Қарасай—Қази (23-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Жалғыздық түсті басыма,
Кімнен көмек тілермін?!
Бірге туған менде жоқ,
Енді кімге сенермін?!
Жалғыздықтан жаман жоқ,
Ел көретін заман жоқ,
Құдай жалғыз жаратты,
Бұған қылар амал жоқ.
Қарасай-Қази болмаса,
Жаны ашитын маған жоқ.
Ар-намысты тастайын,
Ерді аяққа баспайын.
Екі досым болмаса,
Жалғыз туған қасқамын.
Аламанды алдырып,
Басымды алып қашпайын.
Тазадан тұлпар мінейін,
Қолыма қайтып келейін.
Ұрысып тұрған әскердің
Жолын ашып берейін.
Бере алмасам, алдымен,
Өзім жүріп өлейін,—
Деді дағы, ер Әділ
Қолына қайтып келеді,
Тазадан тұлпар мінеді,
Қамап тұрған қалмаққа
Әділ жүріп келеді.
Атына қамшы басады,
Ат болдырып шаршады.
Төңірегін Әділдің
Қызылбас жау қоршады.
Адасқанын біледі,
Әділ жылап келеді,
Сонда Әділ не деді:
—Сапарым менің оңбады,
Басыма бақыт қонбады.
Ықпалым тайып әл кетті,
«Әділ жауда қалды»—деп,
Әрбір жерге сөз жетті.
Жетті демей не дейін,
Адастырып жолымнан,
Қараңғы түннің ішінде
Айдап келіп көрсетті
Алты қатар қандекті.
Астындағы тұлпарға,
«Шу жануар, қарғы!»—деп,
Қамшы басып қарғытты.
Жануар тұлпар Қызыл ат,
Жал құйрығы ұзын ат,
Алты қатар қандектен
Оқ жыландай болып ат!
Қарғып өтіп шыға алмай,
Қыла көрме мені ұят.
Тұлпар атым сен едің,
Сенің есің мен едім.
Алты қатар қандектен
Атым, сені қарғытсам,
Болар ма екен себебің,—
Деді дағы, ер Әділ
Атына қамшы басады.
Болдырып жүрген жануар
Адымын қысқа ашады.
Алты қатар қандектен
Бір-бірлеп өтіп барады.
Алтыншы орға келгенде,
Қарғып өте бергенде,
Астындағы тұлпардың
Сүрініп кетіп тұяғы,
Тайып кетіп аяғы,
Жолға барып түседі.
Алдыңғы екі өкшесі
Орға барып түседі.
Өмілдірік үзіліп,
Артынан ері сыпырылып,
Басын алып жануар,
Ордан шығып барады.
Қол бастаған ер Әділ
Жалғыз өзі шырқырап,
Орға түсіп қалады.
Түскенін ешкім білмеді,
Енді мұны қандектен
Кім шығарып алады.
Әділдің түсіп қалғанын
Қарасай-Қази білмеді.
Әділдің қолын қызылбас
Қамап жүріп қырады.
Бір парасын бұлардың
Тірілей ұстап алады.
Қарасай-Қази қос батыр
Қазбан деген қалада
Алты күндей болады.
Қала бұзып, қала алып,
Шулатып жесір тағы алып,
Алды малға толады.
Дербент деген зор қала,
Әуелгі салған қала екен.
Дербентте әскер көп екен,
Қаласы мықты зор екен.
«Әділге аман қосылсақ,
Алармыз»—деп келеді.
Тас өткелге келгенде
Әділге берген әскердің
Қырылғанын көреді.
Жоқ болғанын Әділдің
Енді бұлар біледі.
Досын жоқтап ер Қази,
Қарасайға сөйледі:
—Білдің бе Құдай ұрғанын,
Досымның белі сынғанын,
Дұшпанның көңлі тынғанын?!
Хабар алмай досымнан,
Қырымды Құдай алулы,
Әділ жауда қалулы.
Шұбар атқа мінейін,
Шұбалаңдап желейін,
Әділ хандай досымның
Тірі-өлісін білейін.
Өлмесем тауып келейін,
Досымды іздеп таппасам,
Таңда маһшар күнінде
Ақ жүзін қалай көрейін?!
Қырымға қайтіп барғанда,
Шешесі сұрап тұрғанда,
Не деп жауап берейін?!
Өлді деп күдер үзбейін,
Жауап бер, аға, іздейін.
Аман болсам, келермін,
Қазам жетсе, өлермін.
Жазатайым іс болса,
Қарамастай күш болса,
Ақыретте көрермін.