Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (6-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 4 мин оқу

Өлерінде ер Орақ
Өзі мінген Қара атты
Ер Қазыға берді.
«Қазижаным өзімнен,
Артық туған»—дер еді.
Қазиым жауға тигенде,
Бұзар дейтін жебені,
Әрі ұлының кенжесі,
Осы болды Қара атты
Беруінің себебі.
Ал Қарасайдың аты жоқ,
Алуға сатып заты жоқ.
Бір күні тұрып Қарасай
Шешесіне еңіреді:
—Әділ кетті аттанып,
Бізге айтпай «бала»,—деп,
Ат тауып бер, ана,—деп.
Тастап кеткен Әділдің
Қорлығына көне алман.
Атамның жауын жаулатып,
Елде тірі жүре алман.
Әділ ханға алдырмайд,
Бекініп қалған ел,—дейді,—
Он екі ханнан құралған.
Мен Орақтан туғасын,
Қалғаным айып бұлардан.
Жаяу да болсам кетейін,
Ізінен қуып жетейін.
Тастап кеткен Әділді
Кескілеп жолда кетейін.
Өзімді итке теңгерді,
Достым болса, нетейін?!
Енді қалған жалғанда,
Доссыз-ақ болып өтейін,
Жауап бер, ана, жүрейін.
Тастап кеткен Әділдің
Кім екенін білейін?!
Бетін теріс қаратып,
Ту сыртынан тілейін.
Мен өзімді танытып,
Ұшырайын, үрейін.
Сонда анасы сөйледі:
—Қарағым, маған ер,—деді,
Ізіме еріп, жүр,—деді.
Үш күншілік отарда,
Ер Қосайдың көп жылқы
Ішінде бар Қызыл ат,
Соны ұстап мін деді.
Қалмаққа кеткен Әділдің
Ізінен сүйтіп жүр,—деді.
Көп жылқының ішінде
Ер Қосайдың аты бар.
Қарағым, мені берсең де,
Қымбатсынбай сатып ал.
Түсініп сөзге бермесе,
Алдына жылап жатып ал.
Осы сөзді айтты да,
Қарасайды жетектеп,
Сүрініп кетсе, «көтек» деп,
Көп жылқыға келеді,
Үстіне келіп енеді,
Қабыл болды дегені.
Ер Қосайдың Қызыл ат
«Ием бе?» деп кісінеп,
Арқаға қарай есінеп,
Бұларға қарап тұр еді.
Қызылды ұстап, жетектеп,
Үйіне жетіп келеді.
Ер Қосайдың ер Көкше
Отарда жатқан жылқыны
Түгендейтін күні еді.
Ер Көкше келсе, Қызыл жоқ,
Түсейін десе, ізі жоқ.
Ұры алды деуге Қызылды,
Ұстататын түрі жоқ.
Ізін кесіп жүгірді,
Кетті ме деп бөрі жеп.
Қарай жүріп, ер Көкше
Ізін тауып алады.
Ізге түсіп жүгіріп,
Аш күзендей бүгіліп,
Қарасайдың үйіне
Салып, жетіп барады.
Қарасайға сол жерде
Көкшенің айтқан жауабы:
—Атты неге алдың?—деп
Әлекке біраз қалдым,—деп.
Иесі жоқ дедің бе,
Отарда жатқан малдың?!—деп.
Бір жанына теңейтін
Аты еді біздің шалдың,—деп.
Барымта қылып алғандай.
Қарасай неңді алдым?!—деп.
Келіп тұрмын ізінен,
Ақ адал менің малым,—деп.
Көп болды ма өзіңе
Бір шыбындай жаның?!—деп.
Алатын болсаң тартып ал,
Болмаса, шалдан сатып ал.
Саған босқа бергендей
Далада жатқан малым жоқ.

Осы сөзді айтты да,
Қызыл атқа таласып,
Екі батыр алысты,
Біріне-бірі жабысты,
Жаман сөзге барысты.
Екеуі де суырды
Қынабынан қылышты.
Тағы да алып найзаны,
Итерісіп тұрысты.
Қалмақсыз-ақ, Қарасай
Жақыннан тапты ұрысты.
Кемпірден басқа адам жоқ,
Кім қойдырар бұл істі?
«Қой»,—деп еді, қоймады,
Істің арты оңбады.
Қарасайдың анасы
Сонда тұрып толғады:
—Ау, Қарасай, қарағым,
Айтқанын қыл анаңның,
Ат тауып бер дегенде
Осы ма еді талабың?!
Ана тұрған Қосағаң—
Ноғайдан қалған босағаң.
Бөтен емес Қосекең,
Атаңменен дос адам.
Қосекеңе-ақ бара ғой,
Қосекеңнің өзінен
Қарағым, сұрап ала ғой.
Көкше билеп бере алмас,
О да, сендей бала ғой.
Қосекең сөзге түсінер,
Көпті көрген дана ғой.
Естігесін бұл сөзді,
Екі бала тоқтады.
Ер Қосайға баруға
Қызылға салды ноқтаны.
Екі бала керісіп,
Соңынан және келісіп,
Жетекке атты алады.
Кіші бесін уақтында
Ер Қосайға барады.
Мұңын айтып Қарасай,
Ер Қосайға зарлады.
Аттануым керек ед,
Алалмаған атамның
Қызылбастай жауына.
Бір шығуым керек ед
Қиғаштың биік тауына.
Әділ хан кетті аттанып,
Менің атам жауына
Мінейін десем, атым жоқ,
Алуға сатып затым жоқ,
Қалып қойдым ауылда.
«Қосекеңнің аты,—деп,
Әкеміздің досы,—деп,
Береді ғой осы»,—деп,
Қызылды ұстап мінгенім.
Қызылды мінсем, қалмаққа,
Қайтар деп едім еңбегім.
Қуып келіп, ер Көкше
Атты маған бермеді.
Өз алдыңа, Қосеке,
Атты сұрап келгенім.
Неғылсаң да өзің біл,
Алдыңа келіп бас иіп,
Қосеке, саған еңіредім.
Сонда Қосай сөйледі:
—Қарасай, сенің неткенің,
Сұраусыз алып кеткенің?!
Отарда жатқан жылқының
Иесі жоқ қой деп пе едің?!
Атаң Орақ өлгесін,
Білмедің бе, қарағым,
Кемеңнің суға шөккенін?!
Мен Қызылды бере алман,
Көзіңнің жасын көре алман.
Керегі жоқ бұл жерде
Орынсыз босқа өкпенің.
Қызылдан дәмең болмасын,
Жасымнан менің жолдасым.
Құлынынан баққаным,
Өзі тұлпар болғасын.
Жылқыға биыл жібердім,
Жасы жетіп толғасын.
Бере алмаймын қызылды,
Көрсетпе маған жүзіңді.
Сен бір жүрген ұрысың,
Бұл жерге салма ізіңді.
Өлсем соям асыма,
Өлгенімше қызылды,
Байлап қоям басыма.
Әуес болма, Қарасай,
Менің жалғыз атыма.
Ізіңше, балам, қайта бер,
Атымды салмай талқыға.
Тұлпарымды бере алман,
Көзіңнің жасын көре алман.
Сексен жасым жеткенде
Саған беріп Қызылды,
Жаяу көшке ере алман.
Ұрлап, ұстап мінгендей,
Кеткенің бар ма озалдан.
Бұл сөзді естіп Қарасай,
Жетімдік түсіп есіне—
«Келдім деп мұның несіне?
Өлген атам ер Орақ
Бірге жүрген досты еді,
Түспеді-ау деп есіне».
Көзінің жасы төгіліп,
Қабырғасы сөгіліп,
Аш күзендей бүгіліп,
Қосай шалдан түңіліп,
Қайтып кетіп барады
Буыны босап жығылып.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз