Адам атадан бергі шежіре (11-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Нұхтан басталатын тарихтың желісі
Ал енді Нұхтың дәуірінен баяндайық,
Сөйлесін қадари-қал Жайлаубаев.
Өтініш, оқушым да, тыңдаушым да,
Түсініп оқыңыздар сөзді байып.
Бұл өзі әшкере емес, көмескі із,
Бар болса кемшілігі етпес айып.
Нұхтың пайғамбарлық заманында,
Халықтың өскен түгел аманында,
Көнбепті пайғамбардың айтқанына,
Болмапты мұсылмандық амалында.
Өзінің әулетімен санағанда,
Сексен бір адам бопты жанабында.
Қорлыққа, бейнетке де шыдай берді,
Орындау Хақ бұйрығын талабында.
Ақыры болмаған соң күдер үзді,
«Құтқар,—деп нала қылды,—Алла бізді».
Қабыл ғып Хақ Тағала хабарлады,
«Туумен толтырамын ой мен түзді.
Кеме ғып керегіңді даярлаңыз,
Сақтармыз сау-саламат,—дейді,—сізді».
Қаптады ұзамай-ақ енді топан
Алтайдан кеме мініп суда жүзді.
Топанда ғарық болды барлық халық,
Кітапта осы сөздің барлығы анық.
Топан су алты айдан соң қайта болды,
Тоқтады кеме Жидда тауға барып.
Қалыпты Нұх нәби әулетімен,
Басқасы өліп қапты ашып-арып.
Нұхты екінші Адам ата дейміз
Сондықтан айта аламыз ауыз барып.
Нұхтың Хам, Сам, Япыс—үш ұлынан
Осыдан өсіп-өнді кейінгі барлық халық.
Жер бетінде қаншама ұлт болса дағы,
Нұхтың расталды бәрі де анық.
Ит, мысық, қарлығаш, жылан, доңыз, тышқан—
Топанға осылардың бәрі куә,
Оқысаң тауарихтан хабар алып.
Үш ұлын шама-қадар таратайын,
Нұхтың өзі болды аяқталып.
Бірінші баласы
Хам нәсілі болады зәңгі халық,
Хабишләр, жанжын, деллан көп жерді алып.
Көбісі Әмерикә мен Әфриқада,
Әсуад негр дейтұғын қара халық.
Бәдәуи шейх қапты Хам—нәсілі,
Әрқайсы өз алдына дара халық.
Ертеде атасынан қарғыс алған,
Жатқанда Нұх пайғамбар ұйықтап қалып.
Көрініп әуреті ашылыпты,
Бір құйын шайтан бастап тура келіп.
Кетіпті жапырағын жамылдырмай,
Хам көріп әуретін сақ-сақ күліп.
Сам көріп, жүгіріп кеп жапты перде,
Оянды Нұх пайғамбар бәрін біліп.
Береді Хамға бата теріс жайып,
Атаға бала күлу—үлкен айып.
«Лағынет сен секілді қарабетке,
Шайтанға серік болдың жолдан тайып.
Өзің де, нәсілің де қарабет бол,
Бұл батам ниетіңнен бергенім сол.
Кейінгі нәсілің де оңбайды екен,
Балаға ата қалпы—мирасқор жол».
Сонымен нәсілдері қара болды,
Батасы Пайғамбардың сара болды.
Мекендеп Әзианың солтүстігін,
Бөлініп бірнеше ұлтқа хан болды.
Берер еді ақ батасын Самға арнап,
Жоғары көтеріп қол басын ырғап.
Тапсырып істің артын бір Аллаға,
Әулие-әнбиенің бәрін жалғап.
«Бір Алла пазылымен жарылқасын,
Аяусыз берсін түгел мал мен басын.
Әнбие-әулиенің атасы бол,
Ізгілер нәсіліңнен көп тарасын.
Падиша, хан мен сұлтан, халифалар,
Бұл сенің нәсіліңнен көбі болар.
Араптан ақырзаман пайғамбары
Мұхаммед Мекке Алла орны болар.
Өмір сүр ұзақ жасап,—деді атасы,—
Басыңа, балам, сенің бақыт қонар».
Осылай Нұх пайғамбар берді бата,
Отырды әмин деп Сам да ұната.
Ақыры айтқанының бәрі болды,
Сөзінде Пайғамбардың болмас қата.
Ал Нұхтың ортаншы ұлы келсем Самға,
Арап, ғажам, рұм, парсы—туып һәмма.
Өрбіген осылардың түп атасы
Сол кезде кіндік болып исламға.
Нұх атам топаннан соң екі жүз жыл
Пайғамбар болып тұрды барлық жанға.
Алланың сүйер досты нұр Мұхаммед,
Ақыры тұтқа болар исламға.
—Бұл сенің нәсіліңнен болады,—деп,
Айтыпты қайтарында сонда Самға.
Исмағұл—нәсілі, араб Ысқақтан Уәйіс, Жақып,
Он екі ата бәни израил боп қосылады Ибраһимге.
Белгілі Әзиәда ғажам-ғараб,
Туыс боп өмір сүрген бірге қалап.
Ғажамнан өрбіген жан ғажап болған,
Көбісі сахабаның сонан анық.