Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (36-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу

Бұзайын десе, Әділдің
Қолы сынып барады.
Қарасай-Қази екеуі
Ылажын таппай тұрады.
Сол уақтар болғанда
Тарығып, Әділ жылады:
—Жаратқан мені, Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Ақ шалмалы пірәдер,
Сенен себеп болмаса,
Енді не амал қылайын?!
Балталауға қолым бар,
Мұны қалай бұзайын?!
Ақшалмалы пірәдер,
Болмайсың ба хабардар.
Колеткіден қолымды
Шығаруға болың жар.
Жеті ғайып пір едің,
Қысылғанда тар жерде,
Бір бұл емес, әр жерде
Жәрдем беріп жүр едің.
Менің шығып тұрғаным—
О да сенің себебің.
Колеткіні бұза алмай,
Мен тарығып жыладым.
Көрісе алмай достыммен,
Менің жылап тұрғаным.
Осылай деп ер Әділ,
Жылап тұрып зарлады.
Зарлаған даусы Әділдің
Ғайып-ерен пірінің
Құлағына барады.
Пірінен себеп болады,
Тілегі қабыл ер еді,
Пірлері жәрдем береді.
Ғайып-ерен ер дауыс
Құлағына келеді.
Қырық жолбарыс қуаты
Жіптей қылып үзеді,
Талқан болып сынады.
Құшақтасып көрісіп,
Көңілдері тынады.
Қуанысып күлісіп,
Тілегі қабыл болады.
Әділ досын шығарып,
Қарасай мен Қазидың,
Басына бақыт қонады.
Амандасып болғасын,
«Атқа, досым, мінгес»,—деп,
Көлденең тартып тұрады.
«Мінгес» десе, мінбеді.
Сонда Әділ сөйледі:
—Екі досым сен едің,
Сіз ақылға кең едің,
Көлденең тартып атыңа
Мінгес, досым, дегенің,
Мен атыңа мінбедім,
Мінгескендей атыңа,
Қызылбастан олжа қып,
Алып келген құл ме едім?!
Осы жерін, достарым,
Неге айырып білмедің?!
Ханның сарай жайында
Естимін даусын шыңғырып,
Кісінеген аттың да.
Сарқызылды мәпелеп,
Бағып едім тайында.
Шамаңыз келсе, алып кел,
Тұрған шығар бабында.
Малым да сол, жаным да,
Әкелмесең атымды,
Мен кетпеймін шынында.
Мұны есітіп ер Қази,
Сарқызылға шабады.
Пірі бастап туралап,
Атты Қази табады.
Ханның сарай жайынан
Аман алып шығады.
Алып келіп Әділге,
Сарқызылды мінгізді.
Кіреукесін кигізді,
Бас қаруын ілгізді.
Қарасай-Қази екеуі
Шын достығын білгізді.
Дербент деген қалаға,
Досын бастап жүргізді.
Қызылбастай жауына
Үш арыстан келеді,
Келіп бүлік салады,
Қаланы шауып алады.
Бірнеше күн атысып,
Қара қанға батысып,
Үш арыстан үш жерден,
Пірлері оған күш берген,
Қызылбасты қырады,
Көбі болды жаралы.
Дербент деген қаласын,
Шулатып қатын-баласын,
Талқан қылып шабады.
Қарасай-Қази қос батыр,
Әділменен үш батыр,
Қызылбасты қиратып,
Бір құмардан шығады.
Қорғасанды өлтіріп,
Бір құмардан шығады.
Қорғасанның қанды көз—
Қондыкердей әкесін
Тірілей ұстап алады.
Есінде бар Әділдің
Баяғы жазған қағазы.
Шығар емес есінен,
Өзіне берген азабы.
Сол азапты берелі,
Мұның да күшін көрелі.
Маған берген азаптың
Қайтатын болсын дерегі.
Қорғасан мықты зор еді,
Әскері сансыз көп еді.
Қондыкердің тілімен,
Азап берген сол еді.
Қорғасанды алғасын,
Көп әскерін қырғасын,
Қалған елі бағынып,
Қарасайға жалынып,
Қол қусырып тұрады,
Дегенін ерлер қылады.

Үшеуі Қондыкерді ортаға алып, баяғы Орақты өлтіріп қашып кеткен жиырма сегіз жаманды және Әділге ерген он төрт мың қолдың тірілей қолға түскенін, тауып беруін талап етеді. Қондыкер айтады: «Қарасай-Қази, алдыңнан соғысып кеткеннен кейін біздің елімізден қашып шығып кетті. Олардың қайда кеткенін білмейміз,—деді. Ал он төрт мың қолдың алты мыңы тірілей қолға түсті де, бес жүз адам жаралы болып қолға түсіп еді, ол бес жүз адамның екі жүзі жазылды. Қазір алты мың екі жүз адамыңыз күндіз жұмыс істейді, түнде қамауда болады»,—деді. Сонымен алты мың екі жүз адамын таптырып алып, қалмақты мұсылман дініне енгізіп, көп олжа, жесір алып, еліне аттанып қайтқан жері.

Тағы оқыңыз