Қарасай—Қази (10-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу
—Олай болса, досым-ай,
Ашуымды берейін,
Кемсінген екен демейін.
Ұлықсат берсең, хан Әділ,
Мен де сізге ерейін.
Осы сапар атамның.
Үш арманын бітіріп,
Тыныш тауып келейін.
Әділ бұл сөзді естігеннен кейін, Қарасайдың да баруына ұлықсат береді. Қарасай кеткеннен соң мен ағамнан қалып, не боламын деп ізінен Қази да қуып жетіп қосылады. Сөйтіп, бұлар жауға кете береді. Әділ кеткеннен кейін, шешесі түс көріп, қызына жортқан жері:
Байбикеш ханым түс көрді,
Бұл түсінен сескенді.
Кеткен жалғыз баласын,
Ханым тұрып ескерді.
Тұрып алып төсектен,
Қызына түсін шешті енді:
—Айналайын, қызым-ай,
Туған ерке қозым-ай,
Мен бір түнде түс көрдім,
Жорып көрші өзің-ай.
Ашасынан айрылып,
Ортасынан морт сынды
Алтыннан иген құрығым—
Бұл не болар, шырағым?
Жібектен есіп бау таққан,
Жібермей тартып тоқтатқан
Ортасынан сынып жүр,
Жібек баулы сырығым.
Құрасам да тұрмады,
Бұрынғыдай болмады—
Бұл не болар, шырағым?
Алтын айдар басында,
Отыр еді қасымда.
Алтын айдар тұлымым,
Ортасынан қиылды—
Бұл не болар, шырағым?
Осы түсті көргесін,
Мен еңіреп жыладым.
Жауға кеткен жалғызға,
Жәрдемі тиген Құданың.
Сонда Ылия сөйледі:
—Айналайын, анам-ай,
Алланың салған ісіне,
Көнбесеңіз болама-ай?!
Асқар биік Алатау,
Тігіп қойған орданың
Үстіне келіп жығылса,
Асқар таудай бақ қонар
Кеткен Әділ балаңа-ай,
Көрінген шығар соған-ай.
Ортасынан морт етіп,
Ашасын сырт етіп,
Сынса алтын құрығың,
Осы жері білмедім,
Аман келсе жақсы еді,
Жауға кеткен құлының.
Жібектен есіп бау таққан,
Байланбаған асауды,
Жібермей тартып тоқтатқан,
Сынбай жүрсе жақсы еді
Жібек баулы сырығың.
Неғып келсін қыйыны,
Жалғыздықтың жаманы-ай.
Жауға кеткен жаңғызың
Осы сапар аман-ай,
Келсе еді, мамам-ай.
Ортасынан қыйылса,
Алтын айдар тұлымың,
Жауға кеткен құлының
Жоқ шығар саған аман-ай!
Бірге туған ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ.
Жалғыздықтан жаман жоқ,
Алды-артында таяу жоқ.
Еретұғын елім жоқ,
Жалғыздықтан кемім жоқ.
Соңынан қуып бармасақ,
Сапарын тілеп алмасақ,
Жібермей алып қалмасақ,
Енді саған бала жоқ,
Маған, ана, аға жоқ!
Қуып барып соңынан,
Көздің жасын төгелі.
Қызылбасқа кетпе деп.
Сапарын сұрап көрелі.
Сапарын көкем бермесе,
Соңында жүріп өлелі.
Сонда тілек болмаса,
Алтын орда тұл қалар.
Жалғыз аман келмесе,
Екі мұңды—біз нашар
Жылап-жылап қор болар.
Қалмаққа кеткен көкемді,
Қуғанымыз жөн болар.
Осыны айтып Ылия,
Қайғыны қатты шегеді.
Еріншек бозға мінеді.
Қызылға кеткен Әділді,
Қуып алып жөнелді.
Сол күні жүрді түнімен,
Ертеңі жүрді күнімен,
Келеді қуып шынымен.
Бір күн тал түс болғанда
Бір асудан құлады.
Ер Әділге жете алмай,
Екі мұңды жылады.
Алдында белес жер жатыр,
Соған құлап келатыр.
Белеске шығып қараса,
Айдын шалқар көл жатыр.
Көл жағалап тігілген
Жапырлаған көп шатыр.
Сол шатырдың ішінде
Жібектен тіккен бір шатыр.
Бұл шатырдың ішінде
Баласы Әділ ер жатыр.
Байбикеш ханым көреді,
Көре сөйлей береді:
—Әділ менен туғалы,
Тәрбиелеп жүр едім.
Ақ сүтімді ішкізіп,
Қабырғасы қатпаған
Балапанды ұшырдым,
Басыма қайғы түсірдім.
Енді қайтып қолыма
Түсіре алмай өкіндім.
Ашылып оқып білсін деп,
Жасынан білім білгіздім.
Қалмақ жауға мінсін деп,
Сайлап тұлпар мінгіздім,
Жеңсіз берен кигіздім.
Әкесі жастай өлсе де,
Жетімшілік әлі көрген жоқ.
Атадан жалғыз екенін
Әлі балам білген жоқ.
Алыстағы жауларға
Сапар шегіп көрген жоқ.
Көп ішінде жалғыздық
Шекесіне тиген жоқ.
Жалғыздығын біле алмай,
«Барма» десем, тіл алмай,
Сапарын маған бере алмай,
Жүрейін деді жалғызым.
Ал, шырағым, Ылия,
Алдына барып жыласаң,
Сапарын тілеп сұрасаң,
Сені қиып шыдамас,
Бірге туған бауырлас.
Мұны естіп Ылия,
Есінен шықты дүния.
Атынан түсе қалады,
«Ағекем менің қайда»?—деп,
Шатырдан келіп сұрады.
Сонда Ылия сөйледі:
—Айналайын ағеке,
Келгенімді сұрасаң,
Сапар қылып жүргенің,
Қызылбастың жауы еді.
Алды-артыңда дымың жоқ,
Ағеке кімге сенгенің?!
Анамыз түнде түс көріп,
Сол түсінен сескеніп,
Сені ойлап ескеріп,
Жібермей алып қалуға,
Сол еді менің келгенім.
Сапарыңды бер дедім,
Көзімнің жасын көр,—дедім.