Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (24-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу

Қарасай сонда сөйледі:
—Ау, Қазижан, туғаным,
Сен едің менің қорғаным.
Сені жалғыз жіберсем,
Ішіме сыймас арманым.
Алдыңда биік тауың бар,
Қырғанменен таусылмас,
Көрмеген бұрын жауың бар.
Қара тауға шығалық,
Жау қамалын бұзалық.
Құдай берсе тілекті,
Жауда қалған досыңды,
Сүйтіп, жаудан алалық.
Жалғыз аяқ тар жолдан,
Содан аман шығалық.
Жауда қалған Әділді
Сонан соң іздеп табалық,—
Деді дағы, Қарасай
Қазиды жалғыз жібермей,
Жетегіне алады.
Қара тауға бет алып,
Қол жөнеліп барады.
Үш күншілік жол еді,
Тынбай жүріп келеді.
Түс мезгілі болғанда,
Жау қарасын көреді.
Інісіне Қарасай
Сонда тұрып сөйледі:
—Ау, Қазижан, шырағым,
Алалы таудың бұлағын,
Суға қанып алған соң,
Бұзалық жаудың қамалын.
Табан жолға келдің бе,
Жатқан жауды көрдің бе?!
Жау екен мықты қауіпті,
Жолдың аузын жауыпты.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қаланы қалмақ салыпты.
Екі жерден екеуміз,
«Орақ!»—деп ұран салалық.
«Орақ!»—деген даусымыз
Қаратауды жарсын-ай.
Қалада жатқан әскердің
Құлағына барсын-ай,
Дұшпаның қалсын сасып-ай.
Қаланың ішін босатып,
Қызылбас кетсін қашып-ай.
Таяр қолдан табаны,
Қашып болар түнімен.
Тарылған соң заманы
Алып болар түнімен.
Таудан шыққан саланы
Тастап қашар түнімен.
Еңбекпен салған қаланы,
Таң атқанда тар жолды,
Ұрыспай тартып алалық.
Екі батыр кеңесіп,
Әскерін бөлді келісіп.
Түнде жауға тиюге
Қаруын алды үлесіп.
Көтеріп туды қолға алды,
Сонда Қази толғады:
—Қас қарайып түн болды,
Енді бізге сын болды.
Қарасай аға, сенімен,
Екі айрылар күн болды.
Жауға жалғыз тимеген,
Жау әдісін білмеген,
Сыналмаған мен едім,
Маған демеу сен едің.
Екеуміз бірге жүргенде,
«Жау алармыз»,—деп едім.
Екі айрылар күн болды,
Екі тарау жыр болды.
Құлағың салып жүргейсің,
Қази қайда дегейсің?
Мен қалатын күн болса,
Шақырармын «аға» деп,
Сонда, аға, келгейсің.
Сен қалатын күн болса,
Шақыр, аға, ар етпе,
Көруге, аға, зар етпе.
Қазиым деп шақырсаң,
Қалайда болса шабармын,
Қайда да болсаң табармын.
«Бауырым» деп ат қойып,
Айырып жаудан алармын.
Осыны айтып екеуі,
Екі айрылып алады.
Көтеріп алған қызыл ту
Оттай болып жанады.
Күншығыстан Қарасай,
Күнбатыстан ер Қази,
«Орақ!»—деп ұран салады.
«Орақ!» деген дауыспен
Жер дүнияны жарады.
Қалада жатқан әскердің
Құлағына барады.
Қарасай-Қази келіпті,
Екі жақтан тиіпті.
Қаладан қашып кетпесек,
Бізге салар бүлікті.
Келсе, бізді қоймас деп,
Мұнда тұрып болмас деп,
Түнімен қашып болыпты.
Қашып барып тірелді,
Таудағы жыра тесікке.
Ессіз тастап кетіпті
Еңбекпен салған қаланы.
Қарасай-Қази қос батыр
Жалғыз аяқ тар жолға
Қайта түсіп барады.
Әскерін аман шығарып,
Ұрысуға қарады.
Тауды тастап қызылбас,
Қашқан екен қалаға.
Орта жолда екеуі
Жолығысты далада.
Қалаға кіріп шабады,
Қызылбастың ішінен
Әділді іздеп қарады.
Ұстап алып ұрады,
Тауып бердеп қырады.
Найзасы түспей қолынан,
Жауды қырып қоңынан,
Екі батыр кіреді.
Кіріп, шығып жүреді,
Оңы мен солынан.
Қарулары сартылдап,
Қырып-жойып келеді,
Екі батыр сартылдап.

Тағы оқыңыз