Қарасай—Қази (2-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Қарасай-Қази ер жетіп,
Кемалына келеді.
Бір күндері болғанда
Үш арманын Орақтың
Қарасай-Қази анасы
Балдарына сөйлейді:
—Ау, Қарасай, шырағым,
Ақылды туған бұлағым,
Тапсырып кеткен атаңның
Үш арманы бар еді,
Саған баян қылайын.
Бірінші арманы—Қызыл ат,
Жал құйрығы ұзын ат,
Міне алмай кетті дүниеден.
Қарасай, Қази ер жетіп,
Кемалына келгенсін,
Қызыл атты ұстап ап,
Астына мінсін деп еді.
Екінші оның арманы—
Бірге туған Мамайды,
Емшектесі жұбайды
Бір баласы жоғынан,
Қайғысының зорынан
Күлдіре алмай өтті дүниеден.
Қарасай-Қази екеуі,
Кемалына келгесін,
Қайғылы Мамай атасын
Бір күлдірсін деп еді.
Үшінші оның арманы—
Қызылбастың жауына,
Қиғаштың биік тауына
Бара алмай өтті дүниеден.
Қызылбастың жауына,
Қиғаштың биік тауына
Бір аттансын деп еді.
Атаңның айтқан, қарағым,
Үш арманы сол еді.
Бұл уақтары хан Мамай
Ұрысып жатқан жылы еді.
Қызылбасты ала алмай,
Көп азапты көреді.
Үш жыл бойы ұрыстан
Мамай қатты жүдеді.
Ауылда жүріп Қарасай,
Қарт атасы Мамайдың
Қысылғанын біледі.
Ұйқы көрмей түн қатты
Аттанып бала келеді.
Аюкенің көп қолын
Қарасай жеңіп береді.
Қайратын көріп баланың,
Өмірінде күлмеген
Мамай сонда күледі.
Ер Орақтың өлгенін
Елге келіп біледі.
Бауырласы өлгесін,
Алладан ажал тіледі.
Ауылда Орақ өлгесін,
Жаудан Мамай келгесін,
Құса болып хан Мамай
Күні-түні зарлады-ай.
Өлім сұрап Алладан
Бармаған жері қалмаған.
Ұйқы көрмей, нәр татпай,
Мамай жатып зарлаған.
Тілегін беріп бір Құдай,
Пір болып ұшып кетуге
Әмір келген Алладан.
Ұшып жүріп пір болып,
Талай жерді шарлаған.
Ең соңында хан Мамай
Маңғыстауда қалуға,
Қолай деп соны арнаған.
Кем деп айтып бола ма,
Бір Жаратқан Иені?!
Қолына алған қамшысы—
Топалаң болған қой менен
Жамалдат болған түйені
Маңғыстаудың ойында,
Көлденең діңнің бойында,
Сол жерде қалған секілді
Мамайдай ердің сүйегі.
Артта қалған жас балдар,
Енді соған келелі.
Бұл жердегі бір тарау,
Қарасай-Қази батырдың
Атасының ары үшін,
Өз елінің қамы үшін
Жауға аттанған жері еді.
Орақ сынды батырдан
Қарасай-Қази ұл қалды,
Қарашаш сұлу тұл қалды.
Мамайда еркек бала жоқ,
Қымбат сынды қыз қалды.
Нарлар өліп, бұл күнде
Жас тайлаққа күн қалды.
Ел қорғаны ерлер өлгесін,
Ноғай халқы мұңданды.
Асылдан туған жетімдер
Адам болып кетер деп,
Ат жалға қолы жетер деп,
Осылар қолда тұрғанда,
Өкінгенім бекер деп,
Екі бірдей жетімді
Бағыпты кемпір шекерлеп.
Сүйтіп бағып жүргенде,
Қарасай келді жетіге,
Ер Қази келіп алтыға.
Жас та болса балдары
Орақтан тартып салтына,
Басшы болды халқына.
Көмегі тиді әр жерде,
Жалғыз бенен жартыға.
«Көп жаманды табың»,—деп,
Жар салдырды халқына.
Тоқалдан туған жамандар
Өлтіргенсін Орақты,
Түсетін болды талқыға.
Жамандар сонда кеңесті,
Кеңескенде не десті?
«Ісіміз еткен күнәлі,
Барлық жұртқа мәлім-ді,
Қарасай-Қази ер жетсе,
Көре алмаймыз жарықты.
Бір хабарын білсеңіз,
Жамандарды ұстаң»,—деп
Елге хабар салыпты.
Осылайша кеңесіп,
Бір қарамай артына,
Қалмаққа қашып барыпты.