Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек (39-бөлім)
Бозұғлан · Ешбай нұсқасы (Қазан, 1904) · 2 мин оқу
Әлқисса, Жүсіпбек Баба Ғұмарды жолға салып ұзатып, керуендер билән жөнетіп жіберді. Баба Ғұмардың өзі кетті. Андан соң Жүсіп хан өзі, Бозұғлан хан, Сапабек теке бегі һәммесі ләшкерін жамғ қылып, Көзалшаһ билән уағдаласып шаһардан шығып қайттылар. «Алла» деп жөней берді. Неше мүддет жол жүріп Шер тауына барып, шаһид болған жігіттердің қабіріне келіп, көңіл бұзылып жігіттерді жоқтап Жүсіп хан бір сөз дейді:
—Арқамыздан іздеп келген жігіттер,
Мен сенің қабіріңе құрбан болайын.
Бастарыңа ту көтерген шаһидтер,
Мен сенің қабіріңе құрбан болайын.
Атқан оғын тоғыз белден өткерген,
Палуандық істерді көтерген,
Ғаза қылып саудасын біткерген,
Мен сенің қабіріңе құрбан болайын.
Бағышладым оқып Құран тілауат,
Құдайым әйлагай дидар қиямет.
Сонда тапқан дәреже самауат,
Мен сенің қабіріңе құрбан болайын.
Өзім бірлән болдым мен сіздерді көрмедім,
Майдан ішре құшақтасып өлмедім,
Арман болды мен жүзіңді көрмедім,
Мен сенің қабіріңе құрбан болайын.
Аларынан ғұлман хор болмасын,
Құдайдың нұрына қырын пір болсын.
Имам Хасен, Хұсейін жар болсын,
Мен сенің қабіріңе құрбан болайын.
Құдайым сақтады келдім саламат,
Дидарыңыз қалды бізге қиямат.
Махшар күні айлаң бауыры шапағат,
Мен сенің қабіріңе құрбан болайын.
Бек Жүсіп дермін һәм бір күн барармын,
Қияметте халайықтан сұрармын
Нәсіп болса, дидарыңды көрермін,
Мен сенің қабіріңе құрбан болайын.
Әл-ғарыз, Жүсіпбек бұ сөзді айтып жөней берді. Неше мүддет жол жүріп, алты ай өтіп жеті ай дегенде Үргеніш жұртына барып тамам ләшкерге әнғам беріп жауап беріп өз мұрадына жетіп, Бибіниязды алып барып ата-анасына қосты. Һәркім жайлы жайға кетті. Бір кеше-күндіз ошақ ойдырып, күнінше қойын сойдырып, аттарға бәйге қылып ғұлама умара афдалдарын сыйлап, сарпай кидіріп, неше тамаша қылып, мұрадына жетті. Көңлімде қалмады, һеш арманым қалмады деп кеше ұлық, кішіктерді жығып, қолына діллә сазды алып бек Жүсіп бір сөз дейді.
—Ойыншысың құба фәлак сенде арманым қалмады,
Жер-көкте мәлік һәркез арманым қалмады.
Көрдім неше қатты күндер болды неше ерлер,
Кесіп жыладым тағ түзлер.
Һәркез арманым қалмады бұл қажат,
Құрып шаһ ішінде сұхбат құрдым.
Менмендіктен бенде болып жаттым,
Арманым қалмады деп.
Таммат тамам.