Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адам атадан бергі шежіре (38-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Кеңесіп Өзбек, Қазақ, Созақ елі
Ауырып мұнысына қатты белі,
Қазақтан Қотан, өзбектен Әбілқайыр
Елбасы, ақылшысы кемеңгері.

Екеуі басын қосып кеңеседі,
Салмақтап ныспын ақырын кеңеседі.
Сыналып талай топта көзге түскен,
Сөз қосып, ешкім былай демес еді.

Шыңғыс хан тірісінде біздің елді
Тапсырып үлкен ұлы Жошы берді.
Кез болып, көлденеңнен ие болып,
Шағатай бар қызығын осы көрді.
Бұлардың көріп тұрмыз мәні-жайын,
Салғаны бүліншілік елге уайым.
Алдынан шығар халық болмаған соң
Үйретіп бара жатыр жыл-жыл сайын.

Атадан Моңғол туған біз де тудық,
Жаратқан бізді дағы бір Құдайым.
Біз дағы қатардағы елдің бірі
Қамдансақ не дегеннің бәрі дайын.

Бөлініп Өзбек, Қазақ екі ханға
Қотан би деді осылай менің ойым.
Әбілқайыр деді: «Би, сөзің мақұл
Сізден артық кім бізге береді ақыл.
Алдымен халықпен басқа салық
Бұл істен хабары бар бәрі ғапыл.

Әуелі жиып алып ру басын
Қалдырмай ес білетін кәрі-жасын.
Көзбе-көз көңілдегі сырды айтып,
Алайық мақұлдасып уәдесін.

Уағда оңайлықпен берем демес,
Бұл жылда салмай қалмас мал мен басын.
Жете ме екі ханға ел мен қаржы,
Қорытынды сонан әрі кейін болсын.

Биеке, ойлап ұтқан меніңше ақыл
Егер де сіз ұнатып десең мақұл.
Алайық күшті қосып бір хандықты
Олардан керек емес болу ғапыл.

Орнығып, халықты алсақ бауыр басып,
Халықтың жиып алып басын қосып.
Екіге сонан кейін бөлінерміз,
Барады екеуімізден қайда асып».
Әбіқайыр танба деп айтқанынан
Қотан би қол алысты уағдаласып.
Сол жерде қолын жайып дұға қылды:
«Иә, Алла, бұл ниетті ет,—деп,—нәсіп».

Қорытып ақылдарын екі көсем,
Барды үйге кешкелетіп аман-есен.
Елегізіп келмейді деп отыр екен,
Қарсы алды алдан шығып Қамқа шешен.

Баласы Дайырқожа белін шешіп,
Үстіне отырғызды бөстек төсеп.
Жайласып отырған соң тура қарап,
Сұрасты бәйбішемен аман-есен.

Мұнан соң тысқа шығып, дәрет алып,
Оқыды қайтып келіп кіші бесін.
Ас қойды алуан түрлі дастарқанға,
«Ықтияр өзіңізде қайсысын жесең».
Әбілқайыр үйіне о да барды,
Бәйбішесі деді: «Би, келдің бе сен?»

Сыналған сынан өтіп бәйбішелер,
Іс өткен бастарынан әлденелер.
Бұл сырды бастан-аяқ білген еді,
Сұрасты не болды деп әңгімелер.

Екі би ақылдасып қорытқанын,
Біржола екі ханнан қорыққанын.
Көрелік артын бағып ақырындап,
Сескеніп көкжалдардан қорыққанын.

Қалдырмай екеуі де айтты сырын,
Ешқандай жасырмайтын мұнан бұрын.
Ақылы жамалына бәрі сәйкес
Сөйлессе кетіреді көңіл кірін.
Басында не сөйледі, аяғы не,
Баяндап айтып берді бірін-бірін.
Ұнатып екеуі де «Мақұл,—деді,—
Бұларың өте дұрыс, жарықтығым».

Көсемдер тамақ ішіп, жатып қалды,
Бозторғай шырылдады таң да атып.
Шай ішіп, ерте тұрып намаз оқып,
Ерттетіп жылқышыға ат ойнатып.

Екі би екеуі де атқа мініп,
Жақындап бір-біріне келді төніп.
Әбілқайыр жас еді Қотан биден
Қол алды, сәлем берді жақын келіп.

Сәлемін ақсақал би қабыл алды,
Сұрасып амандығын жан мен малды.
Саулатып қара жолмен келе жатыр,
Қалың ел баратыны ендігі алды.

Екеуі бара жатып ақылдасып:
«Бұл жолдан Ноғайбай бай емес қашық.
Қара шаңырақ Сапианның шыққан үйі,
Барамыз әруақ тастап қайда адасып».

Ол кезде халық ұлтқа жараған шақ,
Аралас Қоңырат, Қыпшақ, Найман, Өзбек.
Аулына Ноғайбайдың барды тура,
Қарсы алды алдарынан жайып құшақ.

Жөнелді қошеметтеп үйге қарай,
Қосшылар қала берді атын тұсап.
Бай бұйырды ту бие әкелуге,
Союшы дайындалды қайрап пышақ.
Әйелдер алас ұрып әбігерде,
Даярлап су мен шелек, қазан-ошақ.
Бие әкеп, қой орнына домаланды,
Қойсын ба машықтанған өңкей қасап.

Тағы оқыңыз