Адам атадан бергі шежіре (15-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Тарихта аты мағлұм Оғыз ханның,
Тауынан орын тепті Тянь-Шаньнің.
Жетісу, Алтай, Іле, Сырдың бойы
Биледі түгелімен осы маңның.
Ол кезде «Оғыз Орда» деп атаған,
Беріде алған есім Отырардың.
Сауранның солтүстігі Ғарапшаһар,
Жайнатқан кезі гүлдеп Аспаһанның.
Әріде Қызылорда, Баласакент—
Ол кезде бұ да бірі бас қаланың.
Артынан Оғыз өліп, ел бүлінді,
Қалмаққа күні туып басқалардың.
Алысып, қалмақ қас боп массагетпен,
Астында қалды талай масқараның.
Оғыз ханның Сауран қаласын салдыруы, оның сәулеті
жайлы мәлімет
Оғыздың тұрған шақта бағы парлап,
Сауранды салдыртады өзіне арнап.
Қамданып, қамтамасыз болып әбден,
Әр елден мыңдап, жүздеп шебер жинап.
Салдырды зәулім, биік сарайларды,
Төбесін шын алтынмен мұнаралап.
Оюлап неше түрлі кенересін,
Жоғары үстепнадан орын сайлап.
Арыстан, бұғы, марал, аю, қасқыр,
Бүркіттер тұр айбатпен көзі жайнап.
Кез жарым ай орнатқан мұнарада,
Муазин уақыт сайын тұр айналып.
Жанында хауыз кәусар, аққан бұлақ,
Жағасы еккен дарақ, бұлбұл сайрап.
Асхана, мейманхана, мәгәзіндер,
Төбеге желбіретіп жалау байлап.
Сауранды күншығыста Гүлстан қып,
Бітірді жиырма жылда түгел сайлап.
Және бір айтарлықтай бір ғажабы—
Салдырған крепосты әм қорғандап.
Халқын суландырып қамтамасыз,
Шығарған жер астынан қаздырып зат.
Семонттап әрбір жерден су қоймасын,
Ішінде түрлі балық жүрген ойнап.
Ол кезде техника жоқ уағы,
Ғажайып салдырды екен қалай ойлап.
Әр елдің сырттан келген керуендері,
Базарлап, қайтушы еді тамашалап.
Өнері сол заманның көрініп тұр,
Деуіміз қате болар арашолақ.
Аңыздан история алып жаздым,
Қатеден кім алады арашалап.
Ғылым жоқ, техника жоқ о заманда,
Шеберлік, неткен білім Қудауанда.
Салдырған крепост, мовзолейлер
Жерлейтін орны болған Тянь-Шаньда.
Бір емес, мұндай орын әр жерде бар,
Тылсымдар бар секілді Әзербайжанда.
Ырғалған мұнара мен моншасы,
Адамды қалдырмай ма ғажап таңға.
Бұл күндер история әр бөлекте,
Әртелі ұйымдасқан қазушы жер.
Алтын ожау, секілді алтын адам,
Басқа да тауып жатыр әлденелер.
Батырдың сапысы мен айбалтасы,
Әйелдің түрлі тағым, алтын зері.
Көбісі өткен күннің куәсіндей,
Бұл емей мәдениет, әлденелер.
Шындықты шынықтырып айтары жоқ,
Сөйлейді кей тарихшы әлденелер.
Дамылсыз бас кесілу, алыс-жұлыс,
Бітімсіз айтатұғын әңгімелер.
Ішінде бірге жүрген адам да жоқ,
Мынауың қате десең өршеленер.
Мен жаздым елестетіп еңбектерін
Оқушым, сыншыларым әлдене дер.
Оғыз хан өтті билеп Тұран елін,
Орта Азия, Күншығыс түгел жерін.
Бетіне арыстандай жан қаратпай,
Таптады қарсы болам дегендерін.
Риза бол осымен тоқтатамын,
Сөйледім бір сыпыра еңбектерін.
Мұнан кейін зер салып оқыңыздар,
Көрсетем әрбірінің нәсілдерін.
Қалмақ, Суһал нәсілдері туралы сөйленеді
Шежіре желісіне қайта келдім,
Ішіне шомып кетіп шалқар көлдің.
Тұрған соң біліп, сезіп, шыдай алмай,
Атаның еңбегіне көңіл бөлдім.
Әркімдер оқысын деп мейірі қанып,
Көмескі шежіре еді жүрген танық.
Бәріңе, біріңе емес бұл еңбегім,
Өрбіген Оғыз ханнан барлық халық.
Алынбай бұл еңбегім қалмас босқа,
Бәрің де осылай деп тұрсаң нанып.
Оқушы дұрыс тапсаң, азаматтар,
Тәуекел білдіріңдер хатқа салып.
Қалмақ дәуірі
Ал енді, Қалмақ хан боп таққа мініп,
Орнықты күпті болған көңіл тынып.
Кеудесін жоғары ұстап асқақтады,
Санаспай бұқарамен жақын жуық.
Қарабет, рақымы болмаған соң,
Халықтың қайтты көңлі мұнан суып.
Суһалды хан қоймақшы болса дағы,
Сескеніп шыға алмады белді буып.
Қырық жыл осы арада хандық құрды,
Болмады жіберуші оны қуып.
Нәсілі бұл уақытта кең тарады,
Хуба, Жоңғар, Қатаған деген үш ұл туып.