Адам атадан бергі шежіре (24-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Ерттеулі алтын әбзел арғымақтар
Тықыршып ауыздығын қарш-қарш шайнап.
Жетуге бұл секілді дәрежеге
Хандыққа жұрт таласты басты байлап.
Қыз берсе, келін алып отаулатып,
Шеберлер әйел-еркек бір ай жатып.
Оюлап туырлығын шұғаменен
Бауларын кіл жібектен оқалатып.
Қос-қостан дөдегелеп үзіктерін
Шешілген үйлесімді, бәрі жатық.
Жаптырып шымқай ақтан киіздерін
Көргеннің көзі тойып, бәрі ұнатып.
Қалдырады босағадан аз ғана ашық
Мұнысы не дегендей таңырқатып.
Бұл дағы қариялардан қалған нақыл
Нақылдың қас мағынасы айтқан ақыл.
«Тасыған төгіледі, ісіген басылады»
деген мысал,
Мастанып, байлығыңа қылма ғапыл.
Алдырып Бұқарадан түрлі бұйым,
Сауық қып қыз-бозбала күнде жиын.
Қамқа тон, қалы кілем, бұлғын ішік
Ол кезде ғұрып болған елге дүйім.
Кәдімгі үй ағашты өрнекшілер
Бір айда бітіруші еді қыздың үйін.
Ат алып алды, арты құнан мініп,
Риза боп, алушы еді берген сыйын.
Той қылып, салтанатты елде жиын,
Жылқыда нелер семіз көзі қиып.
Қой сойып қорасымен азбан, ісектен,
Алдыңа аппақ майды қояды үйіп.
Дүрсілдеп әрбір үйде қара саба.
Шөліңді қандырады қымыз құйып.
Мұнан соң ат шабады деп даяшылар
Үстіне бір төбенің шығып биік.
Қақ жарып барған көпті отырғызып,
Даяшы тал жағалап басын иіп.
Бедеу ат мінгендері, ықшам киім
Айғайлап топ жағалап ұтқан дүйім.
Бәйгесін ат пен балуан естіртеді,
Үш тоғыз үйірімен берер сыйын.
Әуелі балуан күрес, ат шаптырып,
Онан соң көкпар тартып, жамбы тартып.
Тай бәйге, құнан бәйге және болып,
Жаяу жарыс, өгіз тартыс жер қаптырып.
Кеш болып ойын-сауық аяқталып,
Сый беріп үлкендерге тарқаттырып.
Сол түні бөлектене болып тартыс
Жастар да тараушы еді таң аттырып.
Жатпай ма мұның бәрі мәдениет,
Қас емес бір адамға, көпке тиед.
Жазбадым көксегеннен көңілге алып,
Тарихты көрсетуде болды ниет.
Мәдениет, айта берсек, толып жатыр,
Көргенге, түсінгенге балдай татыр.
Осымен қазақ салтын доғарамын
Желісі шежіренің қайда жатыр.
Үзінді қалып еді жоғарыда,
Мақсатым көңілге алған енді мұнда.
«Адасып, бізді тастап кетті ме?» деп,
Сағынып жатқан шығар мені ол да.
Қазақтың үлкен баласы Аламан нәсілдері
Аламан ірі бай боп елден асқан,
Болмады тұрандықта оны басқан.
Ұлы жүз, Орта жүздің түп атасы
Арырақ баяндайын, болсын дастан.
Болмайды зейін қоймай, оқушылар,
Түйсініп отырмаса әуел бастан.
Ғылым, өнер пенденің көздегені
Не нәрсе табылады ықыластан.
Тарихты қартайғанда жидым теріп,
Осы еді есі-дертім бала жастан.
Білімге ішіндегі жол бермеді,
Бұрында болып шебер жұрттан асқан.
Қазан опа, рисқы Сырдың біраз жерін
Аралап, ризықты тердім шашқан.
Сауықшыл өзім дағы болдым сергек,
Жиында мәжілістің бетін ашқан.
Атақты, асқан ақын болмасам да,
Жыршы боп домбыраға әнді қосқам.
Сай болып өнеріме ықыласым,
Ешбірі мін таппады дұшпан-достан.
Қайтып кеп Семиозердің қаласына,
Қазақтың Сарыарқадай даласына.
Әртелі Шкалов шебеніне бастық болып,
Әйгілендім Қостанай қаласына.
Біліп ап, таныс болып орыс, қазақ
Басыма сатып алдым тағы да азап.
Орыстың төрелері, қазақтың тәуірлері
Өтініп қолқа салып тым-ақ ғажап.
Жан бар ма өтінішті силайтұғын,
Көбісі дос-жарылық қинайтұғын.
Қалайша қайтарасың ықыласын,
Құрметтеп тік тұрып сыйлайтұғын.
Солайша біраз ғұмыр өтіп кетіп,
Жетпіске жетіп қалдық, алпыс өтіп.
Кірістім осы тарих шежіреге
Алланың рақымынан үміт етіп.
Ажалға асықтырмай, өмір беріп,
Өтермін мақсатыма ақыр жетіп.
Бұзылып денсаулығым ауырлады,
Ғұмырдың көпшілігі ауып кетіп.
Еңбекті бағаласа жарар еді,
Ғалымдар, академик қабыл етіп.