Бозұғлан (7-бөлім)
Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 2 мин оқу
Осыны айтып Бозұғлан
Оны да мінбей кетеді.
Көлденең тартып қарықты,
Арада неше қаныпты.
Сәске мезгіл болғанда,
Көп жылқыға жолықты.
Көп жылқының ішінде,
Қара құлық пішімді
Боз биеге жолықты.
—Аманбысың, боз бие,
Тас қаладан мен келдім
Шыдамай қалмақ зәріне.
Жалғыз өзім келемін,
Қырғалы қалмақ, бәріне.
Соғайын саған қорған-ай,
Жабармын сенің үстіңе
Жібек пенен мақпалды-ай.
Жегізермін жемістің
Ішіндегі тәттіні-ай.
Үлкен-үлкен алдыңда,
Ұлан мақсат талап бар,
Шын тұлпардан балаң бар.
Жеті жылда туасың,
Түрі-түсі мынадай
Қаз мойын, қара тұлпар балаң бар.
Көз жібердім шараңа,
Қойын алып, ұл сүйсем,
Қылармын енші балама.
Оны мінбей кетеді,
Онан арман өтеді.
Бала жаман тарықты,
Жаяу жүріп зарықты.
Табандарын тас қағып,
Шеңгелдерге сойылды.
Ертең сәске болғанда,
Тарлан атқа жолықты.
Қасына жетіп барады,
Келе сөйлей береді:
—Аманбысың, Тарлан ат,
Үстіңе мініп, мен алсам,
Болар ма ең маған қолқанат.
Мінуге тұлпар таба алмай,
Зар қағып жүрмін сандалып.
Ат таба алмай тарығып,
Талабым оңбай қисайып.
Сонда Тарлан есінеп,
Қасына келді кісінеп.
Шілтерлер мөрін алады,
Астыңғы ерні қыбырлап,
Үстіңгі ерні жыбырлап,
Бозұғландай баланың
Құлағына сыбырлап:
—Айналайын жас бала,
Қайратыңа мас бала.
Ұшқан құстай қалқимын,
Аянбай барды сермеймін.
Әлі де болса мені мін,
Біраз жылға шалқимын.
Бозұғлан батыр қуанды,
Ат сөзіне жұбанды.
Тарланды әбден байқауға
Алды-артына шығады.
Аяқтарын саралап,
Қуаттарын көп барлап,
Бозұғлан тұрып толғады:
—Артса бидай қабықты,
Құстың жүні мамықты.
Көтере алмас байларың,
Жылына бір қой саулықты.
Мақтанба, Тарлан, мақтанба,
Мақтансаң да, Тарланым,
Бір жылдық әлің қалыпты.
Сені мініп аралап,
Жүре алмаспын халықты.
Оны мінбей кетеді,
Одан да арман өтеді.
Неше айлар өткенде,
Неше күндер жеткенде,
Асқар тауға жетеді.
Тау басына шығады,
Табандарын тас қағып,
Буындары салдырап,
Аяқ-қолы қалтырап,
Етбетімен құлады,
Құлап жатып ұйықтады.
Ұйықтап жатып Бозұғлан бір түс көреді.Түсінде тау етегінде Алтын орданы, оның ішінде аққудың көгілдіріндей асқан арумен жолығысады. Бірақ келісім болмайды емес, ғашық боп, өлер халге келеді. Бірме-бір қол созғанда оянып кетеді. Қасында шөпшек теріп жүрген екі әйелді көреді.
Бұлар Үрім ханның дана, сұлу Айбарша атты қызының малай әйелдері еді.
Айбаршаға Бозұғланның ат іздеп тау арасында жүргенін, соның Айбаршаға ер болатынан Ықылас ата Шашты Әзиз Айбаршаға аян беріп, алдынан шығуды бұйырып еді. Міне, Айбарша тарығып, жеріне, Бозұғлан тау арасында жолығар, құмарын тарқатсын, сусын—тамақ ішсін, үйімде қонақ болсын деп Алтын шатырды тіктіріп, қырық қыз, отыншы қырық қатынмен тау арасына келіп жатқанына екі күн болып еді. Қырық қатынның ішінен екі қатын бөлініп шығып, «біздер отын теріп келейік» деп, Айбаршаны алдап, Айбаршадан рұқсат сұрайды. Рұқсат алады. Ондағы ойы бұрын-соң әйел көрмеген жас біздерге зейні ауып, жұғысар ма екен деген ой еді. Әне, ұйқыдағы Бозұғлан қолын созғанда екі қатын екі қолынан тартып қарап тұрады. Сонда екі қатынға Бозұғланның сөйлеп тұрған жері екен: