Қарасай—Қази (3-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу
Сыйыса алмай халқымен,
Сол кеткеннен көп жаман
Қалмаққа қашып барыпты.
Қондыкердей ханына
Былайша хабар салыпты:
—Біз—Қырымнан келген мұсылман,
Өз әкемізді өлтіріп,
Қашып келген жұртынан.
Ісіміз еткен қаралы,
Бетіміз құрсын жаралы.
Артық көрді біздерден
Қарасай-Қази баланы.
Ноғайлыда біз болдық
Адамның натық жаманы.
Ноғайлы—дұшпан, сіздер—дос,
Ашып келдік араны.
Неде болса, Қондыкер,
Құдай сүйер іс емес
Біздің еткен ісіміз.
Алуға сізге дөп болды,
Бар болса егер күшіңіз.
Орақ, Мамай батырлар—
Екеуі де жоқ болды.
Осы уақтары барсаңыз,
Алуға сізге дөп болды.
Орақ сынды батырдан
Қарасай-Қази ұл қалды,
Қарашаш ару тұл қалды.
Мамайдан еркек бала жоқ,
Қымбат деген қыз қалды.
Нарлар өліп бұл күнде
Жас тайлаққа күн қалды.
Ел қорғаны ерлер өлгесін
Ноғай халқы мұңданды.
Біз айтпаймыз жалғанды,
Көреміз тәуір, Қондыкер,
Ноғайды шауып алғанды.
Аттансаңыз, барасыз,
Барсаң, шауып аласыз.
Ендігісін өзің біл,
Білгеніңді қыласыз.
Қорғайтын ерсіз, панасыз,
Осы сапар барсаңыз,
Бұрынғы кекті аласыз.
Қалмақтың ханы Қондыкер
Кегі кеткен ноғайға—
Келді деп енді оңайға
«Бір аттансам,—деуші еді,—
Орақ пенен Мамайға».
—Мен елімді жинайын,
Аттану керек қалайда.
Біздің қалмақ елінде
Көрсеткен зәбір талайға,—
Деді дағы, Қондыкер
Халқын тегіс жинады.
Жалғанда естен кетпейді
Мұсылманның қылғаны.
Қондыкер сонда сөйлейді:
—Осы күні, халайық,
Орақ-Мамай жоқ болып,
Қарасай-Қази ұл қалған.
Атақты ерлер өлгенсін,
Ноғайлы халқы мұңданған.
«Аттансақ қалай болар» деп
Ханыңыз сізге сөз салған.
Жиналған қалмақ ерлері,
Билері мен беглері
Бұл сөзді мақұл тыңдаған.
—Аттану керек ноғайға,
Келген екен қолайға.
Он екі баулы ноғайды
Кіргізейік сұрамға.
«Қалмақ—күшті ел» деген
Атымыз шықсын, ұранда!
«Мақұл» деп халқы ұйғарды,
Қондыкер әскер жинады.
Ат шаптырып әр жерге
Шыбын жанын қинады.
Қондыкерде әскер көп,
Он екі ханның құрамы.
Бәрінің де жетеді
Қару-жарақ, құралы.
Бір неше мың әскермен
Қондыкер жолға шығады.
Кетіп бара жатқанда,
Алдынан шығып бір кемпір,
Қондыкерге жылады,
«Жолыңды бер», деп сұрады:
—Аттанып, ханым, таспаңыз,
Болмай ма тыныш жатсаңыз.
Ерлерден қалған ер бар-ды,
Бөрілерден қалған бөрі бар-ды.
Жайына жатқан жыланның
Құйрығын барып баспаңыз.
Тілімді алмай кетсеңіз,
Артта қалған көп халық—
Бәріміз де қасқамыз.
Қарасай-Қази батырдың
Арғы атасын көргенмін.
Тірі де болсам бүгінде,
Зардабынан өлгенмін.
Атасы бізге бас ұрған,
Қонысымыздан аударған,
Бұйаққа бізді аударған.
Жеңілген емес қалмақтан,
Көріп жүрмін жасымнан.
Жесір алған еліңнен
Нелер ару асылдан.
Қарасай-Қази батырды
Жас бала деп басынбаң.
Қорқақ бала тумайды
Орақ пенен Мамайдан.
Ноғай теңдік бермейді,
Аттанып барған көп әскер
Білсең тірі келмейді.
Жаста болса ол балдар
Көріп жүр талай сендейді.
Алдырмайды барғанмен,
Ұлтанды жатқан ел,—дейді,
Бұл сөзіме сен,—дейді.
Әділ хандай ханы бар,
Темір тәртіп заңы бар.
Қарауында Әділдің
Қырық мың әскер тағы бар.
Орақ-Мамай батырдың
Бұрыннан сізде кегі бар.
Тілімді алсаң, кетпеңіз,
Мендей кәрі мамаңның
Қарағым, сізге зары бар.
Тілімді алмай кетсеңіз,
Жоқ жерден бәле табылар.
Ұрысқың келсе шынымен,
Жіберіп елші Қырымға
Әуелі хабар салып ал.
Тағы жансыз жіберіп,
Ішкі сырын біліп ал.
Сенде қандай күш болса,
Онда да соның бәрі бар.
Ақылмен ойлап қарасаң,
Бұл сөзімнің жаны бар.