Адам атадан бергі шежіре (5-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Қабірге қойған күні алып барып,
Төсекте жатқан күні көзі аларып.
Есіне кей сабаздың сонда түсер,
Жүрмесе бір тамшы су тамағынан,
Болмай ма шын мүсәпір, үлкен ғаріп?!
Бола ма дүниеде мұнан қиын,
Жәбірейіл тартқан шақта жанды сорып.
Алдыңда сұрау-сауал қалай болар,
Тіліңмен жүрсең дағы орақ орып.
Ажалдың қармағынан кім құтылар,
Күндіз-түн маңайыңда жүрген торып.
Ібіліс осылайша ғаріп болды,
Тастады біле тұра ізгі жолды.
Сүріліп бір Алланың дәркаһынан
Ібіліс азғыратын шайтан болды.
Шайтанның баяндадым ахуалын,
Әуелде көп оқыған болды ғалым.
Тақуа, өзі діндар адам болып,
Істеді бір Алланың бұйырғанын.
Сәжде ғып сағат сайын, намаз оқып,
Тимеген маңдайы жер қалмады аның.
Мұнан соң бірнеше жыл уағыз айтып,
Ғаршыда болды имамы періштенің.
Фердоуси жаннатул ағла сегіз ұжмақ
Көреді сайран етіп, бәрін дәмін.
Бас тартып бір Алланың әмірінен
Ақырда білдіңіздер не болғанын.
Алланың Құран Шәріп кәламында,
Жаратып он сегіз мың ғаламында,
Ендіріп Фатиханың сүресін
Білдірген Пайғамбарға сәлемінде.
Ізгілік зәрре-қадар жауыздығы
Ешбірі ұмытылмас жанабым да.
Қатасыз періштенің жазуымен
Сақталады Лаухыл Махфуз Қаламында.
Ізгілікке—сауап, жауыздыққа күнә берем,
Кімде-кім не істесе талабында.
Әзәзіл көп оқыған ғалым еді,
Кітаптан оған да көз салып еді.
Риясыз шариғаттың жолында боп,
Аллаға неден сыры мәлім еді.
Намазын қаза қылмай, ораза ұстап,
Көп сауап сан жеткісіз алып еді.
—Отырсың дәргаһыңнан мені қуып,
Төрт мың жыл ғибадатым болып еді.
Аллаға осылай деп арыз етті:
—Деп едің күнә, сауап бұл міндетті.
Отырмын сауабыңнан мақрұм болып,
Беретін жөніңіз бар бір тілекті.
Бағалап қанша істеген ғибадатын,
Сұра деп тілегіңді рұқсат етті.
—Өмір бер, ақырғыша өлмейтұғын,
Дүниеде не істесем бер ерікті.
Сұрағым еңбек үшін осы менің,
Көрерміз жүре бара ақыретті.
Бастағы айтқан сөзін қайтып алмас
Хақ Жаббар: «Тілегіңді бердім» депті.
Шайтанды Алламенен салыстырған,
Құранда баяндайды осы халды.
Ібіліс осылайша ерік алды,
Құранда баяндайды осы халды.
«Кидім,—деп,—сен туралы лағынет қамыт»
Адамға сол себепті дұшпан болды.
Адамды себебі сол азғыратын,
Алладан ерік алды жазғыратын.
Ібіліспен жаһаннамда бірге болмақ
Адамдар оны құптап сөз қылатын.
Уа құлна йа адам, әскүн әнтә уа зәужүл әл-жәннатә уа күлә минһә рағадән хайсу шитума уа лә тақраба һәзиһи әл-шажарат фәтакууна мин әл-залимин.
Мағынасы: Лә илләһа илла Алла, ахады бір,
Адамға айтты:—Хауаны алып жұмаққа кір.
Не керегін ішінде бәрі дайын
Іш те же, рахатта, сайрандап жүр.
«Шажарат» деген бидай жемісі бар,
Онан аулақ, жақындап, соқтықпай жүр.
Тапсырып осыны айтып, қоя берді,
Өзіне аян кейінгі болашақ сыр.
Бес жүз жыл ұжмақта өмір сүрді,
Екеуі қайда барса бірге жүрді.
Танысып ұжмақтың хор қыздары
Хауызға шомылдырып, тағам берді.
Сайрандап саясында күліп-ойнап,
Аралап сегіз ұжмақ бәрін көрді.
Ібіліс ұжмақтың есігінде
Кіре алмай үш жүз жылдай бағып жүрді.
Ақыры хайламенен ебін тауып,
Жыланның аузыменен ішке кірді.
Ақ киім, ақсақалды қария боп,
Бұрынғы Ібіліс малғұн бұзды түрді.
Адамды Хауаменен тауып алып,
Бір мүрит есебінде бірге тұрды.
Бір ишан бола қалды Хаққа жаққан,
Сөйлесе, өзі ғалым асқан таптан.
Мүләйім жүзі сынық, сондай тақуа,
Бірі емес екеуі де бек ұнатқан.
Жүкті еді Хауа ана онан бұрын
Ұзамай ол келген соң бір ұл тапқан.
Харис деп ол баланың атын қойып,
«Балам» деп мүрит, ишан бірге баққан.