырақтың матап беріп,
Буынды бай-бағландар алтын кәмер.
Көк сауыр тоқым, көпшік, күміс әбзел,
Ат мінді мырза, бектер алтындап ер.
Әйелге лайықты түрлі тағым
Бәрі де нақыштаған алтын мен зер.
Байлаған шашта шолпы, омырауда алқа,
Сылдырап қоса өзімен рең берер.
Құлақта алтын сырға, қолда балдақ,
Әйелге өте ұнамды ажар берер.
Жөңкіліп жын көшкендей ас пен тойда
Тең жарымы басқа киіп сәукелелер.
Ұстаған кенересі лағыл-гауһар
Адамның көзін тартып, көңлін бөлер.
Күлім көз, оймақ ауыз, бұраң белдер
Ішінде жүр жөңкіліп әлденелер.
Жігіттің сұхбаттасқан сырттандары
Ғашығын көріп көзбен атой берер.
Мәдениет айта берсем таусылмайды,
Бұл емей мәдениет, неменелер.
Осыны білсе дағы айта алмайды,
Сөйлейді кей тарихшы әлденелер.
Бір сөзді өтірікпен он құбылтып
Толтырып том жазуға сондай шебер.
Әдебиет көрінбей ме айтыстардан
Мәдениет көрінбей ме ас пен тойдан.
Қыз Жібек, Төлеген де куә емес пе,
Көрсетіп көз алдыңда кінә қойған.
Жоқ болса бұрын мұндай мәдениет,
Бола ма шығаруға құрғақ ойдан.
Байлықта пар болатын халық бар ма,
Ұстаған миллиондап жылқы, қойдан.
Қазақтай қонақасы кім береді
Қисап жоқ малдарына қонаққа сойған.
Мақтайды орыс, қытай, өзбек, татар
Мәз болып ет, қымызға бір күн тойған.