Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (17-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу

Уайым салдың көп қолға,
Барған адам өлед деп.
Қуат берсең болмай ма,
Жауға аттанған ер жігіт,
Маңдайынан көред деп,
Қиын да болса көнед деп.
Ажал келсе Алладан,
Үйде де болса өлед деп.
Жау қайтарар ер жігіт
Осындай жерде керек деп,
Жіберіп едім мен сені.
Кескір алмас ер ед деп,
Қалай да болса Қарасай,
Тіл әкеліп беред деп.
Мұнан дағы көп жақсы
Қой баққаның ауылда,
Жүгіріп жаяу дедектеп.

Осы уақта ер Қази,
Жатыр еді жамбастап,
Сөйлемейді бейбастақ.
Шыдамады сөзіне,
Қарамады көңіліне,
Сары жайдан атқан оқ
Тигендей болды өзіне.
Буырқанып, бұрсанып,
Көтеріп алды басын-ай,
Қатты келді ашу-ай.
Сөйлеп тұрған Әділдің
Жетіп келді қасына-ай.
Ызаланып-долданып,
Сөйледі Қази осылай:
—Ау, хан Әділ, хан Әділ,
Тарта сөйле тіліңді.
Нашарлығың, хан Әділ,
Осы жерде білінді.
Тигізе берме тіліңді,
Өзімнен үлкен ағама.
Тіл тигізіп орынсыз,
Қолыңды салма жағама.
Айтқаны рас ағамның,
Көзі көріп келіп тұр.
Жау екенін кәуіпті,
Қарасай көкем біліп тұр.
Жанған отқа түсе алмай,
Сол үшін қайтып келіп тұр.
Батырға да жан керек,
Орынсыз сөйлеу не керек?!
Сояқта өліп кеткенде,
Ағаны маған кім беред?!
Орынсыз Әділ ұрындың,
Қорлығыңа кім көнед?!
Кімнің еркек, қатыны,
Кімнің қорқақ, батыры,
Сыналатын күн жақын.
Белгілі болар ақыры,
Сен болсаң, күшің көрерміз—
Ноғайлының батыры.
Қорқақ болса, қайтейін,
Әйтеуір, менің жақыным.
Қалмаққа өзім кетейін,
Тіл әкеліп бермесем,
Болайын сенің қатының.
Әркімдер де қолдайды,
Өзінің туған жақынын
Келгесін, Әділ, шешермін,
Бұл сөзіңнің ақырын.
Ау, Әділ хан, досым-ай,
Есіңде сақта осыны-ай.
Жалғыз өзім кетейін,
Адам ертпей қасыма-ай,—
Деді дағы, ер Қази
Қара атына мінеді,
Бірде шауып желеді.
Қызыл туын көтеріп,
Тауға қарап жөнелді.
Баруға қиын, кеш болды,
Әжептеуір іс болды.
Қази жолға шыққанда,
Күн еңкейіп кеш болды.
Қас қарайып күн батты,
Қази бала түн қатты.
Жалғыз аяқ тар жолға
Түсіп алып, жол тартты.
Бір мезгілдер сарғайып,
Жарық болып таң атты.
Таудың келді бетіне,
Жолдың шықты шетіне.
Келе жатыр жақындап,
Қызылбастың кентіне.
Келіп тұрған секілді,
Қорғасанның дуамен
Бекітіп қойған бентіне.
Осы жерге келгенде
Күркіреп жүр жолында
Жолбарыс, аю, арыстан.
Көрінбейді қараса,
Қалың тоғай қамыстан.
Үстіне келіп қалғанда,
Қази тұра жабысқан.
Шауып өтіп барады,
Жақындамай алыстан.
Жабысқаны өлгесін,
Қашатын болды арыстан.
Ұмтылады Қазыға,
Айдаһар жылан ысқырып.
Астындағы Қара аты
Қан сиеді пысқырып.
Алмасымен кесіп барады,
Ортасынан үш бөліп.
Қазы кетіп барады,
Ауазы көкті жарады.
«Қызылбастан ұстайтын
Тіл бар ма» деп қарады.
Қараса адам жоқ екен,
Қауіп-қатер көп екен.
Ойлап келіп қараса,
Адамзаттың баласы
Жүре алмайтын жер екен.
Ала алмады жан тауып,
Жүре алмады жол тауып.
Олай-былай жүруге
Ерге болды зор қауіп.
Қайғы түсіп жүрекке,
Ауыз кетті тілекке.
Қазы келіп тірелді
Жан жүрмейтін түбекке.
Бара алмады ел тауып,
Қызылбастың еліне.
Тіл ұстауға қызылбас
Көрінбеді көзіне.
Келіп тұрған секілді,
Қарғасанның ат салып,
Келіп кеткен жеріне.
Осы жерде ер Қази
Жолдың түрін байқады.
Қиын жолды көргенде
Сонда бір жауап айтады.
Қарасай көкем ер екен,
Көргенін айтып жүр екен.
Әділдің сөзін көтерген—
Қас әулие пір екен.
Абайламай сөз айтқан
Қас ақылсыз мен екем.
Қызылбастың еліне
Баратын жол жоқ екен.
Қызылбастан тіл алмай,
Бос қайтқаны сол екен.
Құралақан қайта алмай,
Жалған сөзді айта алмай,
Тарығып Қази тұр екен.

Тағы оқыңыз