Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (34-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу

Үш айдан әрі қалдырмай,
Әділді алып келеміз.
Бүгіннен бастап санай бер,
Сөзімнің болмас жалғаны-ай!
Осылай деп Қарасай,
Тұрған екен шамасы-ай.
Қарасай мен Қазиға
Қол жайып берді батасын
Әділдің туған анасы-ай.

—Жолыңыз болсын, барыңыз,
Әділді тауып алыңыз.
Қарақтарым, сіздердің
Бір Алла болсын жарыңыз.
Ұмытып кетпей тар жерде,
Піріңізді еске алыңыз.
Қарағым, сізден садақа,
Дүния-мүлік, малымыз,
Мал түгіл, біздің жанымыз.
Осы сөзді айтты да,
Тілектес болып қалады.
Өздері көрген жолменен
Екеуі кетіп барады.
Бірнеше күн жол жүріп,
Азғана емес, мол жүріп,
Тынбай жүріп келеді.
Қиғаш таудың қарасын
Екі батыр көреді.
Екі тұлпар жануар
Бауырынан жарады,
Шекесінен қарады.
Сылап, сипап батырлар,
Жал-құйрығын тарады.
Таң сарғайып атқанда
Жалғыз аяқ жолменен
Қаратаудан құлады.
Күн қызарып шыққанда
Тас өткелге барады.
Одан әрі өткенде,
Сонда көзі шалады
Өздері бұзған қаланы.
Қарасай сонда сөйледі:
—Қызылбас айла тауыпты,
Қорғанды мықтап жауыпты.
Айнала қандек қазықты,
Он екі жерден ашылған
Даруазаны жауыпты.
Қарасай-Қазы келер деп,
Қалаға шауып кірер деп,
Болған екен қауіпті.
Қас қарайып күн батсын,
Қаласына жау жатсын.
Қараңғы түнде шабалы,
«Орақ!»—деп ұран салалы.
«Орақ!» деген дауыспен
Жер дүнияны жаралы.
Қорыққасын қызылбас,
Тастап қашар қаланы.
Қаласынан шығарып,
Қызылбасты қыралы.
Қаланың ішін босатып
Айла менен алалы.
Қызылбастан тіл ұстап,
Тұтқындағы Әділдің
Жатқан жері табалы.
Сонда Қази толғады:
—Ау, Қарасай ағамыз,
Іздеп келген ер Әділ
Осы жауда болғасын,
Шаппай нағып тұрамыз?
Қарасай аға, білмеймін,
Өнемейін түн дейсің,
Өз-өзіңді жөндейсің.
Батыр болсаң, Қареке,
Күндіз неге тимейсің?!
Бұл айтқаның жөн емес,
Жасырынған ер емес!
Жасырынып жау алған,
Ол атаның жолы емес.
Жаудың қорқып көбінен,
Қорқыныш салма көңіліме.
Қорықсаң, аға, қайта бер,
Осы жерден кейінге.
Көп те болса бұл жауды,
Қоя бер, аға, өзіме.
Жасырынып жау алсам,
Ұяламын көруге
Атам Орақ жүзіне,—
Деді дағы, ер Қази
Тыңдамады сөзіне.
Кірейін деп қалаға
Қази салды «Алланы».
Қарасай одан кем бе еді,
Артық туған ер еді.
Інісінен қала алмай,
Талма-тал түс уақытында
Екеуі шапты қалаға-ай.
Қаланың аузын қандатып,
Қақпаның аузын шаңдатып,
Екеуі салды бұлағай.
Екі жерден екеуі
«Орақ!» деп ұран салады.
Қызыл-жасыл екі ту
Көтеріп жауға шабады.
Мысалы оттай жанады.
Қызылбастың үстіне,
Ақырзаман салады.
Көп те болса қызылбас,
Тая берді табаны,
Құри берді амалы.
Көрінгенін қырады,
Екі жерден екеуі,
Аралады қаланы.
Қызылбасты қаладан
Шығарып айдап шығады.
Қаланың іші-сыртынан
Досын іздеп қарады.
Дербент деген зор қала,
Соған қарай салады.
Бұдан бұрын қалмақтар,
Дербентке хабар салады.
Алдырмасқа қызылбас
Салып жатыр амалды.
Сонда тұрып ер Қази,
Қарасайға толғады:
—Күтініп жатыр қызылбас,
Бізге Құдай жар болсын.
Себеп болып пірлерім,
Дербентте Әділ бар болсын.
Атқа мінген хан болсын,
Мырза болсын, би болсын,
Таңдап ұстап алалы.
«Тауып бер,—деп,—Әділді,
Өлтірем»,—деп сұралы.
Қорыққанынан қызылбас
Шынын айтар жасырмас,—
Деді дағы, ер Қази
Қызылбасқа шабады.
Бір қадірлі мырзасын
Таңдап, ұстап алады.
«Тауып бер» деп Әділді,
«Өлтірем» деп сұрады.

Тағы оқыңыз