Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адам атадан бергі шежіре (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Шаң, топырақ төсекке құлай кетер,
Болмаса дәл алдыңа сұлай кетер.
Бар жұмысты өзі істеп кеткендей-ақ,
Жылдам тамақ бермесең, жылай кетер.

Асырап бес-алтыдан онға жеттік,
Ой өспей, сүйек өсіп бойға жеттік.
Үйренер өнер, ғылым дәнеме жоқ
Мал бағып, әке жұмсап қойға жеттік.

Он беске келіп жеттік оннан асып,
Бір қызу жын қонғандай араласып.
Бақсыдай дию-перілі есалаң боп,
Өзендей сең ағызған судай тасып.

Он бестен астық та, ойға кірдік,
Әркімнен күші артық бойға кірдік.
Әр талаптың бірінен біреуі артып,
Жастар ойнар жиналған тойға кірдік.

Жиырма беске—биік шыңға келдік,
Жолы жоқ қалың орман, тыңға келдік.
Жолын білген адамға бәрі оңай
Жол білмесең, адасар жынға келдік.

Отыз бес орта биік тауға шықтық,
Бас баққан әр кезеңде жауға шықтық.
Біреуге дос, біреуге қастас болып,
Әркіммен бет жыртысып, дауға шықтық.
Қырық бес қылыш дайын, қырға шықтық,
Сыңар аяқ өтендеп Сырға шықтық.
Елді елдікке теңеген ер атанып,
Елді екі жарып елірткен жырға шықтық.

Қырықтан асып, жеттік елуге де,
Аялдайтын орын жоқ еруге де.
Жас күннің жалын оты сөніп
Жалқаулық жетелейді көнуге де.

Қиялап алпыс деген шықтық өрге,
Жетсек деп «жоғары шық,—деп,—төрге».
Төмен мен жоғарының арасында
Араласып отырдық үлкендерге.

Шеткі ауыл көшкенде
Орта ауыл шет болғандай,
«Ақсақалдар» атанып шықтық төрге.
Төрге барып отырдық, қайта қара,
Алды тоқтау, шегінбес тұйық жерге.
Барар жер, басар тау жоқ ар жағында
Жалғыз-ақ орын қапты кіру көрге.

Жетпісте жер таянбай тұра алмайсың,
Таяқсыз әудем жерге жүре алмайсың.
Аз жүрсең аяқ талып, белің ойып,
Малкөздер дөңге шығып көре алмайсың.

Өз үйің—жас отауға ене алмайсың,
Жастардың ыржағына көне алмайсың.
Алыстан іздеп келген туысыңа
Сырласып, бір шәугім шай бере алмайсың.

Жетпіс бес жаман екен, тірі болып,
Тамақ пен киімге ортақ—бәрі билік.
Көз күңгірт, ұрт суалып, екі бетім
Тері қап, сіңір, сүйек арыды етім.
Кәріге барар жер, басар тау жоқ,
Үйде жалғыз отырған мен бір жетім.

Кәрінің дүниеде жоқ жолдасы,
Бір кемпір—жалғыз әйел жан жолдасы.
Қара су күліп берген балдан тәтті,
Май берсең ықылассыз, тастан қатты.

Дүниеден кетпей жүрмін, жасым жетік,
Бақ көшіп, алдынан ішер асы кетіп.
Жастыққа өткен өмір қош айтысып,
Аңдитын қасым түгіл, досым кетіп.

Адам атаның жаратылуы жайында

Бар болған құдіретімен Қадір Аллам
Әуелі ақыр да өзі емес жалған.
Бұл ғалам—он сегіз мың жер менен көк
«Кун» деген лебізінен бәрі болған.
Фәна кун десе жерде бір сағатта
Жоқ болмақ бар мақұлық дүние толған.

Жаратты Мұхаммедтің әуел нұрын,
Еш нәрсе жаратпаған мұнан бұрын.
«Уа из қалла раббука лил-маликатинни
жағиллу филарди халифатан» деп,
Білдірген періштеге ішкі сырын.

Адамзат жер жүзіне жаратамын,
Адам мен Хауа анадан таратамын.
Сәжде ғып біліміне бас иесің
Сендерді бағынышты қаратамын.
Адам жоқ ол уақытта, жын мен пері
От, түтін жаратылыс шыққан жері.

Періште өз алдына асылы нұр,
Әзәзіл—бәрінің де кемеңгері.
—Жараттың оны топырақ, біздерді оттан,
Біз оған бағынбаймыз,—деген еді.

Пәруар деді: «Сіздер не білесің,
Ақыры өз еркіңмен бағынасың.
Білімін, дәрежесін көріп көзбен,
Жармасып жақындауға жағынасың».

Шақырып төрт мұқаррап періштені,
Топырақ алып кел деп жұмсады оны.
Жер жылап: «Алла хақы үшін алма»,—деді,
Бос қайтты үш періште барғандары.

Мекайыл, Исрапыл мен ол Жәбірейіл,
Зарына жердің құлақ салғандары.
Төртінші шақырып ап Ғәзірейілді
Ержүрек әкелерін оның білді.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз