Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бозұғлан (4-бөлім)

Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 3 мин оқу

Осыны айтып кәмбіл пір
Ғайып болып жөнелді.
Ақтан беріп аянды,
Батыр сонда оянды.
Тұрды сөзін есітіп,
Бозұғлан шошып ойланды.
«Өңім бе» десе, түсі екен,
Түсімде аян бергені—
Өзіме жаббар кісі екен.
Осылай деп Бозұғлан,
Жаяу тартып жөнелді.
Таудан теріп шиені,
Жар етіп Жаббар иені,
Сәске мезгіл болғанда
Баланың көзі көреді
Жайылып жатқан түйені.
Түйенің алдын «шөк-шөк» деп,
Бір шал енді көрінді.
Шалға жетіп келеді,
Иіліп сәлем береді:
—Ассалаумағалайкум,
Алдымдағы қарт ата!
Отбасың менен ел-халқың
Бәрі тегіс аман ба?!
Атаңа нәлет ит қалмақ
Беріпті-ау азар саған да.
Сенен бөтен жан жоқ па,
Бағатын түйе қалаңда?
Қысылып, қартым, жасқанба,
Жас үлкенді сыйламай,
Азар берген оңар ма,
Жауап қайтар бұған да.
Сонда шалың сөйледі:
—Алайкүм ассалам,
Жаяу жүрген жолаушым.
Қайырлы болсын қадамың,
Алдымдағы жас бала,
Қайратына мас бала.
Өзің жап-жас баласың,
Құрақ шөптей жанасың,
Қайсы жөнге барасың?
Бидай өңді, қой көзді,
Тамаша бойлы, нұр жүзді
Жолың болсын, жолаушы,
Қай сапарға барасың?!

Сонда бала сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Алдымдағы қарт ата,
Сөзіме құлақ сал, ата.
Үрім хандай қалмаққа
Халқымның кегін алмаққа,
Табаныма салмаққа.
Үрім ханын өлтіріп,
Қанын ішіп тоймаққа.
Зұлымдықтың ашығын
Жер үстінен жоймаққа.
Хан болыпты қазаққа.
Әкемді қуды тағынан,
Айырыпты бағынан.
Елі-халқын шулатып,
Түңіліпті жанынан.
Алдымдағы қарт ата,
Апарып тастап кетіпті
Жаманкедей атамды
Терісақпаның бойына.
Атам менен анам.
Құдайдан тілеп баланы,
Сол жерде күнін көріпті.
Әр күніне бір шабақ
Жеке-жеке тиіпті.
Қабыл болып тілегі,
Жеке туған баламын,
Бала да болсам данамын.
Ел-халқыңды шулатып,
Теңдігімді аламын.
Шұбырып жүрген қалмаққа
Жаяу да болса барамын.
Алла оңғарса ісімді,
Табаныма дұшпанды
Жалындырып саламын.
Табаныма салмасам,
Халқымның кегін алмасам,
Үрім хандай қалмақта
Бенде болып қаламын.
Үрім патша қызы бар,
Қарадәуге бермелі.
Нәсіп болса айырып,
Айбаршаны алалы.
Алдымдағы кәрі ата,
Сөзіме құлақ сал, ата.
Сексен жасқа жеткенше,
Осымен күнің өткенше,
Отырсаңшы үйіңде.
Баққан малың кімдікі,
Тұрған жерім кімдікі?
Еліңдегі ханың кім,
Топ бастаған биің кім?
Топты жарып баратын,
Ұрандап шетке шығатын
Ер жүректі ерің кім?
Сөйлеші, қартым, сескенбей,
Соққан жел боп ескендей.
Сонда қартың сөйледі:
—Алдымдағы жас бала,
Қайратына мас бала,
Дұшпанына қас бала,
Өз еліңе бас бала.
Дұшпаннан аман еліміз.
Қысқа күнде қырық толғанған
Байбақты дейтін биіміз.
Алтын тақ мініп жұрт алған
Үрім патша—ханымыз.
Хан қасында қаралас,
Дұшпанға барар баспа-бас—
Қалқаман дейді еріміз.
Мұнан басқа, балақай,
Ағарып атқан ақ таңдай.
Таң алдында туатын
Жарқыраған шолпандай.
Ұрғашының сұлуы—
Айбарша атты қызымыз.
Тайғызып ханын тағынан,
Айырып халқын бағынан.
Жаулап алған ханымның
Ноғайлық атты малай бар,
Толып жүрген талай бар.
Бәрін сұрап қайтесің,
Жұдырықтай жас бала,
Тартып алған ноғайдан
Жайылып жатқан нары бар.
Азан-қазан шу қылған
Қозы, қой жандық табы бар,
Шалқып тұрған бағы бар.
Арылмаған ырысы
Қалмақтардың, қарағым,
Есігінде күңше бар.
Сен де барсаң, жас бала,
Боласың ханға қол бала.
Бозұғлан сонда сөйледі:
—Алдымдағы, қалмағым,
Таудан ауыр салмағым,
Мақтанба тұрған ханыңа.
Ханға айтатын бар еді
Бір азырақ зарымыз,
Алып бізді, ханыңа
Жол көрсетіп барыңыз.
Бозұғландай балаға
Қалмағың көңіл бұрмады,
Сөзіне құлақ салмады,
Бала тілін алмады.
Кішіпейіл жас бала
Сөйлеген сөзі ыңғайлы.
Ханды көрмей баланың
Көңлі еш жерде тұрмады.
Қанаға симай, Бозұғлан
Бар дауыспен ақырды,
Нар бурадай бақырды.
Ұстап алып қалмақты
Саз батпаққа тықпаққа
Ыңғайланды ақыры.
Арыстандай дауыстан
Менсінбей тұрған қалмағың
Қорқып кетіп құлады,
Естен танып жылады.
Бір азғантай болғанда
Есін жиып алады.
Түйеге қарай жүгіріп,
Маңдайдан тері шұбырып,
Ақ бас нарын шөктіріп,
Аузынан жынын төктіріп,
Жүрегі ұшып шалыңыз
Баладан қашып баратыр.
Қашқан жолы терең сай,
Жеткенше ханға шыдамай,
Шалың зорға баратыр.
Кеудесінен жан шықпай,
Өлдім-талдым дегенде
Хан алдына жетеді,
Иіліп сәлем береді.

Бозұғлан

Барлығы: 66 жыр

Тағы оқыңыз