Қарасай—Қази (14-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Жалғыз адам болмаса,
Екі адам қатар жүре алмас.
Сондай қиын жол екен,
Алдырмайтын ел екен.
Тілімді алсаң, қайтайық,
Барса-келмес жер екен.
Бұрын ешкім келмеген,
Аттанып жүрген сен екен.
Жолды барып серледім,
Жалған айтар мен бе едім?!
Жалғыз аяқ тар жолға,
Батылым барып кірмедім.
Кірейін десем сенбедім,
Мұндай қиын тар жолды
Өмірімде көрмедім.
Қол бастаған, ер Әділ,
Ендігісін өзің біл,
Алдырмайтын ел деймін.
Сонда Әділ сөйледі:
—Қоянақ қартым, не дейсің?
Жолды оңды демейсің.
Таудан құлап жолменен,
Көрмей әскер қолменен,
Таудың жолы үңгір деп,
Елге қайтар дермісің?!
Неге түсіп көрмейсің,
Қырық жыл қырғын келсе де,
Ажалдан бұрын өлмейсің.
Кірмегесін ішіне,
Жол мәнісін білмейсің.
Жолдың арғы шетіне,
Қызылбастың кентіне
Неге барып келмейсің?!
Тау басынан қайтыпсың,
Және өтірік сөйлейсің.
Анықтап көріп көзіңмен,
Сүйтіп келіп хабарын,
Қартым, неге бермейсің?!
Айсаның ұлы Серігім,
Ертіп сені жібердім,
Қоянақ қарттың қасына.
Ер деп сені жүрсем де,
Жоқ ұқсайды керегің.
Енді байқап қарасам,
Қорқақ екен жүрегің.
Осыны айтып болды да,
Ахметке толғады:
—Бұрынғы барған қарауыл
Көңіліме толмады,
Жауаптары болмады,
Талаптары оңбады.
Айтқандары олардың
Құлағыма қонбады.
Ал, Ахмет, Ахмет,
Алладан болсын рахмет.
Жолды байқап келуге
Жаманға қиын ақырет.
Бұйырамын тар жолға,
Айтқанымды мақұл ет.
Өлімге басты байлаған,
Қолтығына қол салып,
Айдаһарды торлаған—
Сен қашаннан ер едің,
Артық туған шер едің.
Осындай қиын тар жолда
Пайдасы тиер деп едім.
Қиын жолда болмаса,
Пайдаңды қашан көремін.
Алабас атқа мін деймін,
О да болса ел деймін.
Қоянақ қарт пен ер Серік—
Олар қорқып кірмеді,
Хабарын дұрыс бермеді.
Көрмегесін тар жолды,
Сөзіне адам сенбеді.
Ал, Ахмет, сен,—деді,
Бұйырамын мен,—деді.
Жалғыз аяқ тар жолдың
Ішіне кіріп көр,—деді.
Жолдың көріп бағдарын,
Хабарын дұрыс бер,—деді.
Бұйырғасын Ахмет
Алабас атқа мінеді,
Беліне қару іледі.
Алабасты қамшылап,
Алтын туы жалтырап,
Тауға қарап жөнеді.
Қиғаш тауға Ахмет
Салып жетіп келеді.
Тау жағалап шабады,
Оттай қаулап жанады.
Бұрғымен тескен тар жолды
Мұның да көзі шалады.
Тау басынан еңкейіп,
Жолды байқап қарады.
Жалғыз аяқ тесік жол,
Адам кірмес нешік жол—
Таң-тамаша қалады.
Кірейін десе сене алмай,
Тау басынан байқады.
Жалғыз аяқ тесік жол,
Мұның да тауы қайтады.
Ер де болса кіре алмай,
Кірейін десе сене алмай,
Бұ да уайым айтады.
Қоянақ қартым ер екен,
Көргенін айтып жүр екен.
Жолдың қиын жаманы,
Жалған емес шын екен.
Ағайыннан әл кетпей,
Шыбын жаннан баз кешпей,
Жан жүрмейтін жол екен.
Жолды көріп Ахмет,
Батылы барып кірмеді,
Кірейін десе сенбеді.
Кірмесе де тар жолға,
Сыртынан байқап серледі.
Жолды анықтап байқады,
Қатты уайым айтады.
Тар жолға батып кіре алмай,
Жүрегі шыдап тұра алмай,
Ахмет кейін қайтады.
Әділге жетіп келеді,
Келіп хабар береді:
—Жұмсаған, Әділ, сен едің,
Жауға барған мен едім.
Жалғыз аяқ тар жолды
Көріп кел маған деп едің.
Жұмсағасын бұйырып,
Тауға қарап жөнелдім.