Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (30-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу

Онымен өлсін бе,
Таусылмаса ажалы!
Алты күн жатты нәр татпай,
Бар болғаны зарлады.
Жеті күнге жетеді,
Қасындағы қызына
«Тұр, шырағым, жатпа»,—деп,
Шешесі тілек етеді:
—Түрегел, қызым, түрегел,
Алла ісіне көне бер.
Далада жылап жатқанша,
Үйіңе сорлы жүре гөр.
Кімге еркелеп жатырсың,
Кім ескеріп шақырсын?!
Қасыңа келіп аймалап,
«Шырағым, тұр»,—деп қаймалап,
Саған түгіл, қарағым,
Ішімнен шыққан маған жоқ.
Бір Алланың ісіне
Салса, пенде, амал жоқ.
Аға түгіл, інің жоқ,
Алды-артыңда дымың жоқ.
Құдай қылды көнесің,
Енді бізге тыныш жоқ.
Алты күн жаттық нәр татпай,
Ажалдан бұрын өлу жоқ.
Ордамызға кірелік,
Ақ ісіне көнелік.
Иесіз қалған дүниені
Өзіміз ішіп, киелік.
Жатқанменен келе ме?!
Тілегенменен бере ме?!
«Тұр, шырағым», дегені
Ұйықтап жатқан қызының
Құлағына келеді.
Түрегеліп Ылия,
Шешесіне ереді.
Иесіз қалған ордаға
Екі мұңды кіреді.
Құдіреттің ісіне
Енді бұлар көнеді.
Омар менен Оспанның
Тілегін Құдай береді.
Әділ тауда қалғасын,
Қуанып ойнап күледі.
Ылия менен дүниені
Екі күн билеп жүреді.
Екі құлдың ниетін
Екі мұңды біледі.
Басында ерік болмады,
Құл басынып қорлады.
Ылиядай аруды
«Аламыз», деп ойлады.
Біріне-бірі қия алмай,
Екі құлдың бір жерде
Әлден-ақ басы сыймады.
Көздері жаман алайды,
Көкірегі қарайды.
Бір күндері екі құл
Ылияға таласып,
Төбелесті салады.
Бірін-бірі өлтіріп,
Ылияны алуға
Көңілдері қайнайды.
Көремін деген ойда жоқ,
Ылияның мұндайды.

Ал екі құл Ылияға жүре тұрсын. Қызылбастағы Әділден хабар берелік.

Күндерден күн өтеді,
Қалмақтан көрген қорлығы
Сүйегіне жетеді.
Пенде болған Әділдің
Ес-ақылы кетеді.
Сүйретіп арба мойнына,
Жас сорғалап қойнына,
Күш-қуаты кетеді.
Іздеп тұрған бауыр жоқ,
Жеке туған ер еді.
Алты арбасы мойнында,
Күні-түні азапта,
Жыламай Әділ нетеді.
Бұрынғы қайрат сын қалды,
Бұрынғы жедел күн қалды.
Мүшесінен әл кетті,
Тек шықпаған жан қалды.
Амалы құрып Әділдің,
Есі кетіп сандалды.
Пірлері түсіп есіне,
Бір күні Әділ зарлайды.
Жаратқан мені Құдайым,
Бір өзіңе жылайын,
Тарыққанда пірлерім,
Пірлерім жәрдем бермесең,
Енді не амал қылайын?!
Басыма түсті уайым,
Сүйретіп жүрмін алты арба,
Босанып қалай шығайын?!
Қолеткі бар қолымда,
Оны қалай бұзайын?!
Анам айтқан бір сөзі
Ақшалмалы пір Әдер,
Пірімізге сыйындым.
Анамның айтқан бір сөзі,
Жаңа түсті есіме-ай.
Пірлерім қуат бермесең,
Кетті менің күнім-ай.
Тезек теріп кешулі
Ақ меруерт тісім-ай.
Көніп жүрміз, қайтейін,
Құдіреттің ісін-ай.
Табан етім жарылды,
Заманым енді тарылды.
Қолға түсті қор болып,
Басымнан бағым арылды.
Әділ кәріп балаңыз,
Пірлерім сізге жалынды.
Жер жүзінде бар болсаң,
Естігейсің зарымды.
Ақшалмалы пір Әдер,
Ер Әділдің пірі еді,
Кереметі зор еді.
Анасының тапсырып,
Айтқан пірі сол еді.
Есі кетіп Әділдің
Жадына түспей тұр еді.
Зарлаған даусы Әділдің
Ғайып-ерен пірінің
Құлағына келеді.
Қысылғанын Әділдің
Енді пірі біледі.
Меймененің шөлінде
Пірі қара құс болып,
Сол уақыттар ұшып жөнеді.
Қанаты күміс, мойны мыс,
Мысалы болды қара құс.
Кереметті ер болсаң,
Қара құстай болып ұш.
Бір Құдайдың жәрдемі,
Қанаты ұшып талмады,
Жерге түсіп қонбады.
Қара құс емес пірі еді,
Әділге ұшып келеді.
Келе жатқан аспанда
Қара құсты көреді.
Көре сөйлей береді:
—Аспанменен тірескен,
Бұлтпенен күрескен.
Адыра қалғыр, Қиғаш тау,
Болып тұрсың маған жау.
Қасыма келіп қонсайшы,
Тілегім қабыл болсайшы.
Қабыл болып тілегім,
Пір екені шын болса,
Қалтама таман еңкейіп,
Алар едім қаламды.
Тісімменен Қырымға,
Жазар едім сәлемді.
Бір жаратқан Құдайым,
Осыған себеп болсайшы.
Әділ жылап тіледі,
Қарақұс емес пір еді,
Өзі іздеп келеді.
Пірінен жәрдем болады,
Көңілі нұрға толады.
Қалтасына еңкейіп,
Қағаз, қалам алады.
Тісіменен тістейді,
Ерніменен күштейді.
Әділ байғұс амалдап,
Қырымға сәлем жазады.
Әуелі бастап жазады,
Бір жаратқан Алланы,
Алладан сұрап пананы.
Себеп болды пірінен,
Тарылғасын заманы.
Қарындасы Ылияны,
Ақ сүт берген анасын,
Бәрі де жатыр жазылып,
Тісімен жазған қағазы,
Қар бойындай хат болды
Әділдің жазған сәлемі.
Тарыққасын Әділге,
Пірінің болды себебі.
Құдайым оңға бастады,
Сәлемімді жаздым деп,
Әділ көңлін қоштады.
«Туып өскен жұртым,—деп,
Қарасай-Қази, жан досым,
Бір іздемей Әділді
Нағып шыдап жатыр,—деп.
Екі досым, көп сәлем,
Екі қолым байлаулы,
Қимылдауға әлім жоқ,
Сүйтіп, сорым қайнаулы.
Қарасай-Қази, досым-ай,
Сендерді дос деп кім айтар?!
Осындайда көрініп,
Бір келмедің қасыма-ай.
Екі досым сен едің,
Сенің досың мен едім.

Тағы оқыңыз