Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (37-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 4 мин оқу

Ал, күн үш ай толғанда,
Ханымға берген уәде
Жетер шағы болғанда,
Бағындырып қалмақты,
Еліне қайтып барады.
Әділ досын ерітіп,
Қайта шығып қонады.
Шыққан күні Әділдің
Ақ сүт берген анасы,
Ол әйелдің данасы,
Түнде жатып түс көрді.
Өзі жорып бұл түсін,
Қуанып көңлі хош болды.
Ұйқыдан қызын оятып,
Көрген түсін сынатып,
Және қызын қуантып,
Анасы тұрып толғады:
—Басыңды көтер, қызым-ай,
Туған ерке қозым-ай.
Мен бір түнде түс көрдім,
Жорып берші өзің-ай.
Асқар биік Алатау
Үстіме келіп құлап жүр,
Бұл не болар шырағым?
Аяғы жоқ, басы жоқ,
Ағыны қатты білдіріп,
Суы сүттей ақ дария
Ақ орданың түбінен
Сарқырап тасып, ағып жүр.
Бөгесем де болмады,
Ағыны бұзып тұрмады,
Бұл не болар шырағым?
Томағасы алтыннан,
Аяқ бауы күмістен,
Бір қаршыға құс көрдім,
Өзін еркін бос көрдім,
Қолыма келіп қонып жүр.
Ақ орданың ішінде
Жақсы адамдар толып жүр,
Ақ батасын беріп жүр.
Және жатсам түс көрдім,
Жалғыз қозым ізімде,
Әділ ме екен деп едім,
Көрінбеді көзіме.
Оң жағымнан күн туды,
Сол жағымнан ай туды,
Бұл не болар шырағым?
Сонда қызы сөйледі:
—Шынымен тілек тілесең,
Қабыл ма екен тобаң-ай.
Тілегіңді Жасаған,
Берген екен саған-ай!
Бүгін жаудан Әділің
Шыққан екен аман-ай.
Ақ орданың үстіне
Асқар тау келіп құласа,
Асқар таудай бақ қонар,
Кеткен Әділ балаңа-ай.
Сарқырап ақса ақ дария,
Бөгесең де болмаса,
Ағыны бұзып тұрмаса,
Дұшпан бұзып өте алмас,
Алды түгіл, артыңнан
Көрінген шығар саған-ай.
Алтын орда ішінде,
Жақсы адамдар жиылса,
Жұртты жиып той қылар,
Жұрт сыйлығын мол қылар.
Мен жорысам осылай,
Қуантар келіп досым-ай.
Айналайын, анам-ай,
Көрінді жақсы түсің-ай.
Бір қаршыға құс көрсең,
Өзін еркін бос көрсең,
Әділ балаң болғаны-ай,
Бүгін шығып қонғаны-ай.
Оң жағыңнан күн туса,
Қарасай досың болғаны-ай.
Сол жағыңнан ай туса,
Қази досың болғаны-ай.
Әділ досын шығарып,
Ортасына алғаны-ай.
Қайғы кетіп басыңнан,
Шамшырағың жанған-ай.
Әділ жалғыз балаңыз
Жау қолынан босанып,
Жүрегіңді жарғаны-ай.
Түсіңді, шеше, жорыдым,
Жоқ екен түсің жалған-ай.
Осының бәрін ойласаң,
Жазуда солай болғаны-ай.
Сонда анасы толғады,
Және бір кеңес қозғады:
—Айналайын, қызым-ай,
Туған ерке қозым-ай.
Жорып едім түсімді,
Осылай деп өзім-ай.
Бұдан да былай, Жасаған,
Келтіргейсің ісімді,
Жорып қойдым түсімді.
Жарлы болсын, бай болсын,
Шырағым, сені беремін,
«Сүйінші» деген кісіге.
Қарағым, талай жыладым,
Осы күнім бекер деп.
Әділ жаудан келмесе,
Қайғымен күнім өтер деп.
Осыдан Құдай келтірсе,
Ардақтаған қызымды,
«Сүйінші!»—деп келгенге,
Соған берсем нетер деп.
Бере қойсам қызымды,
Ешкім айтпас бекер деп.

Екі мұңды қуанып,
«Уһ!»—деп демін алады.
Қарасай мен Қазидың
Кеткен күнін санады.
Сонан келіп қараса,
«Айтқан күні бітті»,—деп,
Төбеден түспей тұрады.
Қарасай-Қази қос батыр,
Әділменен үш батыр,
Ел шетіне таянды.
Әділ менен Қазиға
Қарасай қылды баянды.

—Қази менен екеуің,
Жаймен жүріп келерсің,
Ақ сүт берген анаңа
Барып сәлем берерсің.
Аман-есен қосылып,
Ойнап-күліп жүрерсің,
Берді тілек Құдайым.
Бұрын озып барайын,
Мұңдыларды қуантып,
Жүректерін жарайын,—
Деді дағы, Қарасай
Байбикешке жөнеді.
Қарап тұрса мұңдылар
Бір қараны көреді.
Көзді ашып, жұмғанша,
Қызыл атпен Қарасай
Салып жетіп келеді.
Мұңдыларды көреді,
Көріп сәлем береді.
—Байбикеш ханым, саумысың?!
Тілегі қабыл, байғұсым!
Әділді алып келеміз,
Тарқатып дерттен қайғысын.
Ақ марқадай керілген,
Қайғыменен езілген,
Ылия, аман жүрмісің?!
Мұнараның басында
Әділді қарап тұрмысың.
Әркім де жақсы көреді,
Өзінің қатар құрбысын.
Қысым кетіп, жаз болып,
Қолыма қонды жыл құсым.
Құс дегенім—ер Әділ,
Қияметтік жан досым.
Досым үшін аттанып,
Қызылбасқа от салып,
Қиғаш деген тауды алдық,
Қызылбас деген жауды алдық.
Бірнеше күн атысып,
Қызыл қанға батысып,
Қызылбасты зорға алдық.
Бағындырып алғасын,
Олжа мен жесір, мал алдық.
Тірілей түскен қалмаққа
Аламанды тағы алдық.
Құдай тілек берген күн,
Үш бөлініп Әділмен,
Елге қарай қозғалдық.
Әділ досын ерітіп,
Келатыр Қази туғаным.
Бұрынғының жолы деп,
Байбикештей ханымнан
Сүйінші сұрап тұрғаным.
Осы сөзді айтты да,
Байбикештей ханымды
Сынамақшы болады.
Қарасай қайта толғады:
—Бұл сапарда, Байбикеш,
Тілегіміз болмады,
Сапарымыз оңбады.
Айтып мен саған,
Әуелі сөздің бұрысын,
Айтайын енді дұрысын.
Батыр аңқау, ер гөдек—
Батырлығы құрысын.
Біз қалмаққа барғанбыз,
Қиядан қиқу салғанбыз.
Шыбын жанды қинадық,
Кетпесін деп ар-намыс.
Ар намысы құрысын,
Осы сапар біз көрдік,
Қалмақтың қатты ұрысын.
Бұл сапарда, Байбикеш,
Келіспеді жүрісім.
Мен қанатымнан қайрылдым,
Оң жағымнан майрылдым.
«Әділ» деп өксіп жүргенде
Қазидан да айрылдым.
Қази да қалды қалмақта,
Осы сапар тап болдым,
Көрмеген бұрын азапқа.
Бұрылтпады жан-жаққа,
Орға түсіп Қазиым,
Қалып қойды сол жақта.
Жалғыз қалған мен сордың
Келмеді күшім қалмаққа.
«Әділ» деп өксіп жүргенде
Тап болдым ауыр салмаққа.
Қази мен Әділ жоқ болды,
Ішім жанған өрт болды.
Ат басындай жүрекке
Қайғы менен дерт толды.
Осындай болды талабым
Келіспеген сапарда.
Неде болса тап болдым
Қауіп пенен қатерге.
Мен де жетім, сен жетім,
Екеуміз де тең жетім.
Ере алмастай мен болдым
Ендігі жерде қатарға.
Сонда ханым толғады,
Сөз дүкенін қозғады:
—Қарасай, досым сен едің,
Атаң Орақ батырдан
Артық туған дер едім,
Қанеки, артық туғаның?!
Әлі де, балам, кем едің,
Әуелі, балам, не дедің,
Соңынан не дегенің?!
Кемдігіңді айтайын:
Қызылбастан босанып,
Шыққаныңды білгенмін.
Ардақтаған қызымды
Сол күні саған, шырағым,
Сүйіншіге бергенмін.
Артық тусаң атадан,
Оны неге білмедің?!
Бұрын досым болсаң да,
Енді болдың күйеуім.
Әділім қашан келеді,
Барады босап сүйегім?!
«Қази жауда қалды»,—деп,
Сынау үшін айттың ғой,
Оныңды да білемін.
Әйел де болсам, пірлермен
Хабарласып жүр едім.
Талабыңыз оң болып,
Болған екен тілегің!

Тағы оқыңыз