Қарасай—Қази (1-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 4 мин оқу
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда
Ноғайлының елінде,
Қазіргі Қырым жерінде
Аушыбай деген пір өткен.
Жарлы болып Аушыбай
Аңшылықпен күнелткен.
Бір күндері Аушыбай
Аң аулап жүрген жерінде,
Қоғалы құрақ көлінде,
Айдын көлдің шетінде,
Күн батыс Арқа бетінде
Қонып тұрған су ішіп,
Үш аққуды көреді.
Жақындап мерген келеді,
Атайын деп аққуды
Суырып алды жебені.
Отырып алып тізерлеп,
Садағын мерген кезеді.
Осы тұрған үш аққу
Шын атарын сезеді.
Аққу емес, бұл тұрған
Су перінің қызы еді.
Суға түсіп сайрандап,
Кету үшін бой жазып,
Осы көлдің басына
Жылына бір күн келеді.
Ататынын мергеннің
Енді бұлар біледі.
Үш сілкініп сол жерде,
Қыз кейпіне келеді.
Батыр да болса Аушыбай
Сескенейін деп еді.
Пайда болған перизат
Өзіне қарап жүреді.
Аушыбай да сол күнде
Үйлене қойған жоқ еді.
Аушыбай сонда айтады,
Пері екенін байқады.
«Неде болса барайын,
Пенде қылып алайын.
Түсінбесе сөзіме,
Барлығын да шабайын.
Пері болсын, жын болсын,
Жүрмін ғой көріп талайын»—
Деді дағы, Аушыбай
Жетіп келеді қасына-ай,
Сөйледі мерген осылай:
—Әуелі аққу едіңіз,
Айналдың адам пішімге.
Көргенім жоқ мұндайды
Өңім түгіл түсімде.
Аңшылық еді талабым
Өмірімнің ішінде.
Келдің қалай, шырағым,
Мұндай перизат мүсінге.
Ендігі сөздің қысқасы—
Аты жөніңді айтыңыз,
Маған пенде боласыз
Үшеуіңнің қайсыңыз?
Бұл Аушыбайға кез болған су перінің қызы еді. Жылына бір рет келіп осы суға шомылып, бой жазып кететін еді. Бірақ басқа адамға көрінбеуші болатын. Аушыбайдың әруағы өздерінен артық болғандықтан, қолға түсіп тұрғандығын айтады. Үш түрлі шартпен перілердің үлкені пенде болып қалып, қалған екеуіне рұқсат беруді сұрайды. Шарт төмендегіше болады:
1.Түнде далаға шыққанымды көрме.
2.От жаққанымды көрме.
3.Бас жуғанымды көрме.
Егер осы шарттың біреуін де бұзсаң, мен саған пенде болмаймын,—дейді. Аушыбай бұған келісім беріп, үлкеніне үйленіп, екеуіне рұқсат береді. Бір күндері Аушыбай шартты бұзып, үшеуін де көріп алады, мұны әйелі біліп, Аушыбайға айтады: «Сен шартты бұздың. Мен саған пенде болмаймын, енді менің ішімде алты айлық перзентің бар. Өзі ер бала, тоғыз ай, он күн толғанда Тоқташы хан деген қалмақтың жерінің шегіндегі бір бәйтеректің басына туып кетемін. Ол бұл жерге алты айлық жол, сол балаңды өзің тауып аларсың»,—деді де, көзден ғайып болды. Сол баланың аты Едіге қойылды. Ноғайлының ескі жыры осыдан басталады:
Ноғайлының ескі жыр—
Ел аузында айтылып,
Ертеден-ақ келеді.
Арғы атасы—Аушыбай,
Алғаны оның пері еді.
Баба түкті Шашты Әзіз
Әулие, шайқы пір еді.
Одан туған Едіге—
Тас қайнаған деміне,
Келмеген дұшпан шеніне.
Қару-жарақ асынып,
Байлаған садақ беліне.
Бүлік салған секілді
Тоқташы ханның еліне.
Одан туған Нұрадын
Тарқатпаған құралын,
Беріпті Алла мұрадын.
Бұ да шарлап шығыпты
Қалмақтардың сұрамын.
Талай ханды өлтіріп,
Тарқатыпты құмарын.
Одан туған ер Мұса—
Қару жарақ асынып,
Беліне садақ байлаған,
Алдына салып айдаған—
Патша болсын, хан болсын,
Өзі батыр жан болсын,
Айдардан ұстап байлаған.
Қарсы келген дұшпанды
Заманында қоймаған.
Қалмақты қойдай бауыздап,
Ішсе де қанға тоймаған.
Батыр Орақ, хан Мамай
Ер Мұсадан туыпты,
Беліне жарақ буыпты.
Жастайынан жау алып,
Атаның жолын қуыпты.
Ат жетер жерде жау болса,
Орақ-Мамай келді деп,
Болған екен кәуіпті.
Қалмақтың ханы Аюке,
Бұны да олар шауыпты.
Өгізтаудың басында
Палуан, Сұлтан екі хан,
Екеуін де өлтіріп,
Тамағынан шалыпты.
Олардың қатын баласын
Жесір қылып алыпты.
Ұрыста Мамай жүргенде
Тоқалдан туған көп жаман
Орақ сынды батырды
Көк алмасқа шалыпты.
Күндердің күні болғанда,
Ішіне толып арманы,
Орақ сынды асыл ер
Бір жаманнан өліп қалыпты.
Патша болсын, хан болсын,
Қандай дана жан болсын,
Армансыз пенде жоқ еді.
Тірісінде көзінің,
Сау күнінде өзінің,
Бітіре алмаған Орақтың
Үш арманы бар еді.
Өлерінде ер Орақ
Үш арманын баяндап,
Алғанына сөйлейді:
—Некелесім, жұбайым,
Сені қосқан Құдайым.
Бұл жалғанның ішінде
Үш арманым бар еді,
Саған баян қылайын.
Бірге туған Мамайды,
Емшектесім жұбайды
Бір перзенттің жоғынан,
Қайғысының зорынан
Күлдіре алмай барамын—
Бір арманым сол еді.
Қарасай, Қази шырағым
Ат жалын ұстап мінгесін,
Қайғылы Мамай атасын
Бір күлдірсін дегенім—
Күлгенін көзім көрмеді.
Күлерме екен Мамай деп,
Теңселтіп жорға мінгіздім.
Онда да Мамай күлмеді,
Күлгенін көзім көрмеді.
Жазық қабақ, қанды бет
Ару алып сүйгіздім,
Мұнда да Мамай күлмеді.
Күлмеуінің себебі—
Мамайда бала жоқ еді.
Маған берген екі ұлдың
Біреуін оған бермеді.
Осы ма деп ойлаймын
Күлмеуінің себебі.
Екінші менің арманым—
Ер Көкшенің қызыл ат
Міне алмай кетіп барамын.
Қарасай, Қази қарағым
Сол атты мінсін дегенім.
Үшінші менің арманым—
Арғы атам Едіге,
Ол бармаған жер еді.
Едіге ұлы Нұрадын
Бұл бармаған жер еді.
Артық туған ер Мұса
Және біз бармаған жер еді.
Қара қыпшақ Қобыланды
Құрметті ер Сұлтан—
Қайраты асқан ер еді,
Қыдыр ата пірі еді.
Бармауының себебі—
Қызылбастың жау еді,
Қиғаштың биік тау еді.
Қызылбасты қаратып,
Бағындырып алалмай,
Дүниеден етіп барамын.
Қарасай, Қази қарағым
Қызылбасты қаратып,
Жіберсін елін таратып.
Осы бастан Қарасай
Бақсын атын жаратып.
Осы сөзді айтты да,
Басқаға тілі келмеді.
Орақ сынды асыл ер
Дүниеден өтіп жөнелді.