Қарасай—Қази (7-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 4 мин оқу
Қарасай кетіп бара жатқанда шақырып алады. Шынында Қосайдың көңілі атты бермеу емес, баланы сынау еді, бұл балаға «атты сатып ал» деп, қымбат бағалар айтайын. Егер шын ер болып жауға барғысы келіп жүрсе, атқа не сұрасам да, алып келер деп, Қосайдың Қарасайға сөйлеген жері:
Қосай сонда сөйледі:
—Ау, Қарасай-Қарасай,
Асыл ердің баласы-ай.
Кешегі Орақ барында
Қосайменен әкеңнің
Жақын еді арасы-ай.
Соның біліп келіпсің,
Берер деп маған сеніпсің.
Олай болса, Қарасай,
Жылап кетпе, күліп кет,
Сен, Қызылды мініп кет.
Алмасаң да, қарағым,
Бәрін естіп біліп кет.
Ат керек болса, сатып ал,
Қызылдың сондай даңқы бар.
Қарыдар болсаң, қарағым,
Атымды толық бәсіне ал.
Қусаң жауды жетесің,
Құтылып қашсаң кетесің.
Бұл тұлпарда өнер көп,
Ат таниды екенсің.
Сен қалмаққа барғанда,
Қиядан қиқу салғанда,
Астыңда тұлпар тұрғанда,
Қалмайсың, балам, арманда.
Ал атымның бәсін айтайын,
Малымның бәсі—қыз Қымбат,
Тоқалдыққа бересің.
Ат керек болса, қарағым,
Қиналмай бұған көнесің.
Тоғыз сусар тон керек,
Тоғыз тұлпар ат керек,
Сондай-сондай зат керек.
Орақ достым болғасын,
Бір аяғын сонда да,
Атаң саған бос беред.
Толық бәсін сұрасам,
Атыма мал көп керек.
Керек болса алып кет,
Маған жүрме өкпелеп.
Бұл сөзді естіп Қарасай,
Жыланғаннан жұбанды.
Тірілгендей әкесі,
Сол жерде бала қуанды.
Олай болса, Қосеке,
Қызыл ат болсын біздікі,
Қыз Қымбат болсын сіздікі.
Тоғыз сусар тоныңды,
Тоғыз тұлпар атыңды,
Енді қалған затыңды,
Аман келсем қалмақтан,
Өлмей келсем сол жақтан,
Алып келіп берейін.
Өліп кетсем сояқта,
Кебінімнен төлейін.
Өлме, қартым, жасай бер.
Басқа саған не дейін?!—
Деді дағы, Қарасай
Қызылға тоқым салады,
Ырғып мініп алады.
Батасын беріп ер Қосай,
«Аман кел!»—деп қалады.
Қызылды мініп қиғаштап,
Құнан қойдай бой тастап,
Оңды-солға ойқастап,
Үйіне жетіп барады.
Қызыл аттың үстіне
Алтын ерді салады.
Алтын тұрман күмістен,
Мақпалдан жабу жабады,
Жібектен шынжыр тағады.
Азық-түлік ат жемін
Даярлап бәрін алады.
Жүру болды қалмаққа—
Қарасайдың талабы.
Атадан қалған бес қару,
Бесеуін де алады.
Орақтан қалған ақ алмас,
Есебін тауып сілтесе,
Ақ алмастан жан қалмас—
Тиген жері жым-жылас,
Мұны белге орады.
Анасымен қоштасып,
Кеткен Әділ ізінен
Қарасай кетіп барады.
«Аман барып, сау кел»,—деп,
Анасы пақыр жылады.
Қарасай кетіп қалмаққа,
Тастап кеткен Әділге
Ақырзаман салмаққа.
Ертеңгі күн бесінде
«Бір тайға сені сатты» деп,
Хабар келді Қымбатқа.
Ұзын бойлы ақ қатын,
Өсек десе дым жақын
Қымбатқа жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
—Бикешжан, жатсың нағылып?!
Мен келдім саған сабылып,
Қара терге малынып.
Қарасай кетсін қағынып,
Есіттің бе хабарды:
Өзіңмен туған ағаң жоқ,
Өлген атаң саған жоқ,
Көрерсің ақыр заманды.
Ағам бар деп жүрсің-ау,
Қарасайдай арамды.
Қарасай аман келмесін,
Тілегін Алла бермесін.
Саған жоқ теңдік, қарағым,
Жалғыз атаң өлгесін.
Сексендегі Қосайға
Бір тайға сені сатыпты.
Ат қолына тигесін,
Білдірмей саған асыпты.
Орақтан туды дейді-ау жұрт
Ондай жаман жасықты.
Сексендегі Қосайға,
Нағып қиып берді екен
Сендей алтын асықты?!
Көкірегі гүрілдеп,
Буындары дірілдеп,
Қасына алып жатады-ау,
«Он бес шыққан күнім», деп.
Қосайға әйел болғанша,
Өлгенің жақсы бүгін,—деп.
Бір тайға сатты дегенсін,
Арымыз келді біздің,—деп.
Бүгіннен бастап, қарағым,
Қарасайдан түңіл,—деп.
Ұзап кетпей алысқа,
Ізінен қуып жүгір,—деп.
Бұл сөзді естіп қыз Қымбат,
Не болғанын білмеді,
Қарасайдай батырды
Жаңағы әйел күндеді.
Зар еңіреп қыз Қымбат,
Қарасайдың ізінен
Даярланды жүргелі.
Ертең сәске болғанда
Ағасын қуып жөнелді.
Бірнеше күн жол жүріп,
Азғана емес мол жүріп,
Қарасайға келеді,
Келе сөйлей береді:
—Мен жүр едім ағам деп,
Бір тайға мені сатқаның,
Ылайық па маған,—деп.
Тоқалдыққа ағеке-ау,
Қосайға қалай барам?!—деп,
Сексендегі Қосайға
Ойладың ба барар,—деп,
Маған алған Қызыл ат,
Адал емес арам,—деп,
Іште кетті-ау арманым,
Тістеулі кетті-ау бармағым.
Кешегі атам барында
Жаратқан, неге алмадың?!
Бүгінгі күні мен сордың
Басына қайғы салғаның!
Қарасай беріп қорлықты,
Мен еңіреп зарладым!
Мен ойламадым сізді бөтен деп.
Қарасай-Қази сау болса,
Мақсатыма жетем,—деп.
Сіз екеуің тұрғанда
Өлген атам Мамайға
Өкінгенім бекер,—деп,
Ойлап тұрмын мен енді
Қайғымен күнім өтер,—деп.
Қызыл атты бермеймін,
Туған деп саған сенбеймін.
Жалғыз туған екенмін,
Жүзіңді енді көрмеймін.
Кететін болсаң, жаяу кет,
Қызыл ат үшін келгенім.
Қосай шалға сатқасын,
Жақын деп саған сенбедім.
Бұл сөзді естіп Қарасай,
Қымбатқа көңілі қалады.
Қызыл аттың үстінен
Сыпырып ерді алады.
Ер тұрманын арқалап,
Қарасай жаяу қалады.
Қызыл атты жетектеп,
Қарындасы қыз Қымбат
Үйіне қайтып барады.
Қараүлектей ананың
Болмады бұдан хабары.