Қарасай—Қази (15-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Бұрғымен тескен тар жолды
Тау басынан серледім,
Ішіне барып кірмедім,
Кірейін десем сенбедім.
Қоянақтың айтқаны—
Жалған емес, шын дедім.
Тілімді алсаң қайталық,
Алдырмайтын ел деймін.
Ендігісін өзің біл,
Жолдың түрі сол деймін.
Сонда Әділ сөйледі:
—Ай, Ахмет құрмағыр,
Қорқақ па едің, оңбағыр?!
Бүйтіп тірі жүргеннен
Бүгін Құдай оңдағыр.
Ер болғаның осыма-ай,
Қайта бер енді қосыңа-ай.
Айдаһарға қол салып,
Барлаған болсаң шошыма-ай.
Айдаһар деп жүргенің,
Өлген жылан болған-ай.
Ерден сені жібердім,
Жүргенің айтып осыма-ай,
Адам қоспай қасыңа-ай.
Тесіктен қорқып келгенің,
Ылайық па басың-ай.
Кірер едің тар жолға,
Ер болсаң егер асыл-ай.
Жаһан болат дегенім,
Болып жатыр жасық-ай.
Тар жолға батып кіре алмай,
Жол хабарын біле алмай,
Келгенің қорқып қашып-ай.
Қанды Орақтың баласы,
Бар болсаң келші, Қарасай.
Жақсы менен жаманның
Ашылып жатыр арасы-ай.
Қарасай, өзің бармасаң,
Батырмын деп жүргеннің
Белгілі болды шамасы-ай.
Қарасай-Қази болмаса,
Құрыды жұрттың шарасы-ай.
Тесік жолға кіре алмай,
Ар жағын серлеп біле алмай,
Болды жұрттың таласы-ай.
Қаратауды көргенде
Таудай болған батырлар
Болып қалды аласа-ай.
Таудың жолы тар,—дейді,
Бүгін жейтін ал,—дейді,
Қызылға тоқым сал,—дейді.
Орақтан қалған қызыл ту
Желбіретіп ал,—дейді.
Барғандар қорқып кірмеді,
Тар жолға өзің бар,—деді.
Артық туған Қарасай,
Асыл ердің баласы-ай,
Айтуына мұң екен,
«Жұмсағай»—деп тұр екен.
Табан жолдың ішіне
Кірмейтұғын себебі—
«Барса-келмес» жер екен.
Қызылға мініп алады,
Тар жолға кетіп барады.
Тауға жетіп барғасын,
Жалғыз аяқ тар жолды
Мұның көзі шалады.
Атын кесе қаңтарып,
Түріне жолдың қарады.
Таңғалдырды қиын жол
Қарасайдай баланы.
Қайғыланып Қарасай,
Орақтың туған баласы-ай,
Сонда тұрып сөйледі:
—Ай, Жаратқан Құдайым,
Өзіңнен жәрдем сұрайын.
Жігітке пайда бермейді
Көп ойлаған уайым.
Тау үстінде тұрмайын,
Кірмей қайтсам тар жолға,
Мен Орақтан тумайын.
Неде болса кірейін,
Маңдайымнан көрейін.
Айтып кеткен атамның
Бітірейін арманын.
Маған намыс ар болар,
Кірмей қайтып барғаным.
Мынау қиын жол екен
Кірген адам таба алмас.
Қиында болса кірейін,
Сақтаса Алла шаталмас.
Жолды кіріп көрмесем,
Әділ хандай достыма
Жол хабарын бермесем,
Қарасай атым аталмас.
Кірмей қайтсам тар жолға,
Өлген атам ер Орақ—
Көрінде тыныш жата алмас,—
Деді дағы, Қарасай
Өлімге басын байлады.
Астындағы Қызылды
Айдап жолға салады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қарасай кетіп барады.
Сол мезгілі кеш болып,
Үңгір болды қараңғы.
Екі көзі Қызылдың
Шамшырақтай жанады.
Түніменен жүреді,
Жол азабын көреді.
Бір уақтары болғанда,
Таң белгісін береді.
Таң атқанда Қарасай
Таудың арғы бетіне,
Жолдың шықты шетіне,
Жақындаған секілді—
Қорғасанның дуамен
Бекітіп қойған бентіне,
Бір азғана жер қалды.
Әділдің айтқан сертіне,
Сол жерде тұрып Қарасай
Жолдың түрін байқады.
Қиын жолды көргенде,
Қарасай бір сөз айтады.
Көрмегенім көп екен,
Ахмет айтқан жөн екен,
Қоянақтікі шын екен.