Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (29-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу

Ойлап тұрмын, Ахмет,
Осы сөзің бекер деп.
Көкем аман келмесе,
Қарындасы Ылия
Көрінгеннің қолында
Олжа болып кетер деп,
Қайғымен күні өтер деп,
«Ендігі жерде мен сордың
Жасағаным бекер»,—деп,
Ылия жылап еңіреді,
Ахметке сенбеді.
Осы сөзді айтты да,
Ахмет батыр жөнеді.
Екі мұңды қалады,
Қайғыланып жылады.
Қарасай мен Қазидың
Жолын күтіп тұрады.
Бір күндері болғанда
ожарланған көп қара
Қызылбас жақтан шығады.
Екі мұңды бишара
Алыстан көзі шалады.
Анасына Ылия
Сонда толғап қарады:
—Айналайын анам-ай,
Көрдің бе жалғыз баланы-ай?!
Өзі жалғыз болғасын,
Жауға түсіп қалғаны-ай,
Жалғыздықтың жаманы-ай.
Қарасайға ұқсайды
Қолына қамшы алған-ай,
Көтеріп аяқ тастап-ай.
Келе жатыр қасында,
Інісі Қази арыстан-ай.
Тастап кеткен білемін,
Жалғыз туған қасқаны-ай.
Көрінбейді жан көкем,
Не қылайын басқаны-ай,—
Деді дағы, Ылия
Зар еңіреп жылады.
Қарасай мен Қазидың
Алдынан жылап шығады.
Қарсы келіп оралай,
Әділді жоқтап сұрады.
Қарасай—Қази досым-ай,
Дос болғаның осыма-ай.
(Құдайласқан досым деп)
Қияметтік дос деген,
Бола ма екен осылай?!
Құдайласқан досым деп,
Жалғыз көкем ер Әділ
Ертіп кеткен қасына-ай.
Қасыңдағы досыңды,
Сол үшін қимай басыңды,
Жауға тастап келгенің,
Ылайық па басыңа-ай?!
Не де болса, хабарын
Айта берің жасырмай.
Екі досым сен едің,
Сендер еді сенерім.
Екі досым сау болса,
Қалдырмас жауда,—деп едім.
Не де болса, достарым,
Тимеген ғой себебің.
Өлді ме тірі қалды ма,
Білдіріп кетің дерегін?!
Қарасай сонда сөйледі:
—Құдай артық жаратқан,
Қырық мың қолға бас болып,
Жұртты аузына қаратқан
Көкең де аман келеді.
Тәңір айдап талаптан,
Сапарымыз оң болып,
Жолдастарын қуантқан.
Осылай сөйлеп тұрғанда,
Сөзді қисық бұрғанға,
Әділді жауда қалдырып,
Келе жатқан Қази арманда,
Батыр еді асыл-ай,
Ағасына Қазидың,
Қатты келді ашуы-ай:
—Ау, Қарасай, не дейсің?!
Неге өтірік сөйлейсің?!
Шерменде болып Құдайға,
Сөзбенен көңіл делбейсің.
Бүгін алдап кеткенмен,
Ертең сорлы не дейсің?!
Табамыз деп Әділді
Алты күндей соғысып,
Болғаның қайда жарамай?!
Қызылбастар ортаға,
Алғаны қайда қамап-ай?!
Соғысуға қалмақпен
Қалғаның қайда жарамай!
Ұмыттың ба Қарасай,
Жаралы болған күніңді?!
Сау жерің оққа бөлінді,
Сұрағанда бұларға
Неге айтпайсың жөніңді?!
Дұрыс айтсаң болмай ма,
Ер болған соң шыныңды?!
Ер жігітке тайсалып,
Қисық айтқан өлім-ді!
Әділ досым—жолдасым
Жауда қалды дегенде
Жаныңды алар дедің бе?!
Жалғыз қалды дегенде
Басыңды алар дедің бе?!
Өзің тастап келе жатырсың,
Онымен өлдің бе?!
Әділдің жауда қалғанын,
Тарқамаған арманым—
Мен бір айтпас дедің бе?!
Жалған сөзді айтқанмен,
Бұлар нанар дедің бе?!
Басымда бағым тағалы,
Досымды жауда қалдырып,
Қырымда Құдай алулы.
Дұшпанның көңлі тынулы,
Досымның белі сынулы.
Әділді жауда қалдырып,
Мені Құдай ұрулы.
Ақ үйге қара тіге бер,
Әділден үміт үзе бер.
Бір Құдайдың ісіне
Салса, пенде, амал жоқ.
Үйіңізге қайта бер,
Енді сізге бала жоқ,
Ылия саған аға жоқ.
Екі мұңды бишара,
Жер бауырлап жылады,
Құдайға «ал»—деп сұрады.

Тағы оқыңыз