Қарасай—Қази (24-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Осы жазған қағазды
Тапсырғайсың елiме.
Қарақұс емес пiрi едi,
Қағазға қарап тұр едi.
Тiспен жазып болған соң,
Қар бойындай қағазды,
Қанатына қыстырып,
Қарақұс ұшып жөнелдi.
Құдайға Әдiл жылады,
Тiлегi қабыл болады.
Қырымға қағаз жiберiп,
Әдiлдiң көңілi тынады.
Кеш болғасын ер Әдiл,
Алты арбасын сүйретiп,
Қаласына барады.
Айдап жүрген қызылбас
Осындай нәрсе көрдiм деп,
Ханға қабар салады.
Хат кеттi деп елiне,
Өлтiруге Әдiлдi
Ханы бұйрық қылады.
Атса, мылтық өтпедi,
Шапса, қылыш кеспедi,
Отқа салса, күймедi,
Суға салса, батпады.
Пiрi себеп болғасын,
Бәрiнен Құдай сақтады.
Өлтiремiн десе де,
Қызылбас амал таппады.
Екеуi тапқан амалы,
Амалының жаманы,
Жетi қабат зынданға
Шықпастай етiп тастады.
Қарақұс ұшып жөнелдi,
Бұл құстың тегiн байқасаң,
Қарақұс емес пiр едi.
Қырым деген қалаға
Қарақұс ұшып келедi.
Екi мұңды бейшара
Отырған жылап күн едi.
Жыламай неғып шыдайды,
Көредi зәбiр жапаны,
Жалғыздықтың қайғысы
Және де мықты батады.
Бiр уақтары болғанда,
Таң сарғайып атады.
Екi мұңды егiлiп,
Көзiнiң жасы төгiлiп,
Отыр едi түңiлiп,
Бiр қарақұс аспаннан,
Қанатына қыстырып
Әдiлдiң берген қағазын,
Анасының алдына
Тастап ұшып барады.
Құс тастаған қағазды
Ашып оқып қарады.
Ханым оқып қараса,
Өзiнiң жалғыз баласы—
Әдiлiнiң жазғаны.
Екi мұңды қуанып,
Жүректерi жарылып,
Жылағанын қояды.
Жауда қалған Әдiлдiң
Көргендей жүзiн болады.
Қайта жанды мұңдының
Өлiп қалған шырағы.
Хатты оқып көрген соң,
Жауға түскен Әдiлдiң
Сау екенiн бiлген соң,
Қарасай-Қази досына
Хатын алып Әдiлдiң,
Елiне қарап шығады.
Қарасай-Қази ер едi,
Артық туған шер едi,
Жауда қалған досының,
Өлi-тiрiсiн бiле алмай,
Қапа болып жүр едi.
Қапа болып жүргенiн
Екi мұңды бiледi.
Досының жазған қағазын
Қарасайға бередi.
Әдiлдiң жазған қағазын
Ашып оқып көредi.
Жауға түскен Әдiлдiң
Тiрi екен бiледi.
Сонан Қази сөйледi:
—Бүгiн өлсем арманым,
Бiр шыбындай жанымды,
Досыма құрбан қыламын.
Достым үшiн өмiрдi,
Сарп етуге тұрамын.
Кәрiптер ендi жүре бер,
Қызық дәурен сүре бер,
Ордаға барып кiре бер.
Құдайға тiлек бергесiн,
Қабағыңды ашып күле бер.
Өлсем өлiп кетермiн,
Достым үшiн өткенiм,
Егер өлiп кетпесем,
Балаңды алып жетермiн.
Әдiл тұрмас азапта,
Қызылбасқа жүрелiк.
Қарасай аға, мiн атқа,
Көңiлiңдi қош қылып,
Қайта бер, ханым, үй жаққа.
Қасыңдағы қызыңды
Қайғы берiп жылатпа.
Қызылбастың елiне,
Әдiлдiң жатқан жерiне
Екеуi атқа мiнедi.
Ақташ ханға келедi,
Iздеймiз деп Әдiлдi
Ханнан әскер сұрады.
Қызылбасқа баруға
Қырымға әмiр етедi.
Хан әмiрi болмады,
Бұрынғы барған Қырымдар,
Қырылам деп бармады.
Досынан хабар келгесiн,
Қарасай-Қази тұрмайды.
Қиғаш деген биiк тау,
Қызылбас деген мықты жау,
Келе алмаймыз аман-сау.
Қарасай-Қази екеуiң,
Бiздерден күдер үз,—дедi.
Қызылбаста өлгенше,
Өзiң бiздi қыр,—дедi.
Сонда Қази сөйледi,
Ашуы келiп долданды,
Шымырқанып шамданды.
Орақтың туын қолға алды,
Қырымнан көмек сұраған.
Сонда Қази толғанды:
—Ау, Қареке, оңбаған,
Неғып тудың оңбағыр?!