Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бозұғлан (3-бөлім)

Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 3 мин оқу

Таң шолпаны батқанда,
Көк ешегі астында,
Ақ сәлдесі басында,
Үстінде бар шапаны,
Қолында бар асасы,
Өзі ақтық жолында,
Ерлерді демер,
Ықыластанып бата берер,
Ерлердің пірі Ықылас ата шашты Әзиз
Бозұғланды оятып:
—Тұрсаңшы, балам, тұрсаңшы,
Атаңа мойын бұрсаңшы.
Жатар жерің бұл емес,
Жатқызар пірің мен емес,
Кектескен сенің жауың бар,
Басып алған жеріңді,
Қуып салған өзіңді.
Үрім ханның елінде,
Қалқамандай батыр бар,
Қарахандай жаулар бар.
Айбарша менен Қарашаш—
Елден асқан сұлу бар.
Қарадәу мен Сарыдәу—
Бұл халқыңның дұшпаны,
Осылардың бәрін қиратпай,
Табаныңа салмай,—

Халқыңа тыныштық, өзіңе ел жоқ. Бар, соларға. Атаң сені қимай, олардың жөнін айтпап еді. Тура кейініңе қайт, әр сапарға шығарда ата мен анадан еш бата алмай шықсаң, талабың оңбайды, бар әкеңнің батасын сұра. Мынау саған тіреу—алтын аса, аяғыңа алтын кеуіш, киімің менен осы екі белгіні әкеңе көрсет, әкең рұқсат берер,—деді. Көзден ғайып болды. Бозұғлан қырық күншілік жолды алтын аса, кеуіш кереметінен жеті күнде өтіп, үйіне жетеді, келіп атасына сәлем береді. Көргенбілгенін атасына айтып, рұқсат сұрап тұрған жері екен дейді.

—Айналайын, жан ата,
Сөзіме құлақ сал, ата.
Алды-артымда сүйеу жоқ,
Ішім жалын, сыртым шоқ.
Мен жалғызбын панам жоқ,
Алды-артымда тіреу жоқ,
Қалмақтардың көңлі тоқ.
Бір Жаратқан жар болса,
Үрім хан атты қалмаққа
Жалғызың тұр бармаққа.
Сені қуып қалмақтар
Талапты елі-жұртыңды,
Шулатыпты қалаңды,
Қартайған кілең бабаңды.
Ақ сүт беріп әлдилеп
Өміріңді гүлденткен
Жетім қыпты анаңды.
Қалқаман атты қалмағым
Көрсетіп азап қазаққа,
Жалғызың енді баратыр
Қазақтың кегін алмаққа,
Қарахан атты қалмаққа.
Өзім барып алайын,
Алмасам сонда қалайын.
Ажалым жетсе өлейін,
Жеті жасқа толғанда
Дұшпанымды өлтіріп,
Достарымды күлдіріп,
Қайратымды көрейін—
Батияңды бер, ата.

Бозұғлан да ер еді,
Санаулы ердің бірі еді.
Кемпір-шалда кеміс жоқ,
Бұл сөзін мақұл көреді.
Кемпір мен шал қол жайды:
—Жалғызым, сені тапсырдым
Бір жаратқан Құдайға,
Айналғай иің оңайға,
Жалғызбын деп мұңайма,
Жалпақ жатқан елің бар.
Сол еліңнің ішінде
Басшы болсаң еретін
Еңіреген ерлер бар.
Талабыңды оңғарсын
Жасаған өзі қалайда.
Ықылас ата, шашты Әзиз
Әрқашан сақта жадыңда.
Қабыл болғай батамыз,
Бәлекет келсе балама,
Бір Алла, өзің қаға жүр.
Баратқан жауға жалғызды
Сүрінсе, сүйеп алып жүр.
Қартайған шақта жұлынды
Жұлмай, Алла, жалғай гөр.
Қолыңа берген қамшыны
Қылыштан артық көре гөр.
Жауға кеткен жалғызға,
Бір Жаратқан Құдайым,
Көзіңнің қырын сала жүр!

Осыны айтып, кемпір-шал
Батиясын береді.
Батыр туған Бозұғлан
Жан-жағына қарады,
Көзі оттай жанады.
Ашты өрме қамшыны
Беліне шалып алады.
Үрім хан атты қалмаққа
Мінейін десе аты жоқ,
Киейін десе киім жоқ,
Белге ілер қару жоқ.
Бақытымды Алла ашқыл деп,
Жаяу кетіп барады.
Көлден тартып борықты,
Арада кеше қоныпты,
Жаяу жүріп зорықты.
Неше айлар өткенде,
Ақболат таудың басына
Бозұғлан келіп қоныпты.
Ұйықтамаған қабаққа,
Шалдықпаған жанына
Ұзақ жол батып барады.
Жүрген сайын жұмылар
Көз ұйқыға тартады.
Түн ортасы өткенде,
Таң сарғайып жеткенде,
Ұйқыда мағлұм жатқанда,
Көк ешегі астында,
Нұрлы асасы қолында,
Өзі ақтың жолында
Ықылас ата, шашты Әзиз
Жетіп келді қасына.
Рақым етіп баланың
Тізесін бүгіп басына,
Көзден аққан жасына.
«Белең белең бел емес,
Белден соққан жел емес.
Түрегел, қозым, көзіңді аш,
Маңдайыңа қадам бас.
Сен жататын жер емес,
Ұйықтама, жаным, ұйқыңды аш.
Берекесіз қалмақтар
Қаріптерді мазақтар,
Ел-жұртыңды шулатар.
Сенің әкең кеткен соң,
Иесіз қалды ноғайлар.
Жер-суынан айрылған
Еліңнің кегін сен алмай,
Дұшпаныңды жайратпай,
Ұйықтағаның жарамас».

Бозұғлан

Барлығы: 66 жыр

Тағы оқыңыз