Адам атадан бергі шежіре (27-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Құтыртып уәзірлері Мәден ханды
Сұлу деп бұл заманда жоқтай теңі.
Хан көріп қара қасқа ғашық болды,
Аузынан тұрған шақта пісіп демі.
Құтылып ақылменен данышпандар
Ғашықтық ханға да ол болмады мін.
Халыққа көп тараған аңыз еді,
Қояйын айтпай-ақ бұл әңгімені.
Ақша хан отырып бір күн алтын тақта,
Түсірді қиял билеп шартарапта.
Қорытып ой пысқылады үш нәрсеге
Келтіріп тиыштанды ынтымаққа.
Шақыртып екі білгір уәзірін:
—Шығыңдар дайындалып күні бүгін,
Адамның, құстың, шөптің ең жаманын
Табыңдар екі ай берем кең сүрегін.
Әгар да тауап келсең көңілдегі,
Қазына, алтын, күміс, көп мал берем.
Әгар да ұнамаса әкелгенің,
Зынданда шықпастай ғып жаза берем.
Көнбеске хан жарлығы амал бар ма,
Бір себеп болар ма деп амалдарға.
Сол күннен арғымағын ерттеп мініп,
Көз салды өткен-кеткен адамдарға.
Аралап шаһар, қыстақ, базарларды,
Уәзірлік бетке түйіп намыс-арды.
Жөнселеу көздеріне бір адам түссе,
Айналып алдарына тұра қалды.
Қарайды айналдырып бастан-аяқ,
Соқыр, таз, пұшық болса тастамаймыз,
Жас өмір өздерінің жаны тәтті.
Жүрген жоқ өледі деп ханды аяп,
Таппады бірсыпыра күндер өтті,
Хан берген уағдалы сүрек жетті.
Аралап бір базарды келе жатса,
Көреді бір баланы тұрған шетті.
Балаға жақын келіп тұра қалып,
Қарайды екеуі де ортаға алып.
Мұрны пұшық, саңқиған көзі қисық,
Өзі таз, самайынан ірің ағып.
Таптық деп нағыз жаман, баланы алып,
Сексеуіл мал жемейтін шөп жаманы,
Қоржынға оны да алды біраз салып.
Енді қалды жалғыз-ақ құс жаманы,
Тапсырған ханның бір үш жаманы.
Боз қырдан алдындағы асып түсіп,
Сыңсыған құс жағалай көлдің маңы.
Екеуі көл жағалап келе жатты,
Ақырын, баяулатып жүрмей қатты.
Сорайып бір құс отыр жар басында
Көргеннен екеуін де таңырқатты.
Қызыл жоқ қырып алар, ұзын сирақ,
Жығылмай дір-дір етіп отыр бірақ.
Ыржиған мойны қысқа, тұмсығы ұзын,
Көкшіл жүн иқы-жиқы жатыр құлап.
Осы деп құс жаманы, ұстап алып,
Шығарып басын сыртқа қоржын салды.
Қуанып жерден алтын тапқандай-ақ,
Уәзірлер арғымаққа мініп алды.
Үстіне бір белестің шыға келіп,
Көреді қалың ауыл жатқан малды.
Кеш кіріп, күн сәулесі қоңырланып,
Ауылға жақын қалды малдың алды.
Аз ғана тоқсан-алпыс қой шетінде
Көреді таяқ ұстап тұрған шалды.
Кең танау, өзі қара, бойы тапал,
Шот желке, көзі аларған, қаба сақал.
Үстінде киген тоны шұрық-шұрық,
Ойларлық сияғы жоқ бар деп ақыл.
Уәзірлер жақын келіп, сәлем берді,
Келгенін екі адамның шал да көрді.
Сәлемін әлейк алып, амандасып:
Мырзалар, жөндерің айт, кімсің?—деді.—
Жол болсын, шырақтарым, қайдан жүрсің,
Ұқсайды уәзір, бекке жүріс-тұрысың.
Таз бала мінгестіріп, шөп, құсты алып,
Диуана секілденіп ісің құрсын.
Бүйтерлік бастарыңа не күн туды
Жасырмай ақиқатын, айт дұрысын.
Ұялып шал сөзінен қалды бектер,
Сөз емес ашуланып адам кектер.
Ішінен екеуі де ойлап қалды,
Бұл өзі адам ғой деп көрген көптер.
—Айтпасақ шынымызды болмас,—деді,—
Мұның бір керегі болмай қалмас,—деді.
«Адам, шөп, құстың ең жаманын келтір» деген,
Бізге берген бұйрығы Ақша ханның,—деді.
«Аһ!»—деді басын шайқап,—шырақтарым,
Бұл арман орындалмас ханның жарын.
Үшеуі де бұлардың жаман емес,
Қоя бер обалына қалмай бәрін.
Сауысқан—құстың нағыз ең жаманы,
Алыңдар шөп жаманы қара қоғаны.
Адамның ең жаманы—мен боламын,
Ханға ертіп апарыңдар,—деді,—мені.
Әгар да таппадың деп кінәласа,
Сөйлермін,—деді,—өзім әңгімені.
Бұл үшін, шырақтарым, қайғы жеме,
Ажалдан да құтқарармын, келсе жөні.