Қарасай—Қази (27-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу
Он екі ханның елі еді,
Әр патшадан зор еді.
Аттанып келген жеріме,
Бүлік салған еліме,
Жылатып қатын, баламды,
Қазбан деген қаламды
Шауып кеткен кім еді?!
Сонда Әділ сөйледі:
—Тергегенің жөн еді,
Қырымның ханы—жас Әділ,
Қол бастаған мен еді.
Жіберген елші барғасын
Хатыңды жазған алғасын
Қиғаш тауға келгенмін
«Қиғаш тауға келің»—деп,
Уәде сенің бергенің.
Хан да өтірік айта ма,
Сол жерге неге келмедің?!
Сертіңізден тайғасын,
Еліңе келіп енгенмін—
Сенен қорқар мен бе едім?!
Қамап ұрған қызылбас
Қолыңа түсті біздің бас.
Аяқ-қолым босатып,
Жібер деп сізге жалынбас,
Аяғыңа бас ұрмас.
Менің атым—ер Әділ
Қорқып сенен жасырмас.
Қорыққаным бола ма-ай,
Жалынбаймын саған-ай!
Қырық мың әскер қолменен,
Жалғыз аяқ жолменен
Үш бөлініп үш жерден,
Салайын деп бұлағай,
Тиіп едік қалаңа-ай.
Алдыңғы тиген көп әскер,
Қарасай-Қази қос батыр
Шапқан шығар қалаңды-ай.
Қолыңнан келсе өшіңді ал,
Қарасай-Қази қос батыр
Жылатқан қатын балаңды-ай!
Екінші әскер мен едім,
Үшінші әскер Ахмет,
Не қылғанын білмедім.
Жалғыз аяқ жолыңа
Түстім дағы, қырылдым,
Жолсыз шауып ұрындым.
Ортаға алды қамалай,
Қамап алып жолымды,
Жоқ қылды қырып қолымды.
Қолымды қорғап тұрғанда,
Садағым сынып бөлінді,
Тұлпарым орға жығылды.
Өмілдірік үзіліп,
Қараңғы орда мен қалдым.
Қараңғы ордың ішінде
Таба алмадым жөнімді.
Қыдырып жүріп қызылбас,
Мені көріп жыйылдың.
Ұстайын деп жүгірдің,
Орға түсіп қырылдың.
Ақыл тауып қызылбас,
Қазған ордың ішіне
Топырақты суырдың.
Көрсетпедің көзімді,
Естімедің сөзімді.
Атаңа нәлет, қызылбас,
Білгенің болса аянба.
Мен де саған бір күні
Көрсетермін көрімді.
Менің жөнім сұрасаң,
Қырымның ханы мен едім,
Қол бастаған ер едім.
Қызылбасты қиратып,
Жесірін қойдай шулатып,
Шауып алсам деп едім.
Тұлпарым орға жығылып,
Болмады қабыл дегенім.
Өлсем - өліп кетермін,
Егер өліп кетпесем,
Түбіңе сенің жетермін.
Осы айтқаным қылмасам,
Мен де ер емеспін, бекермін!
Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Сен де мендей хандарсың,
Тентек өскен заңғарсың.
Жас басыңнан қақшақтап,
Бізді алуға армансың.
Әділ деген сен болсаң,
Қол бастаған ер болсаң,
Әрі өзің хан болсаң,
Сондай батыр жан болсаң,
Мойныңа қамыт ілейін,
Алты арбаны жегейін.
Алты арбаның үстіне,
Толтырып тасты төгейін.
Мықтысынған батырдың
Күшін сөйтіп көрейін.
Әділ болсаң, сен,—деді,
Кел, соңыма ер,—деді.
Не қылмадың бізге сен,
Жазаңды сүйтіп берейін.
Осыны айтып қызылбас,
Қолын байлап әкелді
Қазбан деген қалаға.
Қалаға Әділ келгесін,
Мойына қамыт іледі,
Алты арбаны жегеді.
Алты арбаның үстіне
Толтырып тасты төгеді,
Бір қызылбас мінеді,
Арбаға қосқан өгіздей
Шыбықтап айдап жөнеді.
Қарасай бұзған қаланы,
Әділге жегіп арбаны,
Алты айға қалмақ түзеді.
Айдап жүрген қызылбас
Қолына алып көк шыбық,
Елге болды көп қызық.
Арбаға тасты артады,
Өгіздей болып ер Әділ,
Алты арбаны тартады.
Қаһарланып тартқанда,
Үзіледі арқаны.
Арқан қиып арқасын,
Жанына қатты батады.
Қасына жақын баруға,
Қызылбас жаман қорқады.
Бұрынғыдай Әділге,
Еркінситін ел қайда,
Еркелейтін күн қайда?!
Алты арбаны сүйретіп,
Жолға түсіп жортады.
Қарасай бұзған қаланы,
Әділге жегіп арбаны,
Қызылбас түзеп қаласын,
Алты айда салып болады.
Қаласын салып болғасын,
Және де қастық қылады.
Тісімен тезек тергізіп,
Қыдыртып қойды қаланы.
Тісімен тезек тереді,
Көп азапты көреді.
Бір қызылбас ізінде
Тергізіп тезек жүреді.
Мұндай қиын азапты
Көремін деген жоқ еді,
Басына түссе көнеді.
Және бір жерге айдайды,
Бар азапты сайлайды.
Табанына тас қағып,
Сыналап әбден байлайды.
Таң атқанша Әділдің
Әбден соры қайнайды.
Қимылдауға дәрмен жоқ—
Екі көзі жайнайды.
Қызылбастың баласы
Басына шығып ойнайды.
Қолына түскен баланы
Қашыр-құшыр шайнайды.
Алма деген бір жеміс,
Тамағына ер Әділ
Ол кешпенен бұл кешке
Жарым алма жейді-міс.
Қадірін білген жақсылар
«Қолға түсіп қор болған,
Ардақтаған біреудің,
Жаңғызы ғой» дейді-міс.
Қадірін білмес жамандар
«Жарты алмаға тоймайтын,
Бір жаман ғой» дейді-міс.
Әділ жүрді азапта,
Тыным көрмей жазы-қыс.
Қырым жақтан келсейші,
Қалықтап ұшқан қара құс.