Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (26-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 4 мин оқу

Қаланы түнде шабалық,
«Орақ!» деп ұран салалық.
Тастап қашар қаланы,
Қаласынан шығарып,
Қызыл басты қырайық.
Сонда Қази сөйледi:
—Ау, Қарасай, ағамыз,
Өзiмiз көрген қаламыз.
Алдымыздан шыққан соң,
Шыдап қалай тұрамыз?
Қарасай аға, бiлмеймiн,
Өнемейiн түн дейсiң.
Батыр болсаң, Қареке,
Күндiз неге тимейсiң?!
Бұл айтқаның жөн емес,
Қорқыныш салма уайым.
Қорықсаң, өзiң қайта бер
Осы жерден елiң-ай.
Қиын да болса қоя бер,
Бұл сапарды өзiм-ай,
Жасырынып жау алсаң,
Ұяламын мен, аға,
Шыдамады сөзiне.
Айтқан тiлiн алмады,
Сөзiне құлақ салмады.
Кiремiн дедi қалаға,
Ат маңдайын қаратып,
Құдай салды аузына,
Қарасайға көнбедi,
Қорқып тұрар ер ме едi?
Iнiсiнен қала алмай,
Талма-тал түс болғанда
Екеуi шапты қалаға.
Қаланың iшiн қандатып,
Екеуi салды былағай.
Екi жерден екеуi,
«Орақ!» деп ұран салады.
Қызыл-жасыл екi ту
Көтерiп жауға шабады.
Қызылбастың жауына
Ақыр заман салады.
Көп те болса қызылбас,
Жаман тайды табаны,
Құрыды ендi заманы.
Екi жерден екеуi,
Аралады қаланы.
Қызылбасты шулатып,
Қойдай айдап шығады.
Қала iшi сыртынан,
Әдiл досын қарады.
Iздеп досын таба алмай,
Амалы құрып тұрады.
Бұл қаладан таба алмай,
Дербент деген зор қала,
Соған қарай шабады.
Бұдан бұрын қызылбас
Дербент деген қалаға
Қашып барып, қамалды.
Алдырмауға қызылбас
Қылып жатыр амалды.
Сонда тұрып ер Қази,
Қарасайға толғады:
—Қареке, менiң ойым бар,
Iстейiн деген iсiм бар.
Осы жерден таппасақ,
Онда менiң сорым бар.
Саған ойды айтайын,
Таққа мiнген хан болсаң,
Мырза болсын, би болсын,
Алдап ұстап алайық.
«Тауып бер» деп Әдiлдi,
«Өлтiрем» деп сұрайық.
Қорыққаннан қызылбас
Шынын айтар жасырмай,—
Дедi дағы, екеуi
Қызылбасты табады.
Бiр төре мен мырзасын
Табанда ұстап алады.
«Өлтiрем» деп қорқытып,
Әдiл қайда жатыр?—деп,
Қызылбастан сұрады.
Сұраса да айтпады,
Өлсе де тiлiн тартпады,
Дiнiне мықты ер екен,
Айтқанынан қайтпады.
Қаланың iшiн шарлады,
«Ендi қайдан табам?»—деп,
Қарасай еңiреп жылады.
Бiр Жаратқан Құдай-ай,
Бiр өзiңе жылайын.
Iздеп келген досымды
Таба алмадым қаладан.

Қарасай Әдiлдi iздеп таба алмай тұрғанда өзiнiң атасы пiр болып ұшып келiп, Әдiлдiң жатқан жерiн көрсетедi.

Жетi қабат зынданға
Қарасай-Қази келедi.
Тауып алып досын-ай,
Дауыстап сәлем бередi.
Бекiтiп қойған есiгi.
Есiгiнде бар екен
Бiр кiшкене тесiгi,
Сол тесiктен келедi.
Әдiл досын шақырып,
Жолбарыстай ақырып,
Ақырған даусы Әдiлдiң
Құлағына барады.
Даусын танып Қазидың,
Көтерiп басын алады.
Сонда Қази сөйледi:
—Әдiл достым, аман-сау
Жатырмысың түбiнде,
Досың iздеп келгенде,
Әлiң қалай бұл күнде,
Екi достың келiп тұр,
Жатырсың, достым, не күйде?
Келiп едiк аттанып,
Қаланы бұзып алуға,
Келiп тұрмыз жол салып.
Әдiл сонда сөйледi:
—Жетi қабат зынданнан
Шығарып менi алмасаң,
Тарқамайды құмарым.
Менi амалдап шығарсаң,
Екi қолым байлаулы,
Қимылдауға әлiм жоқ,
Екi көзiм жайнаулы,
Арқан салып қарасаң,
Тiсiммен ептеп көрейiн.
Мұны естiп екеуi,
Қуанысып қалады,
Жалғап арқан салады.
Досының салған арқанын
Тiсiмен ептеп қарады.
Екi досты амалдап,
Сау-саламат алады.
Шынжырларын сындырып,
Құрсауларын алады.
Бiрақ құлпы бұзылмай,
Көп уақыттар тұрады.
Бұзайын десе Әдiлдiң
Екi қолы сынады.
Қарасай-Қази екеуi
Амалын таппай тұрады.
Сол уақыттар ер Әдiл,
Байлаулы тұрған қолым бар,
Бұны қалай шешесiң,
Ақ шалмалы пiрiм-ай?!
Қолеткіден қолымды,
Шығаруға болсын жар,
Дегенiнде ер Әдiл.
Пiрi келдi қасына.
Қонайын деп бақыт жүр,
Үш батырдың басына.
Тiлегi қабыл болады,
Пiрлерi жәрдем бередi.
Қырық жолбарыс қуатты
Ер Әдiлге келедi.
Мұны бiлiп ер Әдiл:
—Я, пiрiм,—деп бұлқынды,
Болаттан салған қолеткі
Жiбектей болып үзiлдi,
Талабы оның түзелдi.
Алыстан келген досымен
Құшақтасып көрiстi.
Әдiл мiнген Қызыл ат
Хан жайында тұр едi,
Қызыл атты сарайдан
Қази алып келедi.
Әдiл досын мiнгiзiп,
Қаруларын iлдiрiп,
Артық туған батырлар
Алға қарап жөнедi.
Дербент деген қалаға
Достарын бастап жүредi.
Үш арыстан келедi,
Келiп бүлiк салады.
Бiр күн бiр түн атысып,
Қызылбасты қырады.
Қарғаса ханды өлтiрiп,
Бағындырып алады.
Тоғызыншы күн өткенде
Қайтып кетiп барады.
Ер Әдiлдiң анасы,
Ылияға сөз айтты:
—Айналайын, қызым-ай,
Туған еркiн, қозым-ай!
Шырағым, сенi берейiн,
Сүйiншi деп келгенге.
Жиырма күнге толады,
Екi мұңды бейшара,
Төбеден түспей тұрады.
Қарап тұрса ғарiптер
Бiр қараны көредi.
Бiреу де болса сол қара,
Қатты жүрiп келедi.
Қарасай батыр екенiн
Екi мұңды бiледi.
Көздi ашып жұмғанша,
Қызыл атпен Қарасай
Салып жетiп келедi.
Келе сөйлей бередi:
—Әдiлдi алып келемiз,
«Сүйiншi бер» деп сұрады.
Байбикеш ханым толғады:
—Әдiлдi алып қайтқанға
Сүйiншiге мен бердiм
Жалғыз қызым Iлияны.
«Әдiл қашан келер?»—деп,
Жолын тосып тұрады.
Әдiл жетiп келедi,
Ақ сүт берген ананың
Қайғысы бастан кетедi.
Қос жетiмдi бiр Құдай
Тiлегiн әбден бередi.
Омар менен Оспан құл
Таянып бұл келедi.
Қызылбастың қолында
Әдiл түсiп қалғанда,
Жамандық қылған құл едi,
Жазасы оның көп едi.
Жататын жерi бұлардың
Жетi зындан түбi едi.
Омар менен Оспан құл,
Сол секiлдi дұшпанның
Күнәсiн кештi деп едi.
Қырымды сұрап жас Әдiл
Мұратына жетедi.
Атасының тапсырған
Үш арманын бiткерiп,
Орақ батыр ұлдары—
Қарасай-Қази қос батыр
Дүниеден сөйтiп өтедi.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз