Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бозұғлан (8-бөлім)

Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 4 мин оқу

—Келістікті жеңгелер,
Бет алдыңа қарасам,
Кілең күміс теңгелер.
Туысқан-туған менде жоқ,
Қысылғанда сүйенер.
Мен бір жүрген ылағың,
Қос қолымды ұстаған
Жансын, жеңеше, шырағың.
Етегіне бұл таудың
Тігілген анау орданың
Қандай-қандай сыйы бар,
Қандай-қандай жаны бар.
Осыншама ардақты
Бұл орданың несі бар.
Бұл орданы көргенше
Болмады менің тұрағым.
Сонда қатын сөйледі,
Қылаң етіп қылт етіп,
Сылаң етіп сылт етіп.
Саулы тигендей ыңқылдап,
Сөйлеген сөзі тымпылдап,
Бозұғландай баланың
Қасына келді былқылдап:
—Күзетпесек қорқамыз,
Үрім хан атты қалмақтың
Айбарша атты қызы бар.
Иретілген жыландай
Бұратылған назы бар.
Құралайдың көзіндей
Ойнақтаған жанар бар.
Таудың аппақ тасындай
Тұла бойы беден бар.
Жаңа ашылған қырмызы
Үлбіреген ерін бар.
Отау үйдей тігілген,
Көрген сөзге егілген,
Төсінде бар алмасы,
Алған жігіт олжасы.
Күндіз-түні күтулі
Бозұғлан атты мырзасы.
Өзіңдей неше ерлердің
Қайнаған талай ызасы.
Сонда бала сөйледі:
—Айналайын, жеңеше,
Мінезің екен өзгеше.
Жоғарылы төмен бар,
Құласа құдық шелек бар.
Жасымнан қалған ішімде
Ұлан ауру, шемен бар.
Палкерге палды салдырсам,
Жазылмайтын жара бар.
Табанымды тас тіліп,
Күні-түні жол жүріп,
Келе жатқан жөнім бар.
Жақсы қызды көрсетің,
Дәмелілік зарым бар.
Сөйледі сонда қатындар:
—Хатта қалем сызық бар,
Қай сөзімде бұзық бар,
Бара алмассың, жері тар.
Барамын десең, қарағым,
Ішінде алып жүрейік.
Кеңнен пішкен көйлектің
Екеумізбенен бірге бар.
Дәулетің кетпей басыңнан,
Көп ұзатпай қасымнан,
Жоқшылық көрсең жасыңнан,
Бозұғланбысың, шырағым,
Азын-аулақ хабар бар—
«Келе жатыр» деген сыртыңнан.
Жаңа түлек, жас сұңқар,
Екеумізбенен барып қал.
Ер жігітке қиын емес,
Таман қылса дүние-мал.
Ортаға алып барайық,
Белімізден құшақтап,
Шамаң жетсе барып қал.
Сонда бала сөйледі:
—Айбаршадай аруды
Жалғыздың ісі қиын-ды.
Астыма мінер атым жоқ,
Жігіттіктен не пайда?
Қолыма алар қару жоқ,
Батырлықтан не пайда?
Жоқшылықпен жүріппін,
Қараңғы түнек тұманда.
Ықылас ата, шашты Әзиз,
Екі қолым жағамда.
Мен секілді балаңды
Қалдыра көрме табанда.
Тигізе көр шапағат,
Зарланып балаң тұрғанда.
Дұшпанға кекті бермейтін,
Тірі жүрсем жалғанда
Не бар, не жоқ көрейін.
Алтыннан тіккен орданы
Өзім барып сынайын,—

деп Бозұғлан Алтын ордаға келсе, Айбарша мұсылман болып, қырық қызымен намаз оқып отыр екен. Барлығы да сәждеге бас қойғанда Бозұғлан жан-жағына қараса, барлық кеуіштің ішіндегі алтын кеуішті көреді.

Алтыннан тіккен кеуішті
Баланың көзі шалады,
Кеуішке жақын барады.
Кеуішті бала қолға алып,
Әбжыландай толғанды,
Біреуін алып қашады.
Кеуішті алған баланы
Қуайын деп қырық қатын
Киімін шешіп сайланды.
Тәңірім бергей тілекті,
Сабырлық етсе керекті,
Айбарша қыз білекті.
Балаға жұпты болажақ,
Тәңірі берсе тілекті.
Зауқы-сапа сүрежақ,
Ойнап-күліп бірлікте.
Намазын бұзбай Айбарша
Қырық қатынға қума деп,
Қыз көтерді иекті.
Оқуын болып намазды,
Жібектен тіккен дамбалды
Сыдыра киіп алады.
Әлгі кеткен баланы
Айбаршадай сұлудың
Өзі қуып барады.
Едәуір жерге барған соң,
Бала артына қарады.
Бала артына қараса,
Қыз қуғанға ұқсады.
Қыз қуғанын білген соң,
Бала қулық жасады.
«Ғашықтың зарын тартсын,—деп,
Қорлықтың зорын көрсін,—деп,
Оңаша маған қалсын»,—деп,
Бала қашып баратыр.
Қайтса да қыз көнер,—деп,
Қызыл қия шеңгелдің
Арасын жарып қашады.
Айбаршадай бұла қыз,
Бетіне тозаң тимеген,
Қамқадан бөтен кимеген,
Жаядан бөтен жемеген,
Қиыншылық көрмеген,
Жел тимеген уыз ед.
Әр шеңгелдің бастары
Мақтадай түтіп баратыр
Айбаршаның ақ санын.
Кіршілдеп кірген тікеннен
Айбаршадай сұлудың
Қан-қан болып табаны.
Ғашықтық дерті—дерт екен,
Білгізбеді жараны,
Қызыл қия шеңгелде.
Бозұғлан сонда тоқтады,
Айбарша қалды қабынып,
Шапқан аттай сабылып.
Сонда Айбарша сөйледі:
—Таспа таудың ойында,
Терісақпаның бойында,
Жаманке ханның жалғызы—
Бозұғлан сұлтан сенбісің?!
Басыр-басыр басыр-ды,
Аққа құлпы жасылды.
Батыр туған Бозұғлан
Өз атын сонда жасырды:
—Ерлер киер кебенек,
Қарлар жауар себелеп.
Не сөйлейсің, Айбарша,
Бозұғлан деген немене?
Сонда Айбарша сөйледі:
—Мал жаямын Ақтасқа,
Жоқ жоғалттым нанбасқа.
Сен Бозұғлан болмасаң,
Мұншама әлек қылдың,—деп,
Жұлып алып кеуішті,
Бозұғландай баланың
Керіліп ұрды қақ басқа.
—Отырған жерім Тасқала,
Қырық қыз нөкер қасымда.
Мұнша қылып масқара,
Тағы да ұрды маңдайға,
Келмес мұндай қолайға.
—Кеуішімде нең бар еді?,—деп,—
Жөніңе жүрсең болмай ма,
Осылай саған сыбаға.
Енді қайтып жолама,
Мен жүрген осы маңайға.
Бозұғлан тұрып толғады,
Толғаудың басы оңбады:
—Таспа таудың ойында,
Терісақпаның бойында,
«Өлсін» деп бір кез тастаған,
Үрім хан деген оңбаған.
Жаманке ханның жалғызы—
Ықылас Ата, шашты Әзиз,
Өзі қосқан жар едім,
Өзіңнен таяқ жегенім.
Кеудеден шықпас бұл арман,
Жүре береді ғой адамзат
Шықпаған соң шыбын жан.
Маңдай сүю орнына,
Маңдайыма ұрғаның—
Бәрінен де сол жаман.
Ендігі сөздің қысқасы,
Жаманке ханның жалғызы,
Сұрасаң, атым—Бозұғлан.
Сонда Айбарша сөйледі:
—Қынама бешпент қынадым,
«Бақытты қыл» деп Құдайға
Күндіз-түні жыладым.
Көзімнің жасы көл болды,
Тасыған судай мол болды.
Ғашық болған ғайыптан
Мен бір жолдас лағың.
Айналайын, Бозұғлан,
Білмей ұрдым, шырағым.
Күнәмді кеш, Бозұғлан,
Сізден осы сұрағым.
Айбарша: «Мені ал,—деді,
Сөзіме құлақ сал»,—деді.
—Айбарша, сені алмаймын,
Сөзіңе құлақ салмаймын.
Жақсы менен жаманды
Бала да болсам аңдаймын.
Қатын алып болған соң,
Тоқалдыққа аламын.

Бозұғлан

Барлығы: 66 жыр

Тағы оқыңыз