Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адам атадан бергі шежіре (33-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Қытайдың сол уақытта Хан Киу ханы
Азиямен араласу бар арманы.
Отырар, Сауран, Сайрам, Түркістанды
Билейтін Хорезмнің ұлы ханы.

Қабылдап исламның шариғатын,
Салдырған мешіт, зәулім медресені.
Мысыр, Шам, Бағдат пенен Басарадан,
Келтірді арабтардан ғұламаны.

Он екі ел қарап Мұхаммедке
Дәуірлеп құт-береке, баста бағы.
«Пар келер маған қазір ешкім жоқ» деп,
Деміне нанның бықсып тұрған шағы.

Баршоқ ер елден кеткен жас кезінде,
Ғасырдың он екінші соң кезінде.
Әбілғазы, Қадырғали ғалымдардың
Тарихы екеуінің бар сөзінде.
Дос екен Алаш ханмен аталары,
Бір екен ынтымақ пен баталары.
Еститін Алаштан тақ тайғандығын,
Мұхаммед Дешті ұйықтап жата алмады.

Барластың Күреде бір мықты орны,
Бер деуге хандықты оған бата алмады.
Не пайда іс өткен соң, өкінуден,
Ертерек хабарласып, ат салмады.

Естіді Баршоқ елден кеткендігін,
Айрылып туған елден ара жігін.
Қалдым деп қапияда қолға түспей,
Бір жерге бек қоятын күні бүгін.

Баршоқты жас кезінде көрген екен,
Кетпейтін ұсынғаны мерген екен.
Барғанда Алаш ханға сәлем бере,
Бір сұңқар қызылбалақ берген екен.

Саятшы серуенде сейіл құрып,
Қызығын Мұхаммед те көрген екен.
Өзің өлсең, орныңды осы бассын,
Тағыңа ие болар деген екен.

Мойнына айтқан сөзін қарыз көріп,
Ұмытпай сонан бері жүреді екен.
Баршоқ та есіне алып осыларды,
Білетін атасының досы бар-ды.

Сағынып елі-жұрті ағаларын
Бір күні қиялына осыны алды.
«Кеп болып мұнда келіп, ұтқаным жоқ,
Қайтемін енді сақтап намыс-арды.
Алдымнан ешкім шығып қақбас,—деді,—
Басшы боп алып барсам қытайларды».
Деп ойлап тәуекелге белді байлап,
Қытайға мұнан кейін хабар берді.

«Барамын Азияға керуенді ертіп,
Жүретін дайындасын мал мен жанды».
Қуанды мұны естіп саудагерлер
Тауарын буып-түйіп тез қамданды.

Арттырып асыл, құнды қазыналар,
Керуенін хан дайындап жолға салды.
Бекеттің бектерінің саудегерін
Баршоққа ханның өзі алып барды.

«Шықтың,—деп,—Баршоқ батыр біздің ойдан,
Мақсатты қайдан білдің алға қойған.
Қытайдың мақтау шенін әкеп тақты,
Әрқашан айрылма,—деп,—абыройдан.

Ал, мынау, алып келген керуендерің
Қайырлы болсын сапар, серуендерің».
Хатшысын қасындағы қосып берді,
«Не дейді жазып отыр көргендерін».

Қоштасып жолға салды керуендерді,
Хан дағы, қара дағы қала берді.
«Осының айтқанымен жүріңдер» деп,
Басшы қып сайлап берді Баршоқ ерді.

Керуен тартты жолмен қоңыраулатып,
Көрінді тамашалап таңырқатып.
Үдере таңсәріден көшкен керуен,
Бір суға түсте келді таңырқатып.
Танысты Баршоқ пенен саудагерлер,
Шақырып құрметтеді бір күн жатып.

Бұл жерден тағы тартты ерте көшіп,
Алдынан таң самалы желдер есіп.
Келеді саудагерлер әрнені ойлап,
Болар деп алдымыздан қандай нәсіп.

Тянь-Шань таудаларына жақындады,
Алтайдың тауларынан он күн көшіп.
Бір судың бойына кеп еру болды,
Керуендер кеңеседі басын қосып.
Қорқыныш кеуделерін кетті кернеп,
Алдыда жау жоқ па деп жүрген тосып.

—Айтатын сөзіміз бар,—деді,—сізге,
Баршоқ ер, ақылдасып өзіңізге.
Хабарсыз, рұқсатсыз біз келеміз,
Зор қауіп кіріп отыр көңілімізге.

Жатар ек осы арада аз ғана күн,
Сіз барып хабарлассаң еліңізге.
Сонан соң рұқсат болса, аралармыз
Амандық, саулық берсе денімізге.

Баршоқ та келе жатқан осыны ойлап,
Кірсек деп Жетісуға еркін бойлап.
—Бұларың өте дұрыс мақұл,—деді,—
Осында дем алыңдар күліп-ойнап.

Жанына он шақты адам жолдас алып,
Қоржынға жеткілікті азық салып.
Деген бар «Жау жоқ деме, жар астында»,
Ішінен қару-жарақ байлап алып.
Тұратын бір-біреуі он кісілік
Жігіттен батыр, палуан сайлап алып.
Үш қонып, төртіншіге суыт жүріп
Хорезм шаһарына жетті барып.
Қорғанның сыртындағы суға түсіп,
Тынығып, жатты он күн демін алып.

Тағы оқыңыз