Кіші жүз шежіресі (16-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Арттырып азық-түлік бір мың нарға,
Байлардан көмек сұрап алған екен,
Сүрленген өңшең ылғи жал мен жая,
Ішінде тағы да бар қазы-қарта.
Мың нарды жүз адамға жетелетті,
Іс қылды, осылайша таңырқатты.
Ісіне мына еткен болып риза,
Кіші жүз Әйтекеге берді баға,
Осы ағай сақи екен деп Атымтайға.
Жиналған Байұлы мен Қаракесек
Тарады Әйтекенің отбасынан.
Келе жатқан бұл қашаннан қара орын,
Тараған талай халық ордасынан,
Кетпеген бақ-дәулеті отбасынан.
Ауылынан Әйтекенің шықты тарап,
Қалмаққа барамыз деп етіп талап.
Келеді өңшең ерлер екпіндетіп,
Оларға біткен жедел таудай талап.
Астында Сартай ердің Шалқасқа ат,
Келатыр қол шетінде ол да айғайлап.
Баратын Төртқараның адамдары,
Бұлар жүр Әйтекені жанамалап.
Келе жатыр қол шетінде өзі бөлек,
Отырған патшалардай халық сұрап.
Әр елдің билері бар қапталында,
Айтылған тапсырмасын жүр орындап.
Келеді бір қапталда Байдың ұлы,
Басқарып келе жатыр батырсынып.
Сескеніп, жаудан қорқып, тайынбайды,
Ішінде ерлері бар не бір күжім,
Асығып келе жатыр жолмен тұжым.
—Асықпа,—деп айтады,—батырларым,
«Сабырлық—сары алтын» нақыл барын.
Жол жүріп бірқаншама жақындады,
Көп ішінде Сартай атам асқар таудай,
Қасында Жылқайдар мен батыр Мыңбай.
Сүгір батыр келе жатыр бұлардан қалмай,
Торықожа қол шетінде салып айғай.
Осылай жол үстінде келатқанда,
Кездесті Кіші жүздің Арғымағы.
Хатынан Әйтекенің хабарланып,
Сүрікті күннен қалмай жеткен шағы.
Жетіру, Жағалбайлы, Тама, Табын,
Бәрі бір Кіші жүздің ынтымағы.
Басқарып келген екен батыр Сәрке,
Ер екен қайтпайтұғын жем мен желге.
Жүре беріп Жетіруға айтқан сөзі,
Атақты батыр екен белгілі елге.
—Байлағын алмас қылыш, буып белге,
Таласады кім осындай туымды ерге.
Бастырмай дұшпандарын өз жеріне,
Асырып қуған ер еді шығып белге
Атағы шыққан ер ед Кіші жүзге.
Және бар бір батыры намі—Есет,
Жау десе соған қарай жел де еседі.
Жауымен таймай тұрып кескілеседі,
Ер екен айбаты бар әруақты,
О дағы қатарынан кем емес еді.
Кездесті жол үстінде басын қосып,
Қалмаққа жетіп барды желдей есіп.
Кеңесіп Қаңтартауға салды қосын,
Ұлы жүз Орта жүзбен келген екен,
Күніне уағдалы нағып қалсын.
Үш алаш үш жағынан қосын алып,
Қалмақтың талқандардай тау мен тасын.
Аң аулап тау арасында жүргендерін
Жібермей елдеріне кесті басын.
Үш жүзден үш жүз адам қарауыл қойды,
«Өткізбе, бағып тұр» деп шекарасын.
Бас қосып бұл үш жүздің келген жері,
Көтеріп бұл қазақтың аңазасын.
Тынығып осы арада үш күн жатты,
Он күндей құлан менен киік атты.
Қалмақтың шетке шыққан малын қуып,
Әкеліп барымталап, сойып жатты.
Келгенін қазақтардың хабарланып,
Қалмақ та елін жиып дайындалды.
«Барлық қазақ бірі қалмай келіпті» деп,
Бір жағын қашыруға дайындайды,
Қазақпен ұрысуға тайынбайды.
Майданға табылғанын алып барды,
Сап тартып қарама-қарсы тұрып қалды.
Үш алаш үш жағынан туын тігіп,
Бұлар да дайындалып жетіп барды.
Соғысып қалмақтан кек алуға бәрі
Сап түзеп қарама-қарсы тұрып алды.
«Ал, қазақ, батыр болсаң, жеке шық» деп,
Бір қалмақ шыға салып, айғай салды.
Мінеки, болды енді ердің сыны,
Іркіліп тұрып қалды ердің көбі.
Кідіріп жан-жағына қарамады,
Кідірмеңдер, жүр деп Сартай батыр,
Барам деп қайымдалған батыр Сырым.
Кетіпті Сартай бірақ мұнан бұрын,
Айғайлап көп ішінен кеселепті,
Естіп тұра алмайтын қалмақ сөзін.
Тасқындап, кеуілі өсіп жүрген қалмақ
Балаған асқар тауға ол да өзін.
Батыры ол қалмақтың Ерен деген,
Ойы жоқ бір адамнан өлем деген.
О да ер өз қайратын көрем деген,
Ер екен сол қалмақтың елі сенген,
Дұшпанына ар-намыс жібермеген.