Адам атадан бергі шежіре (30-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Ал Дәштіден Насырхан, онан Дархан хан,
Дарханнан Ахмет, Мұхаммед екі ұл туды.
Мұхаммед атақты ғалым Әбу Насыр әл-Фараби
Астрономия ғылымының көзін ашты.
Бітіріп мантиқ ғылым осы жақтан
Арабқа мұнан кейін араласты.
Қарамай атасының хандығына,
Жаяулап тартты жалғыз Қарабасты.
Бітіріп ғылым, нүжым Бағдаттан
Ғұлама, хүкаманың бәрін басты.
Кітабын Аристотель мүтағалап
Он есе бұрынғына үлес қосты.
Өзі ғалым, музыкант, асқан шебер,
Мысыр, Шам, Бағдатқа өнер шашты.
Ол кезде Саиб Дәулет Шам сұлтаны
Риза боп ат мінгізді алтын басты.
Бұл жерде ол туралы әңгіме көп,
Көшейін алғы сөзге, таусылмасты.
Ал Ахмет ханнан туады Ахтамқожа
Мұнан Ойбас батыр туды жұрттан оза.
Ойбастан—Ақкөбік, мұнан—Сүйіналып,
Сүйіналыптан—Мүйізді Сары абыз,
Түсіндіріп сөйлейін артын соза.
Сары Абыздан төрт бала туады екен—
Қара, Сары, Құлан, Қытай,
Сары, Құлан, Қытай нәсілі басқа жақта,
Қараның нәсілдері Сарыарқада.
Көп қыпшақ әр халықта толып жатыр,
Әр елге сол уақытта тарап кеткен.
Руымыз—қыпшақ, ұлтымыз қазақ дейді,
Ұмытпай түп шығысын арғы түптен.
Мысал ғой қыпшақты атап көрсеткені,
Атайды түп шығысын адам біткен.
Көпшілік, қазақты алмай, қыпшақты алып,
Айрықша көрсетуім сол себептен.
Таба алмай тарихшының басы қатып,
Әуре боп шатастырып келді көптен.
Адамзат жер бетінде тарихы бар,
Жасаған білімпаздар бұрынғы өткен.
Зерттелмей дер кезінде тарихшылар,
Ақыры азып-тозып бізге жеткен.
Ғасырдың он төрт-он бес ғалымдары
Олар да бірсыпырасы еңбек еткен.
Әбілғазы, Рашиди, Жалаири
Қадырғали Қосымұлы, Нәжіл Қасымбектен.
Жинақтап Жәнібек Тархан қолға ұстаған,
Оғыз хан шежіресін бұл көрсеткен.
Қараның нәсілдерін таратамыз
Ал Қарадан Ұзынторы, Қарабалық,
Көлденнен Бүлтік туғаны анық.
Бұларды «Бес таңбалы қыпшақ» дейді
Осыдан өніп-өскен кейінгі барлық халық.
Үлкені—Бестаңбаның ұзын қыпшақ,
Бір ата адамдары, емес ұсақ.
Хан Нияз, батыр Құтты, Ер Бегімбет,
Жау десе, жалаң қағып, жайған құшақ.
Қазкедел, Сары Қыпшақ, Қошқар батыр,
Айтса көп тамашасы толып жатыр.
Қосылып Абылайға жолдас болып,
Қалмаққа күн туғызған заманақыр.
Би де көп, батыр да көп осы Ұзыннан
Үзілмей жеті атадан келе жатыр.
Нәнжіл Қыпшақ, Жарбасты, Алтай, Құмық,
Алтыбас, Балқожа би толып жатыр.
Рулар осы айтылған бір-бір болыс,
Бұл бөлімге үш-төрт жүз жыл шамалы
болып жатыр.
Отырмын әр рудан мәлімет беріп,
Көрсету өте қиын бәрін теріп.
Қатесін түзеп, қалғанын қосар кім,
Міндетті шежірені оқып көріп.
Торының нәсілдері
Ал Торыдан Әлпейіс, Құлпейіс—екі бала,
Тоқталып өту қиын бұған жана.
Құлпейістен тағы екеу Көкмұрын, Шашты,
Шаштыдан Қарамойын, Көкмұрыннан Ылақ,
Қарамойын Ылақ деп атайды біржола.
Әлпейістен Қитаба, Түйшік екі ұл туды,
Қитабадан Ақбедел, Андас, Бозым,
Андастан Тоқберді, Құлымбет, туды Қара.
Қараның нәсілі көп тарады,
Жатпайын бас қатырып оған бола.
Ақбеделден туады Сарғұт, Ақпан,
Мықты Торы бақыт берген Хақ Тағала.
Ақпаннан Дүйсенбай мен Қазбай,
Қазбайдан туады бай Шалдыбай.
Шалдыбайдың алты ұлы болған жана:
Тілеу, Қабақ, Көтібар, Көбек,
Құдық, Бұқан қатасы жоқ сөзімнің, емес шала.
Қабақтан Кәрбоз,Уәлібек,
Бұқаннан Серік, Алмат.
Көтібардан Бекмағанбет, Тоймағанбет,
Ылғи шонжар, болыс, би, болған орын.
Тайсалып келмейді ешкім бетпе-бет.
Көбектен тағы туды алты бала—
Міржақып, Сарынжіп, Асат, Бекмағамбет.
Біреуінің есімі есімде жоқ
Ең кішісін деуші еді Кенжеахмет.
Ой, шіркін, Сарынжап, Міржақып, Асат қандай,
Дұшпанның төбесінен тас атқандай.
Порымы, қайратына ілімі сай,
Табиғат құдіретімен жасатқандай.