Қарасай—Қази (21-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу
Табан жолға таласып,
Достыңменен, шырағым,
Болып тұр ма қас, Әділ!
Асыл туған Әділім,
Әр жерге кетті дабылың.
Ешкім өлшеу ете алмас,
Алланың берген бағына.
Қырық мың әскер қол,—деді,
Қол бастаған сен,—деді,
«Жол менікі» дегенің,
Сенікі де жөн,—деді.
Жөн де болса, ер Әділ,
Достыңа жолың бер,—деді.
Басыңа қиын іс түссе,
Пайдасы тиер ер,—деді.
Әділді сөзбен тоқтатып,
Қазиға жетіп келді енді.
Алдымдағы, ер Қази,
Жолын берді ер Әділ,
Тұрмаймысың сен,—деді.
Арғы атаңды сұрасаң,
Баба түкті шашты Әзиз—
Әулие шайқы пір еді.
Одан туған Едіге
Кереметті ер еді.
Нұрадын мен ер Мұса,
Бұлар кімнен кем еді?!
Сенің атаң ер Орақ,
Едіге ердің сойы еді.
Қарсыласқан хандардың
Тай-құлындай тамытып,
Басын кесті деп еді.
Атаң Орақ болғасын,
«Жол—менікі» дегенің,
Сенікі де жөн еді.
Жолыңды алдың, ер Қази
Жолың болсын, оң деді.
Ашуыңды тастап көрісіп,
Достыңмен тату бол,—деді.
Ал енді Қоянақ екі батырды татуластарып, дос қылады. Қырық мың әскер жалғыз аяқ тар жолға сыймайды. Соның үшін әскерді үш бөледі. Он төрт мың қолға Қарасай-Қази бас болып жолға түсіп кетеді. Он төрт мың қолға Әділ бас болып, Қарасай-Қазидың ізінен кетеді. Он үш мың қолға Ахмет бас болып, ол сол жерде тұрып қалады. Енді Қарасай-Қази, Әділ үшеуі тар жолға түсіп кете тұрсын, ізде қалған Ахмет жалғыз аяқ тар жолға кірмей, «кейін қайталық»—деп әскеріне қарап айтып тұрған жері.
Ахмет батыр сөйледі:
—Қол бастаған Қоянақ,
Құладың таудан қиялап.
Жалғыз аяқ тар жолға
Әскерімді түсірмей,
Қайтуға тұрмын ой-ойлап.
Осы жерге келгенде,
Тас өткелді көргенде,
Әскер болды үш бөлек.
Жау қамаса тар жолда,
Сонда бізге күш керек.
Ақылдасып қайтуға,
Болашақ істі айтуға,
Өзіңдей бізге ер керек.
Отқа түсу тірідей,
Қойеке, осы не керек?!
Он төрт мыңға қолға бас болып,
Қарасай-Қази ер кетті.
Әскерін қойдай шұбыртып,
Өткелден аман бұл кетті.
Айқын сордың ішінен
Жалғыз аяқ жол кетті.
Қызылбас жауы қамаса,
Біз көрерміз бейнетті.
Қарасай-Қази ер еді,
Едіге ердің сойы еді—
Жаумай, сірә, ашылмас!
Орақ пенен Мамайдың
Қарасай-Қази ұлы еді,
Дұшпаны оған бас ұрмас.
Өздері аман тұрғанда,
Әскерін жаудан қашырмас,
Толса да тасып, шайқалмас.
Шар болаттың сойы еді,
Қысқа кесіп қайта алмас.
Қызылбастың жауынан
Жеңілем деп айта алмас.
Қарланып шабар қалаға,
Қаланы бұзып алады.
Соңынан кеткен Әділдің
Қамауда қолы қалады.
Қамап алып тар жолға,
Шығармайд қолын далаға-ай.
Осы сапар ер Әділ
Асылық етіп барады-ай.
Осы айтқаным болмасын,
Әділ жауда қалмасын.
Қарасай-Қази қос батыр
Қызылбасқа барғасын,
Қызылбастың әскері
Тауға қарай салмасын.
Жалғыз аяқ тар жолды
Бізден бұрын алмасын.
Қырымнан келген көп әскер
Қамауда, сүйтіп, қалмасын.
Осы жерден қайталық,
Болатын істі айталық.
Бұрын барып тар жолдың,
Аузын барып байқалық.
Тауға жылдам баралық,
Тау басынан қаралық.
Қызылбас көрер күн болса,
Бұл айтқаным шын болса,
Осы жерде іс болар.
Аламанды алдырмай,
Біреуін жауда қалдырмай,
Аман алып шығалық.
Бәріңе айтқан кеңесім
Баспалық жаудың жебесін.
Қол бастаған, Қоянақ,
Қартым қалай көресің?
Мақұл десең, Қойеке,
Кейін қарап жүресің.
Сонда қартың сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қоянақ қартың мен едім,
Көпті көрген көне едім.
Бұл сөзіңді, Ахмет,
Мен де мақұл көремін.
Көргенменен апырай,
Бір қарамай артыңа-ай,
Кейін қайтып кеткенің,
Ылайық па басыңа-ай?!
Қарасай, Қази, жас Әділ
Жан жолдасың емес пе?!
Хабар алмай солардан,
Барасың кейін, қайтіп-ай?!
Бір хабарын алсайшы,
Қарағым, бүгін жатып-ай.
Ахмет сонда сөйледі:
—Ау, Қоянақ қартым-ай,
Амандық ерге артық-ай!
Түспелік деп сор жолға,
Айтып тұрмын ақыл-ай.
Жау қамаса тар жолда,
Сорға түсіп, қырылар
Ізіңе ерген халқың-ай.
Әскерің қалар тұтылып,
Боз тұлпармен Қойеке,
Кетерсің өзің құтылып.
Өзің аман шығарсың,
Әскеріңді қырарсың.
Әскеріңді қырдырып,
Көп ұятқа қаларсың,
Қас масқара боларсың,
Ізіңе ерген әскердің
Обалына қаларсың.
Қартым, ойлап қарашы,
Осы айтқаным—боларсың!
Ахмет ақыл айтады,
Ақылмен алдын байқады.
Қоянақ қарт та түсініп,
Бұ да кейін қайтады.
Қарасай—Қази екеуі
Қазбан деген қаланы
Мұны бұзып алады.
Қала бұзып, қан алып,
Шулатып жесір және алып,
Алды малға толады.
Қызылбастың көп қолы
Шабылған жерге қарамай,
Тауға қарай салады.
Айсаның ұлы Ахмет
Әулие десең болмай ма,
Айтқаны дұрыс болады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Екі әскер таласып,
Үш күн ұрыс салады.