Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адам атадан бергі шежіре (32-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Нәсілін мен білмеймін өзі бөлсін,
Бітірдім осыменен Қыпшақ елін,
Ертеден өздерінде елім-телім.
Сипатпай Торы Қыпшақ нағашым ед,
Риза бол, осы болды мен білгенім.

Жошыхан баласы Баршоқ туралы

Ал Баршоқтың сөйленді хикаясы,
Бұл да бір өзгерістің болды басы.
Алашхан дүниеден өткеннен соң,
Артынан ұрпақтары тақ таласы.

Аз ғана Оғыз ханның нәсілінен
Қимақтың Барлас дейтін бір баласы.
Бұл кезде мықты рудың бірі болған,
Көбейіп шамадан тыс мал мен басы.

Алаштың көзі кетсе көрерміз деп,
Хандыққа ауып жүрген ықыласы.
Төбей би алдын болжап ерте білген,
Ауғанын Барлас жаққа ел жанасы.

«Бермеймін, таласамын» деді Баршоқ,
Көнбейді айтқанына екі ағасы.
Талассыз ақырында хан боп шықты
Көрхан Ақсақ Темір арғы атасы.
Осылай шежіреде көрсетуші аз
Күмәнсіз, бұл тарих жоқ қатасы.

Өкпелеп Баршоқ батыр ағаларға,
«Қалдым,—деп,—дос-дұшпанға табаларға».
Міне, осы кетуіне болды себеп,
Қашқар мен Алтай тауын паналауға.

Осылай елден шықты ұйғыр халқы,
Жолында мұсылмандық сана-салты.
Тұрандық—арғы атасы, түбі бірге,
Қосылған ой мен қырдан болған қалпы.

Ішінде Өзбек, Қырғыз, Созақ та бар,
Үш ру Қыпшақ, Найман, Қазақ та бар.
Рулық ерте кезде талас болса,
Жүйесін жүйелесе, өз-ақ табар.

Бөлініп бірнеше ру елден шеттеп,
Күншығыс Алатаудан асқан беттеп.
Өздері іріктеліп шыққан болар,
Қумаған оларды ешкім аулақ кет деп.

Бұлардың көздегені—Алтай тауы,
Жерұйық, белгілі еді бие бауы.
Мекендеп тыныс алды Қарлұқ, Қақас,
Болмаған ешуақытта жұт пен жауы.

Бұлар да жақын барды соған шектес,
Тұраннан тараған ел, түбі тектес.
Асқар тау айналасы, аққан бұлақ,
Мекендеп бұғы, марал, аңдар кетпес.

Ну қопа, ұзын аққан сай мен жыра,
Асқар бел, асулары, жайлы Нұра.
Жаз жайлау, қыс қыстауы бәрі жайлы,
Орнықты барған ел де тұра-тұра.

Шақырды бірін-бірі ас пен тойға,
Үйреніп, үйірлесіп болды құда.
Бір ғасыр осы арада жылдар өтіп,
Туған жер ойдан шығып, болды жұда.

Қарсы алды барған елді Қақас, Қарлұқ,
Етпеді аулақ жүр деп жерге тарлық.
Көршіден жаңа келген жан аяспай,
Мұқтажын беріп тұрды қанша барлық.

Қытайға қарасты екен Қарлұқ елі,
Ойрат, Қақас, Қара Қытай барлық елі.
Елі бай, жері байтақ—шың мен жыра,
Әр түрлі осында екен жердің кені.
Азия, Еуропаға қатынасар
Осы жермен жүреді екен Құлжа жолы.

Шүршіт деп, мәнжу деген елді білмес,
Еркіне жүргізбейтін әнбиені.
Баршоқты қабыл алу себебі сол,
Деп ойлап қатынастың келді жөні.

Бұларға білдірмеді іште күйін:
«Орнығып алсын,—деген,—жазып бойын.
Мүмкін бұл басқа жаққа ауып кетер,
Осылай қарсы алмасақ ашып қойын».

Қытайдың біліп жатқан патшасы:
«Болмаңдар,—деп бұйырған,—оған қарсы.
Орнықсын Отан салып, орын теуіп,
Көрерміз қалай болар істің барысы».

Қытайдан он шақты адам елші келді,
Көруге орналасып жатқан елді.
Сұрады қай нәсілден, қай халықсың,
Баяндап Баршоқ тегіс айтып берді.

Оғыз хан—арғы атам, Тұран елі,
Бергі атам Алаш хан деп түсіндірді.
Бар екен еріп келген тарихшысы
Қарахандық массагет бәрін білді.

«Алаштың тахтына ие болмай,
Жүрсіңдер елден шығып қалай»,—деді.
Айтуды жат адамға намыс көріп,
Қызарып төмен қарап үндемеді.
Бір сырдың бар екенін сезді олар да,
Қайталап ләм-мим демеді.
Елшінің ең бастығы, басы өзі,
Ұнатып отырды іштен Баршоқ ерді.

«Жайланып отырыңдар қала салып»,—
Деп Талғар өзенінің бойын берді.
«Жаңашар» деген атпен қала салып,
Баршоққа «сегіз санат бірі» деген орын берді.

«Жүргіз,—деп,—өздеріңе ішкі тәртіп»,
Түгелдей бірге келген елін берді.
Білдіріп ризалық Баршоқ батыр
«Біз—сіздік боламыз» деп сенім берді.

Тағы оқыңыз