Кіші жүз шежіресі (13-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Осындай қиын жерлерде,
Ер Тайыр атын шығарды,
Би намыстан ұялады.
Қазыбек сасып жүргенде,
Қалай қарап жатады?
Халық қорғаған заман еді,
Дұшпанына қылмаспын құрмет.
Қазақты қалмақ шапты деп,
Күлмей ме сырттан бөтен, жат—
Өзбек, ноғай, қара сарт.
Кіші жүз боп қалмаққа,
Аттанамыз мініп ат.
Әйтеке осыны айтып мінді атқа,
Кім таласады Алла берген ықпал баққа?
Астына мінген жорға Ақтанкері,
Лайық, міне, осындай асыл затқа.
Ырғалып ат үстінде келе жатыр,
Отырған патшалардай алтын таққа.
Күтіп отырған жетіп келді көп халыққа,
Әр елден адам бар еді аталықта.
Керім би кешігіп, келмеген соң,
Бәйге атты жатыр еді шығармаққа.
Әйтеке көпке келіп мынаны айтты,
Дегендей: «Бәйге аттарды жібер айдап,
Көріп келдім,—деді,—қонақжайлап».
Екі елші екі жүзден келген екен,
Себеппен біздің елдер жүзден айдап.
Орта жүзді қалмақ шауып жатыр екен,
Келіпті Кіші жүзден көмек сұрап.
Ағайынға қалмақ шапқан болса,
Біз қалай отырамыз тыныш қарап,
Бұл сөзге не дейсіңдер, жиылған көп?
Бәрің де қосылыпсың басты құрап,
Отырған ерлер де бар халық қорғап.
Аттанып қалмақ қазаққа,
Жау болатын себебі—
Тамадан шығып еді Шора
Теңізден шығып тап болған,
Атына мінген Шұбар ат.
Атадан батыр ұл туса,
Тап болады тұлпар жаланған.
Жалғыз шауып қалмаққа,
Тарқаған еді құмардан.
Еділ, Жайық жайлаған,
Тама екен ел одан.
Көп емес онша шамалы,
Жетіру екен бір одан.
Ел болған соң ішінде
Бір ақсақал бар еді,
Халила деген қарт екен.
Ел билеген адаммен,
Қыпшақтан шығып Қобыланды,
Қияттан шығып Қараман,
Қалмақтың шауып елдерін,
Жылқысын қуып айдаған.
Өлтіріп талай ерлерін,
Әйел-баласы жылаған.
Таңдап алып сұлуын,
Халқын топтап айдаған.
Солардың салған ылаңы,
Жау тастап кетті артына.
Олар Орта жүзде ер еді,
Зәбірі тиіп халқына
Атадан артық ұл туса,
Атаның кегін іздейтін,
Бұрыннан қалған салт одан.
Қашаннан бізбен жау болған,
Қалмақ деген халық одан.
Орта жүзді қорғауға,
Аттанайық соған да.
Барамыз деді Кіші жүз,
Бидің сөзін тастамай.
—Жүре берейік өзіміз,
Ешкімге де қарамай,—деп,
Біреулер көп ішінен салды айғай.
—Өзіміз сол қалмаққа барамыз, деп,
Олжалап халқын шауып аламыз, деп,
Не керек Ұлы жүзді көмекке алып,
Кіші жүз сол қалыптық боламыз, деп,
Қорықпай өзіміз-ақ барамыз,—деп,
Жылқайдар батырларға айтты ақыл,
Әйтеке бұл айтқанын көрді мақұл.
—Батырлар, айғайламай ақылға кел,
Орта жүз о да өзіңдей бізбен тең ел.
Ер шығар ел ішінен болған соң ел,
Құр кеуіл неге керек көтеріп жел,
Жел сөз үшін ендігісін Сартайға бер.
Сөйлейді сонан кейін батыр Сартай,
Көпшілікке халық жайын айтып жағдай.
—Орта жүзге қалмақ шауып жатқан болса,
Үш жүз боп аттанайық соған қарай.
Шабынған ағайынға тез барайық,
Сүрікті қысқа айтамын көпке созбай.
Сүмбіле, салқын түсе аттанайық,
Батырлар, бәрің жүресің бірің қалмай.
Жүрсеңдер, қалмақ елі жолы қашық,
Бір-бір ат запас болсын, қосарыңа ал.
Алайық ерте барып жаудан кекті,
Қалмақтың азарына кім шыдайды.
Бәйгеге бөліп қойған мың жылқы бар,
Бір жолға халық тарасын бәйге алмай.
Шабылған ағайынға берілсін жылқы,
Бөлінбей осы арадан қалсын құрдай.
Бұрынғы Әйтекенің айтуындай,
Келіп тұр сөз бір реті орайын-ай.
Бұл сөзді би ағасы мақұл деді
Отыр ед көп ішінде Нұрбай, Мыңбай.
Қатыран, Тәбеке би қапталындай,
Осылай ел жақсысы отырғанда,
«Бәйге ат келді» деген шықты айғай.
Және айтты батыр Сартай:
—Елшілер елге барып жатсын, деді-ай,
Тынығып аттарын да бақсын, деді-ай.
Жылуға берілген мың жылқыны,
Ат келіп, халық жөніне тарағансын,
Еліне соны айдап қайтсын,—деді-ай.