Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бозұғлан (1-бөлім)

Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 2 мин оқу

Бұрынғы өткен заманда,
Басталар өмір азанда,
Бүкіл қазақ аманда
Қазақтардың ішінде,
Елдігі мықты кезінде,
Көк орайлы жерінде,
Көк ордалы елінде,
Күлкілері көзінде,
Қуанышы жүзінде,
Құт-береке жерінде,
Малы семіз, елі құт,
Көрмепті халқы ешбір жұт.
Сөз маржанын шашқан жай,
Ұшқан әндер қалқалай.
Төгілген күйлер сорғалай,
Болыпты дәурен қызық-ай.
Сол қызықты бұзуға,
Бұзып жарып алуға,
Қалмақтар белді буады-ай.
Қазақтың ханы Жаманке
Ақылдан қатты сасады-ай.
Сасқанының белгісі—
Қалың да тобыр жас бала,
Қырылып кетсе не шара?!

Әлқисса, елі-халқын ойлаған, өлімге халқын қимаған хан сасып жата берсін. Қазақтың жеріне қаптап келген қалмақтардан сөзді есітің.

Бұрында жау болуды, елге дау салуды қалмақтың хандықтарының ішінде өзі мықты, батыры да көп, елінің азаматы да көп Қарадәу, Сарыдәудей озбыр батыры бар Қарахан патша қазақтармен сыбайлас отырған ноғайлық жұрты болар Үрім ханға сөз салды, сөз салғанда да өз күшін салмақтап, батырларын ардақтап, хандығын мақтап, қазақтарды даттап, Үрімге қазақтың ханы Жаманкені хандықтан қуып, олардың елін талауды, таланған малының үштен екі бөлегін Қарахан өзіне жіберуді сұрады. Айтқанды орындамаса, Үрім хандай кіші патшаның кеудесінен бас, көкіректен жан кететінін тапсырды. Бес жастағы қызы Айбаршаны Қарадәудей батырына айттырды.

Үрім бұл хабарды есітіп, көңлі бұзылды. Күштіге қылар шара жоқ, айтқанына көнді. Билерінің басын қосып, ақылдасуға кірісті. Сонда ақылгөй Байбақты деген биі:

—Шындығында, тақсыр, Жаманке қартайды, миы ортайды. Елін шаппай-ақ хандықтан Жаманкені тайдырып, малымүлкін алдырып, сұрағанын Қараханға жіберейік. Қашаннан қазақтар қоңсы еді, зияны жоқ еді. Үлкейген кісіні халық ортасында өлтірмейік, өлтірсек кейін қайғылы ел бүліншілікке ұшырайды,—дейді,—адам көрмейтін, көрініп көзге түспейтін, елсіз, шөлістанға, иә шыбын шіркейі мол, жыланы, құрбақасы тыныштық бермейтін көл жағасына олар тасталсын, ауқатсыз өздері-ақ өлер,—деді. Бұл бәріне мақұл түсті.

Үрім ханның елінде Қараман дәудің Қалқаман деген батыры бар еді. Ол Қарахан патшаның бір батырының күйеу баласы еді. Қайын жұрттан келген хабарды есітіп, Байбақтының, Үрімнің айтқанын тыңдамай, қазақтың хансыз елін шауды, бар байлығын алды, күнде, күніме де түсіріп байлығына бусанып жата береді.

Байбақтының сілтеуімен жаман арбаға мінгізіп, бірнеше күн жол жүргізіп, Терісақпа судың бойына, таспа таудың ойына тастап кетті. Бір-екі күндік азық қанша болсын, таусылды. Жаманкенің мойнына өлімнің құрығы асылды. Жейін десе наны жоқ, ішейін десе тамағы жоқ, не қыларын білмей, бір биіктің басына шығып жан-жағына қарады, көзінің жасын бұлады, теңселіп қарап тұрғанда, көл жағалай отырған көкқұтан менен Қарабайды көреді. Қарабай құстың астынан аса бұға балықтың қалдығын тауып алыпты. Қалдықты әкеліп үйіне пісіріп жеп, кемпірін құшақтап, әзіл айтып қыңқылдап, күйіне келіпті. Бауырға тартып кемпірін, жатып дем алыпты.

Бозұғлан

Барлығы: 66 жыр

Тағы оқыңыз