Бозұғлан (6-бөлім)
Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 3 мин оқу
Тай беруге уәде еткенде Үрім ханның ақылгөй биі ел аралап кеткен еді.
Хан сұрауындағы «әр бір үйдің басына бір тай бере бергенде неміз қалады» деп ойланған Байбақты:
—Қой, өзім барайын. Көзіммен көріп, ақылға салып сынайын. Батыр болса, батырлығын, болмаса, қаріп болса қаріптігін көріп, қолына бір тайды беріп, қаладан сыртқа шығарып жіберейін,—дейді де Байбақты хан сарайына жол алды.
Мінгені Байбақтының дөнен еді,
Торқаға тоғыз қабат бөленеді.
Баланы хан қасында көрмей, білмей,
Бесінде тарлан атпен жөнеледі.
Байбақты жетіп келеді,
Баланы көзі көреді.
Баланы көзі көрген соң,
Миығын тартып күледі,
Күліп сөйлей береді.
Сөйлегенде не дейді:
—Үрім дейтін патша,
Отырған жерім тас қала.
Теріс ақпаның бойынан,
Таспа таудың ойынан
Келген болса бұл бала,
Өз-өзіне ол дана.
Тай берсең де бәрі бір,
Мал берсең де бәрі бір.
Күндердің күні болғанда
Мына тұрған жас бала
Қылады бізді масқара.
Қайнар ма десем көл екен,
Асқар ма десем шың екен.
Қол астыңдағы қалмақты
Бөрідей жұлқып жер екен.
Мына тұрған жас бала
Елі менен әкенің
Біздегі кеткен кегі үшін
Өртейді қоныс жеріңді,
Қарындас қалың елімді.
Әдейі арнап келген соң,
Шулатар қалмақ елімді.
Әлі бастар назы бар,
Көлденең салар қолы бар.
Тиіп-тиіп алатын
Алатын да орны бар.
Батыр болса ол алар,
Жағамызға қол салар.
Сонда да патша, халайық,
Залым болса, кәпірдің
Басына тисін киесі.
Тайларыңды қайтып ал,
Тай берген қалмақ иесі.
Байбақтының бұл сөзін
Қалмақтар мақұл көреді.
Берген тайды бір-бірлеп
Үлесін алып кетеді.
Тайын қайтып алады,
Тайын қайтып алған соң,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз қатып,
Мұздай да темір құрсанып,
Алып туған Бозұғлан
Арыстандай айбатпен
Айқара тастап сөздерін,
Жасқантып қалмақ көздерін,
Салдыртып дұшпан жүздерін,
Батыр сөйлей береді,
Сөйлеп батыр не дейді:
—Бейбітшілік жолменен
Келіп едім бітімге.
Қатын да екі сөйлемес,
Халық басқарған хан түгіл.
Берген тайдан қол жаздым,
Теңдікке бізді алмайтын,
Патша, саған не жаздым?
Ауру болмай, сау болдым,
Өлгенімше, қалмағым,
Сеніменен жау болдым.
«Жаулығымның алды» деп,
Босағасын патшаның
Қопарып тастап барады.
Жолда тұрған заттарын
Қиратып кетіп барады.
Көкейі болған баланы
Ізінен ешкім қумады,
Қуатын батыр шықпады.
Былай шығып Бозұғлан
Бір ақылды ойлады:
«Айналайын апайым,
Ақ жаратқан Құдайым!
Бермеді қалмақ тайларын,
Нешік айла қылайын.
Өзім жаяу болсам да,
Аттылардан кем емес
Менің маңдай, талайым.
Үрім хандай қалмақта
Бар ма екен тұлпар сынайын», —
Деді дағы, Бозұғлан
Жан-жағына қарады.
Адасқанның алды жөн,
Жаяу кетіп барады.
Сәске мезгіл өткенде,
Күн-төбеге жеткенде,
Тау басына шығады.
Жалпақ жатқан даланың
Етек жағына қарады.
Жайылып жатқан жылқыны
Бозұғлан көзі шалады.
Жылқыға таман барады,
Көз жіберіп қарады.
Қараса, Қарақұлақ пішімді
Боз тұлпарға жолықты.
—Сен тұлпар болсаң, мен сұңқар,
Сендей тұлпар таба алмай,
Көп сандалдым ынтызар.
Бастан өткенді баяндап,
Тілің бар ма мұны ұғар?
Тілі шығып тілдеспей,
Тұлпардың ерні қыбырлап
Қалғаннан соң жануар,
Батыр толғай береді:
—Өзің тұлпар болсаң да,
Сені мініп қор болып,
Жүрмейін жұрттың шаңында,
Жолама менің маңыма.
Халқымның кегін алайын,
Мінемін патша тағына.
Қалмақтың түбі қарабас,
Бісмілләсіз ішер ас.
Неше тұлпар болсаң да,
Тілдесуге келмеген,
Сөйлеп сөзді бермеген,
Жүйрік болса да жануар,
Мен мінуге жарамас.
Оны мінбей кетеді,
Одан да арман өтеді,
Көп жылқыға жетеді.
Көз жіберіп қарады,
Көз жіберіп қараса,
Аққудай мойны бүгілген,
Құйрық-жалы төгілген
Ақмоншақ атқа жолықты,
Жолығып батыр сөйледі:
—Аманбысың, Ақмоншақ,
Сен тұлпар да, мен сұңқар.
Жақсыны жақсы таба алмай,
Төгілді талай ынтық зар.
Ұзақ жолға мінуге,
Мініп дәурен сүруге,
Шамаң жетсе жануар,
Бірім-бірім баянда.
Тұлпар сонда ұмсынды,
Еріндерін қымсынды.
Тілі шығып сайрамай,
Ақмоншақ ат қынжылды.
Сол уақытта Бозұғлан:
—Ақмоншақ тұлпар болсаң да,
Көңілімді ашарға.
Адам болып ат мінсем,
Өкпелеме, Ақмоншақ,
Бір түсерсің кесарға.
Жаратқан өзі жар болса,
Келіп тұрмын қалмаққа,
Қалқымның кегін алмаққа.
Тұлпар да болсаң, біліңіз,
Бір шықпады тіліңіз.
Тілдеспей мінген тұлпармен
Қалмақты қалай жеңеміз.
Ақырет азан көріпті,
Байтақ жатқан еліміз.