Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (35-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 4 мин оқу

Сұрағанмен айтпады,
Айтқанынан қайтпады.
Дініне берік халық екен,
Өлсе де, тілін тартпады.
Айтпағасын қызылбас,
Әділді іздеп таппады.
Әділ досын іздеді,
Еш хабарын сезбеді.
«Енді қайдан табам?»—деп,
Қарасай жылап еңіреді.
Жаратқан Алла Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Іздеп келген досымды,
Таба алмадым даладан,
Дала түгіл, қаладан,
Енді қайдан табайын?!
Ұстап алған қызылбас
Өлсе де, шынын айтпады.
Енді кімнен сұрайын?!
Таба алмасам досымды,
Елге не деп барайын?!
Бір сілтеуін бере гөр.
Атам Орақ бабайым,
Ақ сүт берген анайым!
Сендер себеп болмасаң,
Басыма түсті уайым.
Осылайша еңіреп,
Таба алмай досын тарығып,
Екеуі де қамығып,
Адам қылып біздерді,
Жараттың деп нағылып?!
Тұр екен сонда екеуі
Зар еңіреп Құдайға,
Пірлеріне жалынып.
Зарлаған даусы бұлардың
Ғайып-ерен пірінің
Құлағына шалынып.
Кететін болды бұлардың,
Басынан тұман арылып.
Бір әйел келді алдына
Қара терге малынып.
Сонда тұрып бұл әйел,
Сөз сөйледі ағылып:
—Қарақтарым, бауырым,
Неғып тұрсыз қамығып.
Көптен бері көре алмай,
Жүр едім сізді сағынып.
Кететұғын болар ма,
Басынан тұман арылып?!
Мен де сіздің апаңыз,
Қалмақта жүрген бағылып.
Жайымды баян етейін,
Қарағым, сізге жазылып.
Мен ноғайдың қызы едім,
Қойда бағлан қозы едім.
Жесір қып қалмақ алғанда,
Онда сендер жоқ едің.
Он бес жасар күнімде
Қалмақ шауып елімді,
Жесір алып, ел алып,
Кесіп кеткен желімді.
Ноғайдың ері шығарсыз,
Жүзің жылы көрінді.
Өтірік айтар демеңіз,
Апаңыз болам сенімді.
Кеңшілікке шыққасын,
Айтармын ата-тегімді.
Атын айтсам білерсіз
Ендігі би мен бегімді.
Айтпасаң да, қарағым,
Орақтан туған шығарсыз.
Меңзетіп тұрмын жүзіңді.
Алдыңа түсіп көрейін,
Әділді тауып берейін.
Айта берсем мұңым көп,
Тар жерде саған не дейін?
Тарқатайын қапаңды,
Танимын сенің атаңды.
Алдап жүр ғой демеңіз
Мендей мұңды апаңды.
Осы сөзді айтты да,
Алдына түсіп жүреді.
Жеті қабат зынданға
Екеуін ертіп келеді.
Бұл ноғайдың қызы емес,
Ғайып-ерен пірі еді.
Әмірімен Алланың
Сыртынан қамдап жүр еді.
Ертіп келіп зынданға,
Бір көрінбей көзіне,
Ғайып болып жөнеді.
Іздегені табылып,
Қабыл болды тілегі.
Жеті қабат зынданға
Қарасай-Қази келеді,
Дауыстап сәлем береді.
Бекітіп қойған есігі,
Есігінде бар екен,
Бір кішкентай тесігі.
Сол тесіктен келеді,
Әділ досын шақырып,
Жолбарыстай ақырып.
Ақырған даусы Әділдің
Құлағына барады,
Даусы жерді жарады.
Даусын естіп досының,
Көтеріп басын алады.
Келгенін біліп досының,
Әділ сонда толғады,
Іштегі шерін қозғады.
Көп жыл жүрді азапта,
Досынан жәрдем болмады.

—Қарасай-Қази, екеуің
Неғып келдің еліңнен,
Мен достыңмын сізден жерінген.
Қорықпаймын өлімнен,
Енді маған көрінбең.
«Әділ жауда қалды» деп,
Абыройым төгілген.
Әуелде тастап кеткесін,
Әділ сізден түңілген.
Салмаймын құлақ сөзіңе,
Көрінбең менің көзіме.
Жақындамай қасыма,
Кете берің жөніңе.
Алты жыл жүрдім азапта,
«Әділ неғып жатыр?»—деп,
Көрінбедің көзіме.
Ақыреттік дос болған соң,
Қатты келді көңліме.
Батырлар, сөзің бір болса,
Дос екенің шын болса,
Орға түсіп қалғанда,
Сонда неге келмедің?!
Осындай қиын, тар жерде,
Достарым, сізді көрмедім.
Алты арбаны сүйретіп,
Алты жыл жүрдім азапта,
Мұнда неге келмедің?!
Осындай қиын күндерде
Достығыңды сезбедім.
Керек емес, достарым,
Ендігі жерде келгенің.
Есептесіп шешеммен,
Қайтып ал, болса бергенің.
Бұрын дос деп жүрсем де,
Енді сізге сенбедім.
Көмегіңмен сендердің,
Ордан шығып, жау алып,
Елге тірі бара алман.
Сендер ердің сойысыз,
Мен қойшыдан жаралған.
Бір нәрсеге керіссек,
«Құтқарған жаудан—біз»,—деген,
Сөзіңе мазақ қала алман.
Сіздер асқан батырсыз,
Мен қорқақпын азалдан.
Ендігі жерде достықтан
Ашылған шығар арамыз.
Сіз батыр да, мен қорқақ,
Қанатын болды табаңыз.
Азап берген қалмақтың
Тайдырамын табанын,
Қуырамын заманын,
Кегімді жаудан аламын.
Сұрағанға «сәлем» дең,
Сонан соң елге барамын.
Іздеп келіп нетесіз,
Ноғайдың қорқақ жаманын?!
Атадан жалғыз туғасын,
Күнімнің білдім қараңын.
Кете берің қайрылмай,
Сөзімнің еттім тамамын.
Сонда Қази сөйледі:
—Әділ досым, аман-сау
Жатырмысың түбінде.
Досың іздеп келгенде,
Әлің қалай бүгінде?
Екі досың келіп тұр,
Келмеді деп өкпелеп,
Бізден, досым, түңілме.
Келіп тұрмыз сағынып,
Жатырсың, досым, нағылып?!
Құдай тілек беріп жүр,
Іздегенім табылып.
Әуелгі келген сапарда,
Досым, сенен айрылып,
Кетіп едік торығып.
Жұрттың бетін көре алмай,
Ел аралап жүре алмай,
Жатыр едік майрылып.
Сәлеміңді алғасын,
Хабарың анық барғасын,
Шамырқанып шамданып,
Досым сені табуға,
Шығып едік қамданып.
Жаудың бұздық қамалын,
Сені таппақ амалым.
Тізесінен қан кешті,
Екі тұлпар пырағым.
Жеті қабат зынданнан,
Шығарып сені алмасақ,
Тарқамайды құмарым.
Әуелгі келген сапарда,
Досым, сені іздедік,
Еш хабарын сезбедік.
Таппасақ та өзіңді,
Біздер күдер үзбедік.
Бүгінгі күні біздерді
Табыстырды Құдайым.
Күнәміз болса, кешір деп,
Достым, саған жылайын.
Тілекті қабыл қылмасаң,
Сенен аяр жаным жоқ,
Үстіңе мен де құлайын.
Орда жатқан ер Әділ
Байқады сөздің сыңайын.
—Олай болса, достарым,
Мен зынданнан шығайын.
Дұрыс жауап бермесем,
Біліп тұрмын Қазидың
Үстіме келіп құларын.
Қарасай о да құласа,
Мұнан да жаман мұңайып,
Кетер менің ажарым,
Мені амалдап шығарың.
Екі қолым байлаулы,
Сөйтіп, сорым қайнаулы.
Қимылдауға әлім жоқ,
Сөйтіп, сорым қайнаулы,
Қалай етіп шығайын?!
Арқан салып көріңіз,
Тісіммен тістеп қарайын.
Мұны есітіп екеуі,
Қуанысып қалады.
Жалғап арқан салады,
Әділ хандай достысын,
Шығарып ордан алады.
Шынжырларын жазады,
Қолындағы қолеткі,
Ол жазылмай қалады.

Тағы оқыңыз